ТІЛ ТАРЛАНДАРЫНАН ТӘБӘРІК АЛЫҢЫЗ!

192021Қазақ елі, мейлі ол өнер, мейлі ол мәдениет, мейлі ол техника саласы болсын, дарынды, білімді азаматтарға кенде емес. Тіл білімі саласында да солай.  Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдері Қ.Жұбанов, Т.Сауранбаев, С.Кеңесбаев, А.Ысқақов, С.Аманжоловтардың ізін жалғастырған тіл мамандары жетерлік. Бүгінде тіл білімі саласында солардың қатарынан ойып тұрып орын алатын тіл тарландары – Рәбиға Сыздықова, Шора Сарыбаев, Әбдуәли Қайдаров есімдерін ерекше атасақ болады. Олар ана тілінің көкжиегін кеңейтуде аянбай еңбек етті, тіл мәртебесін биікке көтерді.

Жақында «Ғылым ордасы» РМК 90-ды тобығынан басқан тіл шайырларына арналған кеш өткізгелі отыр. Осы орайда ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген Ғайникен БИБАТЫРОВА апайға жолығып, көркем кештің мән-маңызы жайында сұхбаттасқан едік.

– Ғайникен апай, қашанда елге қызмет етуден жалық­пай, риясыз көңілмен жүресіз. Соның бір дәлелі болар, жақында тіл тарландары – Р.Сыздықова, Ш.Сарыбаев, Ә.Қайдаров ағаларымыздың кешін өткізуге ұйытқы болып отыр екенсіз… 

– Қазақ тілінің қалыптасуына сүбелі үлес қосып, есімі елге танылған тіл мамандары бізде, шүкір, баршылық. Бүкіл саналы ғұмырларын қазақ тіл білімі ғылымының өркендеп-өсуіне арнаған жандардың қатарынан ойып тұрып орын алатын тіл жанашырлары Рәбиға Сыздықова, Шора Сарыбаев, Әбдуәли Қайдаровтарды ерекше атап өтуге болады. «Жақсының жақсылығын айт…» деген дана халықтың ұрпақтары олармен мақтанады, үлгі тұтады. Сондықтан ана тілінің қадірін, құдыретін ерекше баға­лайтын үш алып қашанда құрмет пен қошеметке лайық. Ұлт мақтанышына айналған құрметті ақсақалдар бүгінде торқалы тоқсан жастың төріне шығып отыр. Міне, сол тіл тарландарына арнап әдемі бір кеш өткізудің сәті түсіп отырған секілді.

– Бұл идея қалай туындады?

– Шаһар тұрғындары үшін рухани өмірдің орталығы саналған Ғалымдар үйі жабылып қалғаннан кейін, Ғылым ордасы деген ұйым құрылды. Мен осында ғылыми кеңесші болып қызмет атқарамын. Бірақ, бұл ұйым көбінесе шаруашылық жұмыстарымен айналысады. Өз басым, қол қусырып қарап отырғанды құптамаймын. Содан болар, елдің ықыласы мен рухын көтеру мақса­тында көп ойлана келе «Ғылым сардарлары» деген клуб аштым. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ғой. Клубтың шымылдығын ашуды бақилық болып кеткен академия президенттерінің еске алу кешінен бастадым. Қаныш Сәтбаев, Дінмұхамед Қонаев, Шапық Шокин, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Асқар Қонаев… қатарынан алты кеш өткіздім. Осылайша бұл киелі шаңырақта түрлі мәдени кештер толассыз өтіп жатты.  Ғалымдар үйінің құрметті қонағы болмаған жан Алматыда некен-саяқ. Клубтың мақсаты – Ал­матының зиялы қауым өкіл­дерімен кездесулер, ақындарға арнап әдеби кештер, жас таланттардың концерттерін өткізіп, өнерлерін халыққа насихаттау еді. Үш тұлғаның да жасы – 90-да. Кеш өткізуді өткен жылы ойлап, «Біз – 270-теміз» деп жоспарға ендіріп қойған едім. Олар бір күнде тумаса да, «тіл – халықтың жаны» екенін түсінген замандастар, тіпті құрдастар десем де болар. Сондықтан да сұлу тілімен, шешен сөзімен кісіні нұрландыратын тіл жанашырларына арнап замандастары мен әріптестерінің, шәкірттерінің басын қосып, бір рухани ләззат алатын кеш өткізуді ойластырдық.

– Аға-апаларымыздың өмір белестері әрқилы болғанымен, шығармашылық ғұмырбаяндары ұқсас…

– Үшеуінің де проблемасы тіл. Үш тұлға да қазақ әдеби тілінің тарихы мен дамуы мәселелері жөнінде көпте­ген ғылыми еңбектер мен оқу құралдарын жазған тіл тарландары. Демек, үш мерейтой иесі де «тілдің майын тамызып, балын ағызғандар» деуге толық негіз бар. Даралап айтар болсам, ана тілінің анасы атанған Рәбиға Ғалиқызы – сөз тарихына, сөз әсемдігіне, сөз сазына, әуеніне, қолданылу мәдениетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған ірі ғалым. Шора Шамғалиұлы – қазақ тіл білімінің тарихын зерттеп, «Қазақ тіл білімі әдебиетінің библиографиялық көрсеткіші» кітабының жеті томдығын жасаған сара сөздің сардары. Ғалымның қазынаға бергісіз жеке кітапханасында алуан тақырыпта жеке-жеке мұражай ашуға болатындай үлкен архив бар. Ал Әбдуәли Туғанбайұлы – қазақ және ұйғыр тіл білімдерінің көрнекті маманы, ғылым жолында, жалпы, түркология әлеміне әйгілі тіл мамандарының бірі ретінде танылған дарабоз. Оның сонау аласапыран жылдары қазақ тілінің қыл үстінде тұрып, орыс тілінің үстемдік құрған заманында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамын құрып,  «Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі болуы керек» деп ешкімнен қаймықпаған қайсарлығын дүйім жұрт жақсы білсе керек. Сондықтан өзі де, сөзі де көркем жандардың еңбектері ауыз толтырып айтуға тұрарлық.

– Білуімізше, олар бірге қызмет атқарған ғой.

– Иә. Үш ардагер де Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, үшеуі де А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері болып қызмет атқарған. Жас маман болып жұмысқа қабылданғаннан бүгінгі академик болуларына дейінгі кезеңдерде табан аудармай бір жерде қызмет еткен. Олар мемлекеттік тілді дамыту жолындағы тың ізденістер мен тіл білімінің қалыптасуына көп еңбек сіңірді. Шыны керек, олардың еңбектері жайлы тоқтамай айта беруге бармыз. Ұлт мақтаныштары жайлы барлық ақпарат құралдары жазып та, айтып та жатыр. Оны біз елге қызмет еткен тұлғаларға көрсеткен әріптестерінің, замандастарының һәм қалың көпшіліктің ерекше құрметі деп білеміз.

 – Яғни, топтап кеш өткізудегі мақсаттарыңыз…

– Ақсақалдарды құрметтеу – жас ұрпаққа өнеге. Әдемі қартайып, абыз ақсақал атану да тағдырдың сыйы деп айтар едім. Сондықтан өнегелі өмірі бар ақса­қалдардың басын қосып, тіл алыптарының осы күнге дейінгі жеткен жетістіктерін жастарға насихаттауды парызымыз деп түсіндік. Егер мерейтой иелері жастарға ғылым дегеннің не екенін, жетістікке қалай жеткені жайлы қызықты естеліктер айтса, одан жастардың саналарында мағыналы әңгіме қалса, бір-екі сөзден кішкентай да болса дән алса, біздің мақсатымыздың орындалғаны. «Қарты бардың – қазынасы бар» деген. Демек, кеуделері шежіреге бай тіл дарабоздарының әңгімесінен түйер тағылым көп. Сол себепті де осындай рухани ләззат сыйлап, тамаша тілектер айтылатын көркем кештің маңызы зор.

– Игі шара кімдердің қатысуымен өтпек?

– Бұл кісілер – ертеңгі тарих. Тіл тарландарының дәрісін тыңдамаған журналист те, филолог та жоқ болар, бәлкім. Кешке зиялы қауым өкілдері, тіл мамандары, жас мұғалімдер, жас ғалымдар, ардагер-ұстаздардың шапа­ғатын көріп, тіл тізгінін ұстап жүрген шәкірттері қатысса деп отырмыз. Кеш барысында құрметті қонақтарға арнап ҚР халық әртістері Т.Жаманқұлов, А.Қоразбаев, ҚР мәдениет қайраткерлері А.Исатаева, Т.Қожанов, Халықаралық және республикалық жарыс жүлдегерлері  Абылай Тілепбергенов, Ержан Жаман­кеевтер ән шырқап, ұйғыр би ансамблі дөңгелене би билейді, қазақтың қоңыр күйі тартылады деп күтілуде.

– Ғайникен апа, қазақ ғылымының тарландары, тіл жанашырлары, елінің қадірлі де парасатты ақсақал­дарына арналған кештің сәтті өтуіне тілектеспіз. Қасиетті қариялардың тағлымды әңгімесін тыңдауға біз де асықпыз!

Сұхбаттасқан –

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ.

Құлақтандыру!

«Ғылым ордасы» РМК ұйымдастыр­уымен 4 ақпанда туған тіліміздің үш алыбы – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академиктері: Рәбиға Сыздықова, Шора Сарыбаев, Әбдуәли Қайдаровтың 90 жылдығына арналған мерекелік мәжіліс өтеді.

Кешке ҚР Халық әртістері,  ҚР Мем­лекеттік сыйлығының лауреаттары – Тұңғышбай Жаманқұлов,  Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәлел Уәш, ҚР Мәдениет қайраткерлері – Ардақ Исатаева, Тілеубек Қожанов, «Рухсара» ұйғыр би тобы, Ха­лықаралық және республикалық сайыстар­дың жүлдегерлері – Абылай Тілепбергенов, Ержан Жаманкеевтер және т.б. қатысады.

Мекен-жайы: Құрманғазы көшесі, 29-үй. «Ғылым ордасы» РМК-ның концерт залы, 2-қабат. 

Келем деушілерге есік ашық. 

Басталуы: сағат 11.00.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *