ТІЛ МЕҢГЕРУ ТӘЛІМДЕРІ

«тіл біліміне кіріспе» оқулығы туралы

«Гуманитарлық білім­нің барлық бағыт­тары бойынша әлем­дегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дү­ние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде бі­лім алуға мүмкіндік жа­саймыз». Елбасы Н.На­зарбаевтың осы сөзін іске асыру үшін құ­рыл­ған Ұлттық ау­дар­ма бю­росы алғаш­қы 18 кітапты жарыққа шыға­рып, еліміздің жо­ғары оқу орындарына, кітап­ха­наларға таратып та үл­герді.

Осы 18 оқулықтың бірі – «Тіл білі­міне кіріспе». Авторлары – Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамс. Авторлар туралы аз-кем айтып өтсек, Виктория Фромкин Калифорния университетінде 1963 жылы лингвистика магистрі атанса, 1965 жылы PhD дәре­жесін иемденген. 1966 жылдан бастап 2000 жылға дейін (қайтыс болғанға дейін) Калифорния университетінде тіл білімі бойынша қызмет еткен. Фоне­тика, фонологиядан бастап, африка тілдері, адамның сөйлеу барысында жіберетін қателіктері, афазияға шал­дыққан науқастардың тіліндегі ерекше­ліктер туралы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Кітаптары, монографиялары мен мақалаларының жалпы саны жүзден асады. Фромкиннің о бастағы оқыған мамандығы – экономика саласы. Оқулық авторларының бірі Роберт Родманның да алғашқы мамандығы – математик. Бірақ лингвистика магистрі және PhD дәрежесін алған. Негізінен соттық лингвистиканы зерттеген және компьютерде сөйлеуді өңдеу бағытында еңбек етеді. Нина Хайамс та 1981 жылдан бері лингвистика саласында жүрген ғалым. Негізгі зерттеу бағыты – син­таксис және балалар тілінің дамуы.

Африкада жаңа туған сәбиді бірден адам қатарына қоспайды екен. Тілі шық­қанға дейін оған зат деп қарайтын көрі­неді. Кітапта осындай дерек келтіріледі. Алғашқы тарауда лингвистика білімі, оның қолданыс аясы, грамматика, грамматиканың түрлері, соның ішінде әмбебап грамматика туралы айтылады. Сонымен бірге, саңыраулар қолданатын ым тілі мен құстардың және жан-жануарлардың тілі туралы сөз болады.

Адамзат баласының тілі граммати­каға бағынады. Дегенмен, жан-жануар­лар, жәндіктер мен құстардың да өз арасында коммуникация бар. Мәселен, шаяндар қырықтан астам іс-қимыл мен қозғалыс жасау арқылы бір-біріне белгі береді. Ол қимылдардың уақыты мен көрсетілуі ешқашан өзгермейді екен, яғни олардың арасында қалыптасқан ереже бар деген сөз. Құстар да белгілі бір ақпаратты жеткізу мақсатында түрлі дыбыс шығарады. Мұндай комму­никация араларда да кездеседі. Тіпті, құстардың арасында диалектілер де болатын көрінеді. Авторлар мұның бар­лығын мейлінше қызықты етіп сурет­тейді. Суреттеп қана қоймай, жан-жануарларға адам тілін үйрету бағы­тындағы ғылыми эксперименттердің нәтижесіне де тоқталады.

Екінші тарау – Морфология. Көнер­ген сөздер барлық тілде кездеседі. Сол секілді, заман ыңғайына орай туындай­тын жаңа сөздер де әр тілде бар. Бұл тарауда ағылшын тіліндегі сөздердің құрылымы туралы сөз болады. Негізгі және қосымша морфемаларға тоқтала­ды. Ағылшын тілін үйренуші студент­тер, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен грамматиканы зерттеушілер үшін бұл үлкен көмекші құрал деуге болады.

Басқа тілдермен салыстырғанда, ағылшын тілінде қосымша морфема­лардың аясы тар екен. Мәселен, Шығыс Африкада көп қолданылатын суахили тілінде етістікке бірнеше морфема жал­ғауға болатын көрінеді. Роман тілде­рінде де сөйлемдегі бастауышқа байла­нысты етістіктің жалғаулары өзгеріп отырады екен. Кітапта мұндай салыс­тырмалы талдаулар өте көп кездеседі. Сонымен бірге, ережеге бағынбайтын сөздер мен тіркестер туралы жақсы сипаттама берілген. Біріккен сөздер ағылшын тілінде де өте көп кездеседі. Алайда, ондай сөздердің мағынасы әрдайым құрамындағы сөздердің мағы­насының қосындысы бола бермейді. Мысал ретінде blackboard (тақта) сөзін келтіреді, алайда тақта әрдайым қара бола бермейді. Керісінше, көбінісе ол жасыл немесе ақ түсті болуы мүмкін. Біріккен сөздердегі сөздердің мағынасы арасындағы байланыстың әлсіздігіне өзге де мысалдар келтіреді. Мысалы, peanut oіl (жержаңғақ майы) және olіve oіl (зәйтүн майы) бір нәрседен өнді­рілген майлар болса, baby oіl – сәби­лерге арналған май. Сол сияқты, «horse meat» – жылқының еті болса, «dog meat» – итке арналған ет. Тарау соңын­да берілген жаттығулар оқыған дүниені пысықтауға көмектеседі. Қосымша оқуға арналған әдебиеттер де әр тараудың соңында берілген.

Синтаксис тарауында тілдегі сөйлем үлгілері нақты сызбалармен көрсетіл­ген. Фонетика, Фонология тарауларында да салыстырмалы талдаулар көптеп келтіріледі. Ал Тілдің мағынасы туралы сөз болғанда, ағылшын тіліндегі мета­форалар мен идиомалар басқа тілдердегі сөздермен салыстыра беріледі.

«Тіл және қоғам» деп аталатын тарау тартымдылығымен ерекшеленеді. Ағылшын тілін білетін, екі түрлі құрлық­та тірлік кешіп жатқан адамдар бір-бірімен хат алмасса, еркін түсініседі. Ал егер көзбе-көз сөйлессе, бір-бірін ұзаққа дейін түсіне алмауы мүмкін. Ағылшын тілі 450 миллионнан 850 миллионға дейінгі идиодиалектіден тұрады екен. Яғни әр адамның сөйлеу мәнері оның жасына, жынысына, тілді үйрену кезіндегі әлеуметтік ортаға байланысты әр түрлі болып келеді. Бұл тарауда өңірлік диалектілер, акцент туралы да жан-жақты баяндалады. Сонымен бірге, тыйым салынған тілдер, лингва франкалар, креол және пиджин тілдері туралы қызықты мәліметтер мен деректер, талдау нәтижелері берілген. Екінші тілді үйренудің әдістемесіне де кеңінен тоқталған. Қоғамдағы тіл тура­лы болғаннан кейін бұл тарауда слэнг­терге, жаргон, табу сөздерге де орын берілген.

Тілдік өзгерістер туралы тарауда кірме сөздер, жаңа және көнерген сөздер, біріккен және қысқарған сөздер туралы кеңінен айтылады. Өлі тілдер мен жойылып бара жатқан тілдердің тағдыры туралы сөз болады. «Тілде фоно­логиялық, морфологиялық, син­так­систік, лексикалық және семанти­калық өзгерістер болады. Сөздер, мор­фемалар, фонемалар және ережелердің өзгеруі, қосылуы немесе алып таста­лынуы мүмкін. Сөздердің мағынасы кеңеюі, тарылуы немесе ауысуы мүм­кін. Сөздік қор кірме сөздер арқылы баюы мүмкін. Бұл тілдік байланыс жағдайында жиі кездеседі және сөздің жасалуы, бірігуі, күрделі сөздердің жасалуы, акронимдер мен басқа да сөз жасалу жолдары арқылы іске асады», – деген қорытынды жасалады.

Тілді меңгеру туралы сөз болғанда авторлар балалардың лингвистикалық қабілетіне ерекше тоқталған. Сәби дүние­ге келгенде ешқандай тілді білмейді. Шамамен алты айлық кезінде былдырлай бастайды. Осы былдырлау кезінде нәресте ата-анасының тілінде кездеспейтін дыбыстарды да айтуы мүмкін. Ал жасқа толуға жақындағанда бала дыбыстар мен дыбыс комбина­цияларын қоса алады. Сонымен бірге, құлағы еститін балалар мен құлағының мүкісі бар балалардың былдырлауы әр түрлі болады екен. Бұл тарауда, соны­мен бірге, байырғы тілдерді меңгеру, билингвизм туралы да жақсы түсінік­теме берілген.

Тілдің өңделімі мен адам миы туралы тарау да қызықты мәліметтерге толы. Соның ішінде Афазия сырқатына шал­дыққандар мен эпилепсиямен ауыратын науқастардың тілін зерттеу нәтижесі назар аудартады. Оқулықта қамтылған Компьютерлік лингвистика – бүгінгі заманның тақырыбы. Жазу, яғни тілдегі әліпби туралы да қызықты мәліметтер берілген.

Бұл оқулық филолог мамандарға, ағылшын тілін үйренушілерге, жалпы тілді зерттеушілерге таптырмас құрал десек, қателеспейміз. Онда тек ағылшын тілі туралы сөз болмайды, сонымен бірге тілдік топтар, олардың ерекшелігі тегіс қамтылады. Тіпті, азғантай адам сөйлейтін, жойылып бара жатқан тілдер туралы да мәліметтер бар. Тіл уақыт ағымымен өзгеріп отырады, соған орай тіл білімінің алдына да жаңа міндеттер қойылады. Жаңа сөздер енеді, байырғы сөздер жойылады. Ақпараттық техно­ло­гияның дамуымен бірге тіл де өзге­ріске ұшырайды. «Тіл біліміне кіріспе» кітабында осының барлығы қамтылған.

 

Жұлдыз ӘБДІЛДА.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *