«Тиіннің тіршілігі қала тұрғындарының тұрмысымен үндеседі» дейді мүсінші

Айкерім РАЙЫСҚЫЗЫ

Шаһарда сабан мен қамыстан жасалған 13 метрлік нышан бой көтерді. Ұлыбритандық суретші Алекс Ринслердің арнайы Алматы үшін ойлап тапқан арт-жобасы биіктігі 4 қабатты үймен сәйкес ке­летін алып тиін келбетінде болды. Мүсін «Атакент» орталы­ғының ал­дына орнатылды. Жоба авторының ойынша, алып тиін қаланың танымал ныса­нына айналатын болады.

Мұның бәрі үстіміздегі жылдың қаңтар айынан басталған көрінеді. «Funk» жасам­паз агенттігі жабық байқау ұйымдастырып, соның аясында қаланы, қоршаған ортаны безендіруге байланысты 11 арт-жұмыс таңдап алынған екен. Сол жобалар қалалық әкімдікке ұсынылыпты.

– Қалалық әкімдік қала кескінін түр­лен­діруге қаражат бөліп келеді. Биыл қаланың жасампаз қауымдастығы соған қатыса алғанымызға қуаныштымыз. Бұл ретте «Funk» агенттігі медиатор ретінде қатысады, – деді жобаның жетекшісі Алеся Нугаева. Сондай-ақ, ол қаланы безендіру үшін ұсынған ойларының әкімдік тара­пынан қолдау тапқанына қуанышты екенін жасырмады.

Алекс Ринслер Ұлыбританиядан келген суретші әрі мүсінші бұған дейін әлем қалаларында өтетін қалалық байқауларға продюсер әрі ұйымдастырушы есебінде қатысып жүрген. Оны Алматыға «Funk» агенттігі шақырыпты. «Алматы – жылы қала» жобасының идеясымен танысқан Алекс оған өз үлесін қосуға бел буады. Сөйтіп, өз жанынан қала өмірінің символы ретінде 13 метрлік тиіннің мүсінін жасауды ұсыныпты. Мүсіншінің дәл сол тиін мүсінін таңдап алуының өзіндік себебі бар. Жұртшылықтың Алматы қаласын алмамен егіз санайтынын білетін ол қала көшелеріндегі ағаштарда секіріп жүретін тиінді де қала тұрғын­дарының көршісі ретінде көретінін алға тартып, оның алма секілді алматылық­тардың ажырамас бөлігі екенін айтты. «Тиін де қала тұрғындары секілді олардың басынан өткізетін барлық қиындықтарын бастан кешеді, көреді. Сондықтан ол өзге жануарларға қарағанда, қала тұрғындарының өмірімен жақсы үндеседі», – дейді автор.

Ал мүсінді орнататын жерді таңдауға келгенде, мүсінші өте мұқият болғанын тілге тиек етті. Өйткені, мүсіннің орна­ласқан жері оның табиғатымен үндесіп, көрген адамға бірден Алматыны елестетуі керек болыпты. Сондықтан мүсінді артқы жағына тау жайғасқан «Атакент» орта­лығының күмбезінің алдына орнатуды жөн санаған. Оның өзі маман­дардан құралған комиссия мүшелерінің алдынан өтіп барып, таңдалып алынған екен.

Суретшінің сөзіне сүйенсек, 13 метр тиінді жасауға 3,5 тонна сабан кетіпті. Жануардың құйрығы қамыстан жасалған, ұзындығы – 15 метр. Қаңқасы металдан құйылған. Тиіннің жалпы салмағы 10–12 тоннаны құрайды. Осы ретте суретші мүсіннің табиғи материалдардан жасал­ғанын, онда келешекте құстардың ұя салып, мекендей алатынын алға тартады. Кейін мүсін табиғи құбылыстардың әсерінен өзгеруі мүмкін көрінеді. Ол аздап босаңсып, түсін өзгертуі ықтимал. «Мүсін тірі, ол бізбен бірге өмір сүріп, бізбен бірге өзгеріп отырады. Мен оның қандай қалада өмір сүретінін және оның оған не істей алатынын көрсеткім келеді», – дейді мүсінші «Forbes.kz» сайтына берген сұхбатында.

Тиін мүсінін үлкен шығармашылық топтың жұмысының жемісі деп білген абзал. Өйткені, онда 25 құрылыс жұмыс­шылары мен 50-ден астам әр түрлі маман жұмыс істеген.

Тиіннің қауіпсізідігі де жұмыс бары­сында ескерусіз қалмапты. Мұнда өрт орын алған жағдайда іске қосылатын дабыл тетігі орнатылған. Бұл уақытша құрылғы уақыт өте алмасып тұратын болады. 9 ай өткеннен кейін қалалық әкімдік тұрғын­дардың ойы мен табиғаттың мінезіне қарай ары қарай не істейтінін шешеді. Айта кетейік, Қазақстан Алекс жұмыс жасағалы отырған Орталық Азиядағы бірінші ел. Өзінің 15 жылдық жұмыс тәжірибесінде ол Қытай, АҚШ, Австралия, Финляндия, Аргентина, Оңтүстік Африка секілді елдерде жұмыс жасаған. Оның ең танымал шығарма­шылығының бірі Шанхай қаласында орналасқан түлкінің мүсіні.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *