Тиімді әрі өміршең

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің латын графикасына негіз­делген, апострофты акутқа (әріптің төбесіндегі белгі тіл ғылымында «акут» делінеді) ауыстырған әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Апостроф қолдан­ғанда екі таңбамен бір әріпті белгілеп, жазылған, басылған сөздердің ұзарып қана қоймай, тілім-тілім болып бөлініп қалатындығын көргенде «латынға көшетін болдық!» деп алақайлаған қуанышымыздың бірте-бірте көңіл құлазытарлық кедергілерге тап болғанын ешкім жасыра алмады.  Ол туралы әлеуметтік желілерде де, өзара басқосуларда да көп айтылып жүр­генін бәріміз естідік. Тіліміздің дыбысталу ерекшелігіне сай тым көбейіп кететін үтірлерге қарап, қуақылау әріптестер түрлі теңеулер тапты. Сөйтіп, «әттеген-ай» деп қысылып жүрген көпшілік бүгін  еркін тыныстап,  бір «уһ!» дегендей болды.

Алдыңғы нұсқа бойынша 9 әріпті бір теріп, қасына үстіңгі үтірді (апострофты) бір теріп, біртұтас сөзді жұлым-жұлым еткенше 6 акутты (ноқатты) әріпті және де жаһандық тіл – ағылшыннан үйрен­шікті болып кеткен «ш», «ч» әріптерінің  қосақ таңбасын пайдалану әлдеқайда тиімді әрі эстетикалық тұрғыдан алғанда тартымды шықты. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың пікірінде айтылғандай, әліп­бидегі апостроф арнайы белгі ретінде барлығын бөліп тұрып, интернеттегі іздеу мен қаржы қызметінде қиындық­тар тудыратындығы өз алдына маңыз­ды, әрине. Бірақ «қарағанда көз тоятын­дай» болу да әліпбиге қажет деп ойлаймын. Әріптердің екеуін есепте­мегенде қалған 30-на бір дыбыс, бір таңба келіп тұрған соңғы нұсқа  көпшілік пікірінің ескеріл­ген­дігінің айқын көрінісі ретінде де халық­қа жағымды жаңалық шығар деп ойлаймын.

Ендігі жерде мәселе сөзден іске тезірек көшіп, жаңа әліпби нұсқа­сының тиімді өміршеңдігін дәлелдей­тін­дей бағдарлама­лар жасап, оны көпшілікке түсіндіре отырып тарату қажет. Жалпы, жұрт болып талқы­лаған әліпби нұсқасы болашақтың әсем де қолайлы тілтаңбасына айна­лып, көптің керегіне жарайтын болсын.

 

Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА,

профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close