«Тhe planet of art» фестивалі өтеді

2018 жылы ЮНЕСКО аясында  «The Planet of ART» атты халықаралық балалар шығармашылығының фестивалі жас суретшілерге өз есігін айқара ашады. Бұрынғыдан да қызықты оқиғалар мен шеберлік сабақтарға толы жобаның жаңа циклі Елордамыз Астананың 20 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді. Биылғы фестивальға Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 20-дан астам елдің бейнелеу, қолданбалы және басқа да өнер түрлерінің 10 000-ға жуық жас шеберлері қатысады.

Қазақстан аумағында жарыс ағымдағы жылдың 1 ақпанынан 20 сәуіріне дейін өтеді. Байқауға  3–17 жас аралығындағы бүл­діршіндер мен жеткіншектердің жұмыстары қабылданады. Талап бойынша олардың орындалу техникалары әр түрлі. Мәселен,  «Астана – бейбітшілік қаласы» тақырыбында  графика мен декоративті — қолданбалы қолөнерден бастап, көркем  суретке түсіру мен 3D модельдеуге дейін түрлі әдістерді қолдануға болады.  Байқауға қатысуға ниет білдірушілер  www.unesco­clubs.kz сайтында оның  шарттарымен толық танысып, онлайн өтінімді толтыра алады.

1999 жылы ЮНЕСКО шешімі бойын­ша Астана «Бейбітшілік қаласы» атағына ие болды.

Байқаудың қорытындысы бойынша әрбір қатысушы мемлекеттен 5 адам, Қазақ­станның әр облысынан және респуб­ликалық маңызы бар Алматы мен Астана қалаларынан 5 адам жеңімпаз атанады.

Әр аймақтың жеңімпаздары маусым айында Астанада өтетін  жобаның фина­лына шақырылады, онда оларға белсенді­лікті талап ететін білім беру және мәдени бағдарлама таныстырылады. Бірнеше күн бойы олар заманауи шығармашылық  білім алып, бейбітшілік  пен халықаралық ынты­мақтастық  ортада өмір сүретін болады. Балалар Қазақстан елордасының мерей­тойын тойлау кезінде өз елінің жас елшілеріне айналады.

Сонымен қатар, фестиваль аясында конкурстың жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтеді және «The Planet of ART» альбомдық сериясы бойынша жарық көре­тін  «Астана – бейбітшілік қаласы» тақы­рыбындағы  кітап  көпшілікке танысты­рылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, әлеуметтік мақсатта жүзеге асырылатын конкурсқа қатысу тегін. Астана қала­сында 150 жеңімпаздың финалға келуі де толығымен байқау серіктестерінің есебінен төленетін болады.

Айта кетерлік жәйт, «Әлем балалары бейнелейді» халықаралық фестивалі 1999 жылы ЮНЕСКО Бас директорының ұсынысымен қолға алынды. Осы жоба бойынша шығарылған  қазақстандық алғашқы альбом Елбасының алғысөзімен ашылған  болатын.

Қазақстан аймағында он жылдан астам уақыт жалғасын тауып келе  жатқан  жарыс 2010 жылы «Балалар Әлемді бейне­лейді. Орталық Азия» атауымен өзінің географиялық ауқымын ұлғайтып, көрші­лес елдердің балаларына да  өз ойларын өнер арқылы бейнелеуге мүмкіндік берді. Соның арқасында іс-шара ЮНЕСКО-ның Орталық Азиядағы тұрақты бағдарлама­ларының  қатарына енгізілді. Нәтижесінде жоба 2012 жылы Нью-Йорк қаласындағы БҰҰ штаб-пәтерінде таныстырылды.

2016 жылы бұл бағдарлама Азия-Тынық мұхиты деңгейіне көтеріліп, «Бала­лар Әлемді бейнелейді. Азия» жобасы өз өрісін кеңейтті. Бұл қадамның нәтижесінде Бангладеш, Вьетнам, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Непал, Ресей, Тәжікстан, Тайланд, Түркі­менстан, Өзбекстан, Жапония және басқа да елдердің дарынды жастары жобаға қатыса алатын болды. Фестиваль Алматы қаласының 1000 жылдығына арналып, аталмыш жылы алмалар қаласының мерейтойын тойлау аясында Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде көпшіліктің назарына тағы да ұсынылды.

Дарынды балалар мен жастардың санын  көбірек қамту үшін 2018 жылы жоба «Балалар Әлем ырғағында» атты Қазақ­станның шығармашыл жастарының фести­валімен біріктіріліп, «The Planet of Art» жаңа атауымен дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты.

«The Planet of Art» халықаралық фести­валін Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Қорымен біріге отырып, қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО Клубтарының Федерациясы ұйымдасты­рады. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт, Білім беру және ғылым министрліктерінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстан Республика­сының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық Комиссиясының, Алма­тыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының, Астана қаласы әкімдігінің және бірқатар ірі компаниялардың қолдауымен іске асып отыр.

 

«Ақшам-ақпарат».

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *