Теріс діни ағымдар — ел болашағына төнген қауіп

Елбасымыз: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғырудың тура жолына түсіп, сананы өзгертпесек, жетіс­тіктерге жете алмайтынымызды атап өтті. Ұлттық дәстүрімізді сақтап, жылтыраған жалған сенімдерге бой алдырмай даму келер ұрпақ үшін орасан зор мұра екендігін айқын көрсетті. Егер жаңғыру елдің ұлттық, рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайтыны анық. Жастар жүрегі  патриоттық сезімге толы болмаса, туған жеріне деген құрмет, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімі қалып­таспаса, ұлттық рухани болмысын сақтай алмаса ел болашағына қауіп төнеді.

 Еліміздің тарихын, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын бойына сіңірген ислам дінінің өзіндік даму жолы бар. Бұл дәстүрлер  қазақ халқының ұлттық бір­тұтас­тығының белгісі болып табылады. Бүгінгі қоғам жастары  өздерінің мәде­ниетін, тілін, дәстүрін сақтау керек. Бұл дегеніміз – рухани негізді игерудегі бүгінгі жаһандану заманында мәдениеттің құлдырауынан сақтайтын, сан түрлі сипаттағы деструк­тивті ағымдарға қарсы тұруды қалып­тастыратын қорған.

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұсынып отырған «Қазақ­стан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сында жат діни идеологияның таралу жолдарын шектеу мәселе­лері қамтылған. Осы орайда, бұл заң жобасы қоғамымыздағы діни тұрақты­лықты сақтауға ықпалын тигізеді деп есептеуге болады.

Елбасымыз Н.Назарбаев: «Біз ата-бабаларымыздан қалған дәстүрлі Ислам дінін, оның ішінде Ханафи мазһабын ұстанушы халықпыз. Өзіміздің тіліміз, дініміз, мәдениетіміз, ұлттық құндылық­тарымызбен әдет-ғұрпымыз бар халықпыз», — деп айтқан болатын.

Жастардың теріс пиғылдағы жат діни ағымдардың жетегінде кетуі  — бүгінгі қоғамымыздағы басты дерттердің бірі. Оның басты себебі: дәстүрлі діні, мәдениеті, тарихы және салт-дәстүрлері жайлы жеткілікті білімдерінің болмауы. Харизматикалық қасиеттерге ие теріс діни ағым насихаттаушысы діннен аз хабардар адамды оңай таниды және оны өз қарамағына тартып алады. Сол себепті, дін мәселесінде сұрақ туындаған кезде жауап­ты ең әуелі Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының ресми сайттарынан анықтауға болатындығын атап өткен жөн.

Теріс діни ағым өкілдері  қазақ халқы­мен жасасып келе жатқан мерекелерге, зайырлы іс-шаралар мен өзге діндердің мерекелеріне төзімсіздік танытады. Тіпті, тамыры тереңнен бастау алған Наурыз мейрамын да тойлауды дұрыс көрмейді. Сонымен қатар, жат ағым өкілдері ислам дінін ұстанатын елдерде кеңінен аталып өтетін Мұхаммед пайғамбардың туған күні —  Мәуліт мейрамын атап өтуге де қарсы екені белгілі.

Қатаңдыққа бейім теріс ағым өкілдері «қанша ғасырдан бергі барлық мұсыл­ман­дар қателесіп келді» дейді және өздерінің діни көзқарастарымен келіс­пейтін ғалым­дарды адасқандар санатына жатқызады.

Ислам дінін «жаңашыл­дықтардан тазартуға» ұмтылғыш  теріс ағымдар өздерін «таза дінді қалпына келтіру­шілерміз» деп атайды. Алайда, олар Құран мен хадистерді ғалымдардың түсінігімен емес, тіке және тар мағынасында қабыл­дайды. Олар өз түсініктерінде діннен басқаның бәрін теріске шығарады. Бұл ағымдар идео­логиясы қазақ қоғамының рухани құндылықтары мен дәстүріне қарсы тұр.

Жоғарыда аталған заң жобасында неке қиюға қатысты діни жоралар мен рәсімдерді ресми АХАТ органдарының тіркеуінен өтпей тұрып, мешіт ғимара­тынан  тыс жерлерде жүргізуге шектеу қойылған. Бұл шектеу қоғам ішінде теріс діни ағымның арбауына түскен жас қыздардың  құқықтарын қорғау мақ­сатында енгізілуде. Себебі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мәлі­метіне сүйенсек, соңғы 10 жылда  кәме­летке толмаған 15-18 жас аралығындағы жастар арасында 30 мыңнан астам неке қию фактілері орын алған деген деректер бар. Аталған заңды күші жоқ некелер сөзсіз мешіттерде  қиылмағандықтары айдан анық. Заңсыз некеден зардап шеккендер өз баласына заңға сәйкес өтемақы алу мүмкіндігінен айырылады және ана мен бала құқығы тапталады.

Жат діни ағым идеологиясының таралуына тосқауыл қою мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде алдын-алу және оңалту шаралары өткізілуде. Атап айтсақ, Алмалы ауданында 2017 жылы жастар арасында діни экстре­мизм мен терроризмнің алдын алу мақса­тында ақпараттық-түсіндіру тобы мүшеле­рінің қатысуларымен 100 ден аса кездесу­лер, семинарлар және лекциялар ұйымдас­тырылды. Кездесулер барысында жастарға теріс діни ағымдардың зияндығы жайлы түсіндіріліп, Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының тапсыр­масымен дайындалған бейнероликтер көрсетілді.

Зайырлы қоғамда өскен ұрпақ теріс діни сенімдердің торына байланбай, әр нәрсеге сыншыл санамен қарайтын, жан-жақты білім алуға ұмтылған және де өзге дін өкілдеріне құрметпен қарайтын азамат болып өсуі тиіс.

Сол себепті, бұл қауіптің алдын-алып, теріс діни ағымдармен күресу қоғам алдындағы негізі міндет болып табылады.

 

Айнұр Бекжанова,

Алмалы ауданы әкімінің орынбасары.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *