«ТЕРІСҚАҚПАЙ» ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

Кезінде сахнаның сәні болған, сатира жанрында ерекше ізі, айқын бағыты бар «Терісқақпай» театрының қойылымдарын асыға күтіп, іздеп, сұрап жүріп баратынбыз. Асқар Наймантаев бастап, Ұлан Нүсіпәлі, Қадырғали Көбентай, Дархан Дайырбек сынды тапқыр әзіл-қалжыңы үнемі ел аузында жүретін майталман актерларды елге танытқан құтты шаңырақ осы «Терісқақпай» еді.

Оншақты жыл көрермен көңілін хош еткен театр 2010 жылдардан бастап көзге түспей кеткен еді. Өмір ағысы ұжым мүшелерін әр салаға: бірін – басшы, бірін – жетекші, енді бірін режиссер етіп, ағызып әкетсе керек. Театр тізгінін ұстап қалған Асқар Наймантаев жуырда оны қайта жандандырып, жастармен толықтырып, ел алдына шығара бастады. Өткен күзден бері бұл театр Жезқазған, Сәтбаев қалаларында, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыс­тарында өнер көрсетіп, Алматының төрінде Қадырғали Көбентайдың кешіне де атсалысып үлгерді.

Жуырда «Айтқыштар Ақтөбеде» республикалық фестиваліне қаты­сып, «Терісқақпай» театры «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленсе, осы театрдың жас актрисасы Арай­лым Берікқызы қазылар алқасының «Үздік әйел рөлі» номинациясын иеленіп, бір фестивальде «Терісқақ­пай» қоржынына екі бірдей жүлде байланыпты.

– Өзім осы фестивальде қазылар алқасының төрағасы болып отырдым, –дейді театр режиссері Асқар Наймантаев. – Өз театрыңа «мына жүлде лайықты» деп айта алмайсың ғой. Оның үстіне фестивальге қатыс­қан «Екі езу», «Ара-Атырау», «Шапа­лақ» сынды театрлар, Дархан Дайыр­бек, Асқар Көмекбаев сынды актер­лар, Мұхтар Шерім сияқты қырағы сатириктер қатысып, қызықты ойын, тартымды тақырыптар елді қыран-топан күлкіге бөлеп жатқанда, өз теа­трың үшін жаның күйсе де, адал шешім керек. «Үздік театр», «Үздік қойы­лым», «Үздік автор» сияқты бас жүлделер де бар. Шешім қабылдауға келгенде қазылар алқасы бар театр­дың сынын, сипатын менен естігісі келді. Ойымды ортаға салып, өз театрым жайлы үндемедім. Негізгі жүлделерге өзге театрларды лайықты деп, кәсіби тұрғыдан талдап бердім. Өз театрым жайлы ештеңе айтпай, қысы­лып отырғанымды сезген алқа мүшелері: «Кәсіби деңгейден қарасақ, сіздің жас актерларыңыз өзгелерден көш ілгері, мазмұн, тақырыбын былай қойғанда сахнада жүріп-тұруы да, пластикасы да ерекше екенін көрсетті. Актерлік шеберліктің басқадан көрмеген артықшылығын, оқыған, тоқы­ған актердың қалай екенін танытты», – деп, жоғары баға берді. Ақыры «Көрермен көзаймы» жүлдесіне тоқтады. Ал актрисамыз Арайлым Берікқызы жайлы тіпті пікірталас та болған жоқ. Арайлымның сахнадағы ерекше сымбаты, еркін қимылы, актерлік шеберлігі айтыла келе, «Шпагатқа отыра сала бірден қарғып тұрып, әдемі билей жүріп алқынбай, шаршамай сөйлеуі шебер актриса екенін көрсетті. Сөзі де таза, көркі де сай, өзге театрлардағы қыз-келін­шектер «актер шеберлігінен» дәріс алма­ғаны осындай білікті актриса­лармен қатар шыққанда байқалып қалады. Арайлым сахна сыртында да өз-өзіне кәсіби актриса ретінде грим жасатып, іштей дайындықта жүргенін байқадық» деп, қазылар алқасы «Үздік әйел рөлі» номинациясында жеңімпаз деп тапты. Фестивальде өзге театрларда да бес қыз ойнап, екі жігіт әйел образын сомдап еді. Сол бәсеке­лестерден асып түскеніне қалжыңдай отыра қуандым. Расында да, Арайлым өзінің атына сай сол күні фестиваль сахнасының арайы, жарық сәулесі болды.

Қазақ эстрада өнерінде өзіндік орны бар «Терісқақпай» театрының қайта жандануына көрермен де қуанары сөзсіз. Көкірегімізде көңілді кештері сақталып қалған театрдың қайта оралғаны құтты болсын!

Біржан АСАНҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Пікір

  1. «АЛМАТЫ АҚШАМЫ» Сіздерге «Терісқақпай» театрының ұжымы атынан шын жүректен рахмет!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *