ТЕПСЕ ТЕМІР ҮЗЕТІН ЖІГІТТЕР

«Тәртіп» АҚ – Алматыдағы ең іргелі компаниялардың бірі. Оның да өзінің қайнаған өмірі, тыныс-тіршілігі бар. Компания 1999 жылдың қарашасында Алматы қаласы әкімінің шешімімен мегаполистің коммуналдық қалдықтарын жинап, шығарушы кәсіпорын негізінде құрылған.

«Тәртіпте» 900-ден астам адам қызмет етеді, ал қалдықтарды жинау және шығарумен тікелей айналысатын өндірістік қызметкерлердің саны – 800-ден жоғары.  236 арнайы техника қаланың алты ауданында шоғырланған жеті өндірістік базада орналасқан және кез-келген уақытта қаланың қай түкпірінде, жылдың қай мезгілінде болмасын қызмет атқаруға дайын.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Мұнда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары кәсіби тұрғыда ұйымдастырылған. Күн сайын Алматы бойынша қала сыртына 2,0 тоннадан астам қоқыс шығарылады.

Иә, «Тәртіптің» жұмысшылары біз шығарып тастайтын, біз тұтынған тұр­мыстық заттардың қалдықтарын есік алды­нан жиып-теріп әкетеді. Бір сөзбен айт­қанда, қаланың, айналаның тазалығына жауапты, баршамыздың таза ауа жұтып, таза жерді басып, көңіл-күйіміздің жақсы болып жүруі үшін еңбек етеді.

Олар жұмысқа ала таңнан шығады. Ауыр-ауыр техникаларды тізгіндейді, темір контейнерлерді көтереді, сүйрейді. Ал мұндай жұмыстарға қарулы қолдар ғана шыдайды. Сондықтан болар, «Тәртіпте» істейтін ер-азаматтардың бәрі білекті, жүректі. Олар таңда тұрып алып, кешке дейін бел жазбай жұмыс істеп, үйлеріне жетіп, шаршадым деп босағала­рына құлай-құлай кететін жігіттер емес. Себебі, бұл мекемеде бір жылда төрт рет, айтулы мерекелерге орай төрт спартакиада өтіп тұрады. Сондықтан олар шетінен шыныққан, сергек.

Біз жуырда «Тәртіп» АҚ-ның  еңбеккер, ұйымшыл шаңырағында өткен Наурыз мейрамына қатысып, кезекті ХІХ Спарта­киадасын тамашалап қайттық.

***

Осындай айтулы спорттық додаға мұрындық болып жүрген «Тәртіп» АҚ ішінде 2009 жылы құрылған кәсіподақ ұйымы екенін де айта кетейік. Спарта­киа­даның басы-қасында да осы кәсіподақтың өкілдері жүреді. Алматы облыстық, қала­лық жергілікті агроөнеркәсіп кешені және мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, Алматы облысы­ның Құрметті азаматы Рая  Ыдыралиева да Наурыз спартакиадасына қатысып, ниет­тестігін, лебізін білдіріп, жарысқа қатысу­шыларға сәттілік тіледі. Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасының және «Алматыэлектротранс» ЖШС-нің өкілдері де мейман болды.

Спартакиада қазақша күрес, шағын футбол, волейбол, арқан тарту, стол теннисі, қол күрестіру, гір көтеру, дойбы сынды спорттық ойын түрлері бойынша өткізіледі. Оларға тігілетін жүлде де қомақты.

Спартакиада аясында лотерея ойна­тылады. Викториналық сұрақтарға да әдемі, бағалы сыйлықтар тігіледі. Кешегі Наурыз мерекесінде осы мейрам шеңбе­рінде қызықты сауалдар қойылды. Тіпті, кішкентай бір балақай орнынан атып тұрып, наурыз көжеге қосылатын жеті дәмді толығырақ білмесе де, жауап беруге тырысып, сыйлық алуға ұмытылып-ақ жатыр. «Баланы қинамай бере салыңыз­даршы» деп жатыр залдан шыққан дауыс­тар. Жүргізуші де баланың білуі тиіс екен­дігіне басымдық беріп «қинап-ақ» жатыр. Бәрі де жарасымды. Сыйлық кішкентай баланы қуантты, ал ол онысын құшақтап апарып ата-анасын қуантады. Ол бала сырттан келген бала емес, өз балалары. Яғни сол мекемеде істейтін бір жұмыс­шының ұланы.

Бала демекші, Наурыз спартакиада­сында үлкендер ғана бақ, күш сынаспайды, олардың балалары да түрлі сайыстарға қатыстырылады. Мәселен, кішкентай достарымыз ләңгі тебуден, асық көздеп, арқан тартудан жарысқа түсіп жатады.

Әр мерекеде компания көпбалалы отбасыларға, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға ақшалай жәрдем көрсетіп тұрады. Шаңырақ көтеріп жатқан жастар­дың қуанышына да ортақтасып, қаза болған отбасының да қиын сәттерде жандарынан табылып жүреді. Жылда «Мектепке жол» акциясы кезінде де талай шаңырақтың жоғы түгенделіп қалатыны бар. Балалар жазда лагерьлерге жіберіледі. Шипажайларға да жолдамалар беріледі.

***

Биылғы ерекшелік, ХІХ Спартакиадаға шаһардағы тағы үш мекеме, нақтырақ айтсақ, «Green Recycle» ЖШС, «KazWaste­Conversіon» ЖШС және «Алматы Тазалық» МКК командалары қатысты. Келесі жолы бұл қатарға қаланың өзге де мекемелері қосы­латын көрінеді. Сонда бәсеке де артпақ.

«Тәртіп» АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы Әлішер Қасымовтан «жылда бәйге бермейтін мықты командаларыңыз қайсы?» деп сұрағанымызда, волейболдан Бостандық ауданының жігіттері мықты деп жауап берді. Спартакиадада ең тартысты өтетіні де осы волейбол ойыны көрінеді.

Қазақша күрестен белдесіп жатқан үлкен спортзалға кіріп барып едік, зор дауыстарымен бір-біріне дем беріп, арқаландырып қойып жатқан ірі-ірі, еңселі жігіттердің арасынан бойымыз да көрінбей, дауысымыз да шықпай қалды. Әне, айбар­лы, қайратты қазақ жігіттері!

***

«Тәртіп» АҚ-ның басқарма төрағасы Айбек Рахимовты Наурызға жайылған дастархан басында сөзге тарттық.

– Айбек Әміртайұлы, бұл спарта­киадаға өздеріңіз де қатысасыздар ма? – деп сұрадық.

– Әрине, – деп жауап берді ол. – Менен бастап, барлық орынбасарым бар, түгел қатысамыз. Бұл – біз үшін «галстуксыз кездесу». Бұл – ешкім ешкімнің шекесінен қарамайтын, жұмыс талап етпейтін, емен-жарқын араласатын, демалатын күн. Жылы­на төрт рет өтетін спартакиаданы қаржыландыру біздің кәсіподаққа ауырлау тиетінін ескеріп, келесіден бастап, екі спартакиаданың жүгін акционерлік қоғамның бюджетінен көтеруді шештік.

Айтпақшы, бұл спартакиадада жақсы бір дәстүр бар екен, егер басшылық құрам­нан жеңіске жеткендер болса, олар қаржы­лай сыйлықтарын орынға іліге алмай қал­ған төртінші орындағы команданың аза­маттарына бөліп береді. Бұл да болса еңбек­керлерге стимул, мотивация беретіні анық.

– Біз жігіттерге «ертең – спартакиада, қатысасыңдар» деп міндеттеп қойып қарап отырмаймыз. Олар алдымен дайындалуы, шынығуы керек. Ол үшін сайыс алдында екі-үш айға стадионды жалға аламыз да, жігіттердің дайындалуына жағдай жасаймыз. Сөйтіп, біздің еңбеккерлер кешкі уақыттарын да, демалыстарын да босқа өткізбейді, қайта шыныққан үстіне шыныға түседі, біз соған көңіл бөлеміз. Сондықтан да мен әрқашан өзіміздегі тепсе темір үзетін жігіттермен мақтанып жүремін, – дейді Айбек Әміртайұлы.

Естуімізше, компаниядағы «Сенім жәшігіне» келіп түсетін хаттарды басшысы қосшысына, қосшысы тағы біреуге сілтеп жатпайды, жұмысшылардың ұсыныс-тілегі, арыз-шағымы А.Рахимовтың алдында жатады, өзі танысады, тікелей өзі қадағалап отырады. Міне, «Тәртіптегі» тәртіп осындай.

***

Сонымен, екі күнге созылған XІX спартакиадада гір көтеруден «Тәртіп» АҚ-ның Бостандық аудандық өндірістік бөлімшесінің жүкшісі Нұрбек Көппаев, стол теннисінен «KazWasteConversіon» ЖШС-нің қызметкері Олег Буйлук, дойбы­дан – Айдын Бітімбаев («Алматы Таза­лық»), қазақша күрестен – Қайсар Ерлан­ұлы («Тәртіп» АҚ орталық офисінің қыз­меткері), армрестлингтен  – Мәди Нұрмұ­хан («Алматы Тазалық») жеңімпаз атанды. Ал «арқан тартыста» «Алматы Тазалық» МКК-ның жігіттері ешкімге дес бермеді.

Волейболдан 1-орын «KazWaste­Conversіon» ЖШС-нің командасына, 2-орын «Тәртіп» АҚ-ның Медеу аудандық өндірістік бөлімшесінің командасына, ал 3-орын Бостандық аудандық өндірістік бөлімшесінің жігіттеріне бұйырды.

Футболдың 1-орнын Бостандық аудан­дық өндірістік бөлімшесінің, 2-орнын «Тәртіптің» абоненттік бөлімі, ал 3-орынды Медеу аудандық өндірістік бөлімшесінің командасы еншіледі

Жеңімпаздар кубоктармен, грамота­лармен, бағалы сыйлықтармен марапат­талды. Наурыз тойының спартакиадасына қатысқандар қуанып, ал жанкүйер болған­дар демалып қайтты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *