«Темкең баласы»

Қариясы бардың қазынасы бар» дейді. Бұл күндері кешегі «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» заманын бастан кешірген «көне көздер» қарлы даладағы қадау-қадау қурайдай сетінеп қалды. Бір рудың дауын бір ауыз сөзбен шешкен ақсақалдар, мына жаңғырып жатқан заманда, жылқының таңғы жусауындай, селт етпеуді мансұқ еткен бе, қалай? «Қарақтарым, жөні былай. Мынаған асық, мынадан қашық болыңдар» дегенді айтатын заманы туды емес пе? Алматының абыз ақсақалдарының бірі Олжабай Темірханұлымен осы орайда тілдескен едік. Сіздерге сол шағын сұхбатты  ұсынып отырмыз. 

 

– Неге екенін, сізбен қалжың­дасқым келеді де тұрады, Олжеке.

– Әзілің жарасса…

– Бізді жеңгенде, «кәкір-шүкір» деуші едіңіз, соныңызды ести алмай жүрмін.

– «Ассалаумағалейкүм, кәкір-шүкірдің ағасы» деп бас салған өзің. Қойдым, содан. Сөз тап­қанға, не дейсің. Бірақ кешегі же­ңілістеріңді Америкадан беріпті…

– Олай болса, ертең пас­портты көрсетесіз.

– Одан да, менің «свойымды» үйрен. Сол саған паспорт, шырақ.

– Оныңызға айтарым жоқ. Қуанудың да шегі бар дегендей… Тіпті, балаша…

– Қартайғанда бір бала деген рас. Жол жүріп келген немереңнен базарлық дәметесің. Тинемдей ықыласқа мәз болу сол қартай­ған­дықтың белгісі. Алматының көшесіне кере қарыс асфальт төсе­ліп жатқанына, жолайрық­тарының, айналма жолдардың     жосыла түскеніне, метросының сынаптай сырғығанына, тіпті бар ғой, пәтердің    кіреберісіне «ақыл­ды шам» орнағанына тәуба деп, іштей қуанам.

Жүзді алқымдап қалған қария Алматысының тинемдей жаңа реңіне мәз. Жақсы тілеу тілеуде. Олжабай Темірханұлы майданнан оралған соң Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың бірнеше жыл көмекшісі, кейінірек Ішкі істер министрлігінде әр түрлі басшы қызметте болды. Әділдік жолын­дағы күресте жасымаған, жеңісті сәтте мейманасы асып тасымаған полковник бұл күнде бейнетсіз кәріліктің аясында. 50 жыл отас­қан аяулы жары Зейнұра Ыбы­райқызы бақилыққа аттанған. «Дүние білдірмейді өткенін де, Әркімді алса ажал мекенінде. Қол үзбе ел-жұртыңнан, ер азамат, Жүрем деп дүниенің жетегінде» деген өлең жолдары осынау аялы алақан жылуын аямаған ананыкі.

Бильярд дегенге құмарлық мені тағдырдың жазуымен «Тем­кең баласымен» табыстырды. Ақылға сыймайтын тасты жүзді алқымдаған қарияның ұяға дәл түсірген кезінде маған жалт қарай­тыны бар. Ондағысы: «Пау шіркін, Темкең  баласы!» дегенді есту.

Сені, осы сөзің үшін іздеймін. Мына жүргендердің көбі аузын буған өгіз. Кісімен әңгімелесуді білмейді деп Олжекең бір мар­қайып қалады.

«Темкең баласы» дегеніңді естудің мен үшін қаншалықты қымбат екенін сен білмейсің.   Ер­тең бильярдқа ертерек кел, біраз әңгімелесейік, – деген болатын.

Тап сол күні Олжекең теле­фоннан: «Сен бірден, сағат үште үйге кел. Бильярдта жарытып әңгімелесе алмаймыз. Келе  алмай­тын болсаң оныңды айт», – деді нығарлап.

– Сендердің сылтауларың көп.

Олжекең үйде де бильярд­тағыдай мұнтаздай жинақы киініп алыпты. Бірден төменгі қабатта жайылған дастарқанға отырдық.

– Тай етінен қуырдақ дайын­дататын қайран басым, бұл күнде тоқты-торымға ризамыз шырақ. Әңгімені екінші қабатта жалғас­тырамыз. Бұл түскі ас. Сені күт­тім.

Отбасының ауқаттылығы кіре­берістегі кішігірім  қайықтай аква­риуымнан-ақ байқалып тұр. Зыр жүгіріп жүрген келіншек Олже­кеңнің күтушісі болып шықты.

Екінші қабаттағы жып-жылы кабинетке көтерілісімен, Олже­кеңнің сыр сандығын қалай аштыр­сам деген оймен мына бір әңгімені бастап кеттім.

– Шешем марқұмның мына бір ертегісі ойыма оралып отыр. Ертегінің кені еді.  …Баяғыда екі аттылы жол жүріп келе жатып, көз ұшында жарқырап, ағарып жатқан бір нәрсені көреді де, екеуі атқа қамшы басады. Әлгі ағарып жатқанға қатар жетіп, қатар қол салады. Сөйтсе, киіктің терісі екен. Бір-біріне қимай, ақыры қазыға келіп жүгінеді. Сонда қазы екі жолаушыны мал сойып, қонақ жасайды. «Сендер теріні сылтау­ратып іштеріңдегі айтылмай жат­қан сырларыңды айтуға келіп­сіндер», – дейді.

– Батыреке, сен әлқиссаны әріден бастаңыз деп отырсың ғой. Құдайға шүкір, көрген-білгенімді хатқа түсіріп жүргенім рас. Өзің айта беретін «Темкең баласы» ғой әңгімеге арқау болған. Соның мәнісін білсін деп шақырдым сені.

– «Көненің көзі, ескінің сөзі» деген кітабыңызбен таныстым. Оның алдында замандас-доста­рыңыз жайындағы естелігіңіз, әлеуметтік жағдайға қатысты ой-пікіріңіз, деректі әңгімелеріңіз енген «Көз алдымнан кетпейді» және «Рейхстагқа ту тіккен Ра­қымжан Қошқарбаев», «Сағы­ны­шым» атты кітаптарыңыз жарық көргенін де білемін. Елу жыл отасқан аяулы жарыңыз Зейнұра Ыбырайқызына жан жүрегіңіздің сағынышын ақтара жазған «Сағы­нышым» кітабыңыз кез-келген оқырманын тебірентпей қоймайды.

Кейінірек 2015 жылы жарық көрген «Көненің көзі, ескінің сөзі» қаланың сөзі келте қарттарының емес, дала абыздарының ой-түйі­нінен шыққан терең толғанысты дүние дер едім.

– Әй, шырағым-ай, қала ма, дала ма, бәрі шыққан текке байланысты.

– Ұлы Отан соғысында үш рет жараланып, елге аман оралуыңыз – кісілік пен адалдықты ту еткен, адам баласына жақсылық жасау­мен өткен қажы, ел басқарған ата-бабаңыздың, әкеңіз бен ағала­рыңыздың аруағының қолдап-қорғауы болар.

– «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» демей ме. Мен сол үлкендерден алған үлгімнің жемісін көрген жанмын. Әкем Темірханды ағайын-туыс «нағыз темірден жаралған еді» десіп отыратын. Әкемнің немере ағасы Қайыржанды Бапа дейтінбіз. Мынау сол Бапамнан естігенім: «…1920 жылдың орта кезінде оба ауруы бұрқ ете түседі. Орыстароның жұқпалы ауру екенін біліп, Ертіс өзенінің жағалауын қоныс­танған Табай ауылының сырты­нан өрт салады. Өрттен қазақ ауылы көп шығынға ұшырайды. Обадан бір атаның балалары түгелге жуық көз жұмады. Табай, Таңатар, Сатыбай, Майқара, Төлеубай – обаның құрбандары еді.

Темірхан шешесінің айтуымен кәресін (керосин) ішіп, қолы-басын кәресінмен жуып, қолына биялай киіп, аузын орамалмен орап жүріп соңғы екеуін жерлейді. Сөйтіп, аман қалады. Келесі жылы Бапамның әкесі Тасыбай қажы туыстарының жылдығына қатысуға келеді. Сонда жарық дүниеге мен келіппін. Сұрапыл апаттан аман қалған «олжамыз» деп атымды Олжабай қойыпты Қажы атам.

Қайран, әкемнің көзін көрген, көкірегі ояу, тұнып тұрған шежіре қария – Бапамды айтам, жас келіп, қайрат қайтқан шақта даңғырадай үйде жалғыз қалып, ақыры қызы Күлжанның қолына барып кіреді. Ерді намыс өлтіреді емес пе, Бапам қызының қолына көшіп барғанына бір ай болмай, күнделікті намазын оқып отырып, шәждаға басын тигізе беріп жүріп кетеді».

– Олжеке, даналықты таби­ғат­тан үйренген қазақ деген халықтың басынан небір нәубет өткенін, соның бәрінен  аман алып қалған «У ішсең руыңмен» дейтін кіндіктестігі. Бір атадан тараған­дықтың қанда қалған бір-бірін қорғау, жауға бермеу, бауырлас­тық инстинкті екенін өз кітабы­ңызда ақтарыла толғайсыз. Бүгінгі таңда «мен қазақпын» дейтін пенде сол бауырластықты мүлде ұмытып бара ма, қалай? Заманына қарай адам өзгерсе, қазақты қазақ еткен мейірім-шапағат, өзін емес өзгені ойлайтын кісілік, ұлттық ар тазалығы қалай болмақ? Балаға ұядан өнеге бере алатын, ісімен үлгі болатын отбасы, ата-ананың жағдайы жайында не айтасыз?

– Иә. Туған ел. Отан дейтін ұғымның қартыққа қадам басқан сайын, жүрек құрғырды сырқы­рата түсетіні рас. Ол өмірден өтем-ау, қызықты аз көрдім-ау деген­нен емес. Өз отбасыңның бүгінгі күйін көріп өз-өзіңе қарныңның ашуынан. Басқаны былай қой­ғанда, өз немереңді ана тілінде сөйлете алмаған соң, сенен не үміт, не қайыр. Отбасына ие бола алмай отырып, Отанда нең бар. Мана өзіңе айтқан Бапам: «Ер бала әкеге қарап өседі, қыз шеше­сіне қарап бой түзейді. Шаңы­рақтың иесі де, басшысы да әке екенін балалар кішкентайынан біліп, түсініп өссе, ондай балалар өз өмірінде онша қиыншылық көрмейді» дейтін. Қандай сөз. Менің де ойымдағы, көкейімдегі сөз. Расында, әйел шалбар кигені­мен, еркек бола алмайды, әйелдің заты да – әйел. Табиғат қалай жаратса, өмірге солай келді. Осыған шүкіршілік деу керек. Үй ішін билеп, қала берді, күйеуінің даладағы жұмысына араласып жүрген әйел, ақылды емес. Мұн­дайды ойын-күлкі, жеңіл өмір іздеген әйел жасайды. Жақсы әйел күйеуінің беделін балала­рының алдында түсірмей, балала­рының сұрақтарына беретін жауабын біліп тұрса да, «әкеле­рің­мен ақылдасайық» деп өсіреді.

Мұндай отбасында әрқашан да бірлік, береке, сыйластық болады. Билікке таласып, ақылды, данышпан болып көрінгісі келетін әйелдің отбасы берік болмайды. Әйел адамға бұл жалғанда бала тәрбиелеп, ұрпақ өсіруден жауап­ты әрі қызықты іс жоқ деуге бола­тын сияқты. Әйел адамға ең бас­тысы – ерін сыйлау, құрметтеу, керек десеңіз, пір тұту. «Әр шаңырақтың өзі бір мемлекет» деп бекерге айтылмайды. Бір адамды тыңдап, соған бағынуы қажет. Сонда ғана осындай жанұяда өскен ұл мен қыз тәртіпті, сал­мақ­ты болады.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп басталатын өсие­тіңізде отбасы тәрбиесіне ерекше тоқталыпсыз. Әсіресе, тәрбиені ата-ана сөзбен ғана емес, өз іс-әрекетімен сіңіруі керек екенін баса айтасыз. Ал өзіңіз айтқандай, «отбасынан басталатын Отан» ұғымын санаға сіңіретін екінші баспалдақ мектеп емес пе?

– Мана әңгіме басында «өз немереңді қазақша сөйлете алмай отырып, Отанда нең бар» деп айттым. Ондағым, ұлттың тағды­ры, қазақ деген елдің болашағы. Әңгіме сонда. Әр адам өзінің тектік пернесін ұмытпауы керек. Оны ұмыттырмайтын ана тілі. Қазақ баласына домбыраның қоңыр үні қалай жылы естілсе, ана тілі де оның жан жүрегінің пернесін басып өтеді. Ана сүтімен дарыған өз тілі арқылы ұлтын қадірлейді, ана тілінің ғаламат бай әрі ғажайып көркем екеніне мақтанады.

– Балтық жағалауы елдерін іссапармен аралағаным бар. Бір-бірінен киінісі де, тинемдей әлпеті де аумайтын балалар біз тамаша­лап тұрған «Бостандық алаңы» арқылы өтті. Әлгі өз тіліндегі бүл­діршіндер үні жайқалған қоңырау­гүл сыңғырындай естілді. «Біздің бүлдіршіндеріміздің өз тілінде сөйлесіп бара жатқан сүйкімді сыңғырын ести алатын күн қашан туар екен» деп жүрегімнің бір шым ете қалғаны осы күнге дейін есімнен кетпейді.

– Ей, шырағым-ай… «Орыс тілін білмесең, бір жапырақ нан сұрап жей алмайсың» деп біздің әке-шешемізден келе жатқан ауру ғой. Біз өзіміз бала тіліне көңіл бөлдік пе? Жоқ. Осы күні отбасы тілі – орыс тілі.

– Сонда, ұлттық тілдің аясы тарыла бермек пе?

– Жоқ, шырақ. Мана «тектік перне» дегенді айттық. Сол тек пернесін баса білетін жолды жедел қарастыру керек. Қай елдің отын оттап, суын ішсе де өз ана тілін ұмытуды ұлтына жасалған қиянат деп білетін шағын ұлт өкілдеріне басыңды қалай имейсің.

– Ал отбасынан шығысымен, тіпті қазақ мектептері ауласында ана тілі шанадан түсіп қалатыны рас қой.

– Себебі, отбасы тілі ананың әлдиі, әженің ертегісімен құлақта қалатын бал тілі арқылы дарыма­ған. Баланың өзі сүйіп тыңдайтын ертегі, қызықты кітабы болса, сол арқылы да ана тілін сүйіп өседі. Оның «компьютерінде» ана тілі бірінші орында тұрады.

– Сіз айтып отырған кітап тапшы, қолға түсе бермейді.

– Кежегесі кері тартқанның сылтауы. Балалар жазушылары болған, қазір де бар. Тіпті, дүкен сөресінде сіресіп тұрған орыстың балалар әдебиетінің ішінен мейі­рімділікке, адал, әділдікке тәр­биелейтінін тамылжытып қазақша сөйлетіңдер. Қалай оқыр екен.

– Отан ана бала түйсігіне есейе келе орала ма қалай?

– Отан – сәбидің шыр етіп жарық дүниеге келуімен бірге жаралатын ұғым. «Ер туған жеріне…». Тек пернесінің бір құді­реті осында! Ана сүтімен берілетін ұлттық мінез арқылы ата дәстүрін аялау, табиғатпен етене сырлас болу. Осылар жүректен мықтап орын алады да, сенен оны мәңгі сүюді талап етеді. Сен қарап шықтым деген кітапта мектеп қабырғасындағы тәрбие, оның ішінде баланың Отанын сүю рухын ояту хақында біраз ойымды айттым.

– «Компьютер баласын» ел, жер, ата-баба, тұлғалар тарихына бет бұрғызу қиындап кеткен секіл­ді.

– Әрине, тап осы кезден тәрбиені, әсіресе көрнекі  құрал арқылы тәрбиені күшейту қажет. «Мұрағат бұрышы» міндетті түрде ашылып, Отан тарихы, онымен бірге сол аймақтың «мақтанышы» ұтқыр сөз, тартымды сурет арқылы сайрап тұруға тиіс.

Тәрбиенің тағы бір ұтымдысы – елін қорғауға, ғылым-білімін дамытуға, әдебиеті мен мәдение­тін өркендетуге елеулі үлес қосқан «тірі тұлғалармен» кездесу. Кезінде Рақымжан Қошқарбаев бастаған соғыс ардагерлерімен мектепте кездесу өтті. Ішінде мен де бармын. Көзінен от ұшқын­даған балалар, небір қиын сұрақ­тар қойды. Кездесу 2-3 сағатқа созылды.

Қазақстанның болашағы – жастар. Оларды дұрыс жолға бағыт­тау, Отанының бір кірпіші болып қаланатын азамат тәрбие­леуге бар күш-жігерімізді жұмсау біздің бәріміздің ортақ боры­шымыз.

– Ата көрген ұрпақтың көре­ген көзі, көшелі сөзі мына сіздер­мен бірге кете ме деп қорқам.

– Ауыл аман болса, қазақ аман, ұлт аман. Ең үлкен қауіп – сол түп қазықты шіріту. Мысалы, біз қолдарына су құйып жүріп өсиеттерін тыңдаған Бұлтың, Қайыржан, Бәшір, Мақаш, аға­йынды Сәдуақас пен Мәлғаж­дарды біздің ауылдың ар-ұяты болды десем, артық айтқаным емес. Халықтың арман-мұңын ертегідей етіп жеткізетін еді-ау жарықтықтар. Біз сияқты жас ұрпақтарының бетін ізгілікке қарай бұратын да, күнделікті өмірдің ауыр салмағын көтеріп, неше түрлі қиындықты шешіп отыратын да солар болатын. Бала­лықпен түсінбей, ақсақал­дар­дың асыл сөздерінің бір ұшы­ғын тың­дап, енді бірін аяқтауға үлгертпей жүре жөнелетін қылы­ғымыз еске түскенде, сол күндерде балдай тәтті әңгімелерге неге қанып алма­ды екенмін деп өз-өзімнен өкінем.

 

Әңгімелескен – Иген ХАСЕНҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *