Темірбек Жүргенов туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

3314Қазақ мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметіне арналған Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамы түсірген кинорежиссер Еркін Рақышевтің «Темір нарком Темірбек» атты деректі фильмінің Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында тұсаукесер рәсімі болып өтті. Еліміздің танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихи тұлғаның жақын туыстары мен Алматы қаласының жұртшылық өкілдері Өнер академиясының алдындағы Темірбек Жүргеновтің ескерткіш-мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ 

Бір сағатқа жуық уақыт көрсетілген деректі фильмде Темірбек Жүргеновтің өмірі мен қызметіне қатысты көптеген мұрағаттық деректер мен көнекөз қарттардың естелігінен тұратын кинотуынды барлық саналы ғұмырын ұлтының дамуына арнаған Алаш ардақтысының соңына қалдырған мұрасын зерттеуде үлкен қадам болып отыр. Деректі фильмнің жарық көруіне демеушілік жасаған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, тарихшы-ғалымдар мен ақын-жазушылар — Айгүл Садықова, Гауһарбек Тілеуқұлов, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Ибраев, Мамай Ахет, Ханбибі Есенқараева, өзге де азаматтардың Алаш ардақтысының еліміздің дамуына сіңірген еңбегі туралы айтқан сөздері, қиын-қыстау кезеңнен хабар беретін көріністер деректі фильмнің көтерер жүгін салмақты етіп тұр. Темірбек Жүргеновтің жазықсыз ажал құшуы, оның жақындарының да саяси қуғын-сүргін құрбанына айналуы деректі фильмнің негізгі өзегіне айналған.

«Темір нарком Темірбек» деректі фильмін тамаша­лаған көрермендер өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.

КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі ӘШІМҰЛЫ: — Бүгінгі таңда біз ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен жерінде үлкен мемлекет дәрежесіне жетіп отырмыз. Алаш ардақтылары Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сияқты халқына адал еңбек еткен азаматтарды ұмыту — барып тұрған күнә. Олардың әрқайсысын, далада болсын, қалада болсын, қазақ мемлекетінің алғашқы қолдаушы көсемдерін есімізге алып, әдебиетте, кинода жұрт­шылыққа насихаттап жүруіміз керек. Темірбек Жүр­геновтің қазақ мәдениетіне сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Отызыншы жылдардың басында халқына еткен еңбегін айтып-жеткізу мүмкін емес. Сол кездегі ұлы әртістері­міздің үй жағдайына, киіміне дейін ойлап, көп күш-қайрат жұмсап, қамқорлық көрсетті. Ауылдағы Жамбыл Жабаевты Мәскеудегі қазақ өнерінің онкүндігіне алып барды. Ақын атамыз көппен бірге барып, үлкен мара­патқа ие болып қайтты. Стани­славский, Кашаловтармен бірге 23 жасында Кеңестер одағының халық әртісі атағын алған Күләш Байсейіто­валардың өнері жанған да сол кез болатын. Құрманбек Жандарбеков, Қалибек Қуаныш­баевтың қазақ өнеріне еткен еңбектері өте зор. Осы азаматтар туралы көркем және деректі фильмдерді жасап шығару міндеті тұр. Бүгін «Темір нарком Темірбек» атты киноны жасап шығарған жігіттерге ризашылығымды білдіремін. Осында Темірбек Жүргеновтің жақындары келіп отыр. Деректі фильмнің Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының залында көрсетілуінің үлкен символикалық мәні бар. Өткен тарихты еске алып, осындай фильм түсірген Еркін мен Рамазанға үлкен рахмет. «Өткенді ұмыту — тарихқа топырақ шашу, келешекті таспен ату» деген Расул Ғамзатовтың сөзі еске түседі. Бүгінгі кинотуынды келешек ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұл-қыздарымызға айтып отыратын, құрмет тұтатын азаматтар бұлар. Алаш ардақтыларының есімдері халқымыздың тарихында алтын әріптермен мәңгі жазылып қалды.

Жазушы Софы СМАТАЕВ:— Ұлы мақсатты ұлтының ұлдары, жұртының жайсаңдары жүзеге асырады. Біз оларды ұмытсақ, өзіміздің тарихымызды, рухымызды ұмытамыз. Қазақтың шекарасын бекіткен Ермековтер, Бөкейхановтар қазақтың қандай азаматтары еді. Біз қатарлы жандар оларды білгенімізбен, кейінгі жиырмадағы жастар білмеуі де мүмкін. Сондықтан осы жағына көп көңіл бөлу керек.

Жазушы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ: — Алаш ардақтылары мен көрнекті қаламгерлер өмірінен 5-6 кітап жазып шығардым. Мұрағаттарда болып жүріп, Темірбек Жүргенов туралы біраз жәйттерге қанықтым. Ол кісі әдебиетші де, жазушы да болған. Композитор Евгений Брусиловскийдің естелігінде Жүргенов наркомның барлық жиындарын тек қазақ тілінде жүргізгенін жазады. Қарағандыдан келген мәдениет бөлімінің басшысы Орлов орнынан тұрып, қазақ тілінде түсінбей отырғанын айтқанда, Темірбек Жүргеновтің қара көзі ұшқын атып: «Орлов мырза, сіз қайда отырсыз? Қазақстанда қызмет істегіңіз келсе, осы елдің мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Қазақтың өнері мен мәдениетін орыс тілінде жазып, насихаттауға сіздің өреңіз жетпейді», — деген екен. Сол кезден бастап қазақ мәдениетін өгіздей өрге сүйреген мықты азаматтың басына қара бұлт үйіріледі. Біз өткенді еске алғанда, Қазақстаннан тыс зұлымдықтар болған деп айтамыз. Бірақ, шындыққа көз жіберсек, осындай асылдарымыздың көзін жоюға себебші болған — өзіміздің қазақтарымыз. Кремльден нұсқау болғанмен, тізім келген жоқ. Қара тізімнің бәрі осы жерде жасалды. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері Темірбек Жүргенов туралы талай кітап жарық көрді. Алдағы кезде де жазыла береді. Бүгінгі деректі фильмді жасаған Еркін ініме ризамын. Бұдан бұрын да бірнеше көркем фильмдерді жарыққа шығарды. Отызыншы жылғы ашаршылық пен Тұрар Рысқұлов туралы жасаған фильмдерінде де көптеген тарихи құжаттарға сүйенгені байқалып тұрады. Ерінбей-жалықпай ізденіп, халыққа осындай құнды кинотуынды ұсынуы — қуанарлық жәйт. 

«Темір нарком Темірбек» деректі фильміне арқау болған Алаш ардақтысы Темірбек Жүргенов­тің көзі тірісінде қазақ руханиятына сіңірген еңбегі өте зор десек, оның ішінде Алматы қаласында мәдениет ошақтарының, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының жапай ашылуына, жергілікті жерлерден талантты жандарды шақырып, өнерінің жан-жақты ашылуына үлкен қамқоршы болғанын көнекөз қарттар әлі күнге жыр етіп айтады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *