«Темiрөзек адам» Жеңiс ШЫНЫБЕКОВ (естелiк эссе)

87-4805-5Бала болып ойнамағандай

Ұстаз – деген ұлы атақ! Оны жұмырбасты пенденiң бәрi мойындайды. өйткенi, әлемдi таңқалдырған ұлылардың барлығы, әрiсi Аристотель, ибн Сина, әл-Фараби, Ұлықбек, берiсi Абай, Мұхтар, Бейiмбет, Мағжан, Қасым, Мұқағалилар ұстаздың алдынан өткен. Солардан өмiрлiк тәлiм-тәрбие, бiлiм алған. «Менiң пiрiм – Сүйiнбай» деп Жамбыл бабамыз жырлағандай, әр адамның пiрi – оның ұстазы.

Осы естелiктi жазып отырған менiң де пiр тұтатын екi ұстазым бар. Оның бiрi – ең алғаш қолыма қалам ұстатып, әрiп танытқан ұстазым – Рақыш Жәкина апайым. Осы бiр қасиеттi, терең бiлiмдi, мәдениеттi, әрбiр сөзiн шәкiртiнiң жүрегiне қорғасындай балқытып құятын, тiлге шешен апайымның сұлу жүзi, әйелге тән сыпайы қимыл-қозғалысы, құлаққа аса жағымды, қаздай қоңыр даусы менiң әлi есiмде.

Ол кiсi барлық бiтiм-болмысымен балаларға да, басқа ұстаздарға да үлгi едi. Дәрiс оқығанда әрбiр сөзi ұмытылмастай болып, санаға сiңiп жататын. Сiрә, мен сыныптастарым, Түгелбай, Серiктерден тәуiрлеу оқыған болуым керек, сабақ бiлмей ыңғайсызданып, танауларын қорс-қорс тартқылап, кекiлiн сипап тұрған оларға «Мына Қодардан үлгi алмайсыңдар ма?» дейтiн. Сол кезде төбем көкке екi елi жетпей, қасымда отырған бұйра шаш, қара қыз Майраға қоразша қоқиланып, қарап қоюшы едiм. Артынша, аналардың ұнжырғасын түсiрмейiн деп бастарынан сипап тұрып: «Сендер де жаман оқушы емессiңдер, бiрақ, бүгiн аздап нашарлау дайындалып келiпсiңдер. Бүгiн екiлiк қоймай-ақ қояйын, ертең дайындалып келiп, бес алатындарыңа сенемiн» дейтiн күлiмсiреп. Осыдан кейiн ана үшеуi доп, асық, ләңгi ойнауды кейiнге қалдырып, танауларынан су аққанша оқитын.

Рақыш апай бiздi бiр сәт мектепке жақын жердегi әжмағанбет қырына апарып, табиғатпен таныстыратын. Ауа райы жылы күндерi ән сабағын осында өткiзетiн. Көктемнiң алуан түстi гүлдерiн терiп, ән салып, қуаласпақ ойнап, бiр жасап қалатынбыз. Рақыш апай бәрiмiзге ортақ туған анамыздай едi. Кейiн апайдың ұлы Амантай мен келiнi Балкүл де ана жолын қуып, ұстаз болды.

Әдебиетке, журналистикаға барар жолдағы алғашқы ұстазым – жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыз. Пекең туа бiткен жан-жақты дарын иесi. Ол кiсi бiзден үлкен болса да, бала жастан құрдастай қалжыңдасып, бiрге ойнап, бiрге өстiк. Елуiншi жылдардың аяқ жағында бiз оқыған В.И.Ленин атындағы мектепте жетi жүздей бала оқыды. Бұл мектепте қазiр аты әлемге әйгiлi халық әртiсi – Асанәлi әшiмұлы, Италияның Милан қаласында бiлiм алған тұңғыш қазақ, опера әншiсi Амангелдi Сембин, ауданымыздан шыққан тұңғыш әдiлет генералы Болат Сенбин, мемлекеттiк қауiпсiздiк қызметiнiң подполковнигi Тiлеу Мырзанов, ғалым-профессорлар әбдеш Қалмырзаев, Божбанбай Толысбаев, жазушы Берiк Шаханов, сандуғаш үндi, дәстүрлi әншi Сәуле Жанпейiсова оқыған.

Мектептегi сол жетi жүз оқушының маңдай алдында, басқалардан оқ бойы озық тұрған осы Пернебай Дүйсенбин болатын. өйткенi, Пекең мұғалiмдердiң өзiмен бiлiм сайыстырып, тайталасып қалатын бiлiмдi, өте қабiлеттi озат оқушы болды. Сонымен қатар, Пекең ғажайып суретшi едi. Оның сол кезде қаламынан туған суреттерi Қазақстан ғана емес, бүкiл Одақтың iргелi газеттерiнде жарияланып тұрды. Одақтың түпкiр-түкпiрiнен, сонау қияндағы Украина мен Белоруссиядан, Балтық жағалауындағы Латвия, Литва, Эстониядан оқушы хаттары қардай борап келiп жататын. әсiресе, оның «Рита» деп аталатын суретi Одақ оқушыларын мойындатқан шығарма болды.

Сөйтiп, оның аты жетiншi, сегiзiншi оқып жүргенде-ақ Одаққа мәшһүр болды. Мектеп қабырғасында жүрiп осындай атақ пен даңққа бөленсе де Пекең өзiне тән ұстамдылықпен, қарапайымыдылығымен, «жұлдыз» ауруына шалдыққан жоқ. өзгелерден ерекшемiн деп кеудесiн қағып, мақтанбады да. Бұл қасиет, адам ұлылығының көрiнiсi болса керек.

Менiң тырнақалды өлеңдерiм газет беттерiнде жариялана бастағанда, Пекең маған көп ақыл-кеңес бердi. Ең алғашқы шағын әзiл әңгiмемнiң тұсауын кескен де – Пекең. Бiздiң үйге келiп, менiң шимай-шатпағымды ерiнбей оқып шығатын. Жазуға төселу үшiн көп оқу керек дегендi жиi айтатын. Сол кездiң өзiнде Пекеңнiң бай кiтапханасы бар едi. Төртiншi сыныпта оқып жүргенiмде маған ғасыр басында шыққан Спандияр Көбеевтiң «Қалың мал» романын әкелiп бердi. Бұл – менiң ең алғашқы оқыған кiтабым. Осыдан кейiн әдеби кiтаптарға құмарлық артты. Кейiнiрек Бальзактың, Байронның, Шиллердiң, Гетенiң қазақ тiлiнде шыққан кiтаптарын бердi. Бiз оқулықтардан Пушкиндi, Гогольдi, Лермонтовты, Толстойды, Крыловты бiлетiнбiз. Бiрақ, Батыстың ақын-жазушыларын мүлде бiлмейтiнбiз. Батыс әдебиетiмен алғашқы таныстырған да Пекең болды.

– Өлең мен әңгiмелерiңдi қатар жаза бер, кейiн не ақын, не прозаик болатыныңды өмiрдiң өзi анықтап бередi. Ерiнбе, еңбектенсең алынбайтын қамал жоқ, – деп ширықтырып, ширатып отыратын. Үйiне ертiп барып Фирдоусидiң «Шахнамасын», әбдiлда Тәжiбаевтың «өмiр және поэзия» зерттеу кiтабын бердi. «Зейiн қойып оқы» деп қатаң тапсырма бередi. Сөйтiп, Пекең менi бас бiлдiрген тай сияқты қақпайлап жүрiп, әдебиет соқпағына салды. әдебиеттi сүюдi үйреттi. Ол кiсiнiң бұл еңбегiн сiрә мен өмiрiмде ұмыта аламын ба?

Пекең мектепте жүрiп «Жас толқын» деген қолжазба әдеби журнал шығарды. Журналды түрлi суреттермен көркемдеп, безендiрiп, оған талабы бар оқушылардың әңгiме, өлеңдерiн жариялап тұрды. Мектеп оқушысының өз бетiмен қолжазба әдеби журнал шығарғаны мүмкiн әдебиет тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға шығар. Журналды мектеп оқушыларымен қатар, мұғалiмдер де таласып- тармасып оқитын. Кейде балалар кезегi келмей тұрса, ана баладан журналды ұрлап әкетiп жасырып оқиды. Бiрақ, кейiн бүлдiрмей, таза күйiнде қайтарады. Қазiр сол журналдардың бiрен-сараны сақталды ма, бiлмеймiн.

Мiне, бiздiң Пекең оқушы кезiнiң өзiнде осындай болған.

Деканнан да қатал едi

Университеттiң журналистика факультетiне мен Пекеңнен кейiн түстiм. Ол кезде университет жатақханасы аз. Көп студенттер баба Бусяның, дядя Тимофейдiң бiр бөлмесiн, немесе жертөлесiн жалдап тұруға мәжбүр. Пәтерақысы қымбат, оны студент байғұстардың қалтасы көтере бермейдi. Ең қиыны, Алматы, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облысынан келген студенттерге «ауылың жақын» деген сылтаумен жатақханадан орын бермейтiн. Бұл облыстардың балалары үйлерiне барып-келiп оқитындай мұның қандай тәртiп екенiн бiлмей дал болатынбыз. әйтеуiр, кеңестiк тәртiп сондай едi. «Ауылы жақын» балалар кiрерге тесiк таппай, пәтер iздеп, көше кезiп тентiреп жүредi. Пәтер қожайындарынан әкiреңдеген сөз естiмей, алысқа сандалып-сабылмай жатақханадан орын алу – студенттiң арманы. Көбiмiзге орындалмас арман едi.

Кейiн оннан аса кiтаптың, бiрнеше драмалық шығармалардың авторы болған Баққожа Мұқай, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi, Франц Кафка атындағы Халықаралық Алтын медаль сыйлығының лауреаты, Платина Тарлан сыйлығының иегерi болған ақын Шөмiшбай Сариев үшеумiз Алматының ат тұяғы талатын алыс түкпiрiндегi бiр жертөледе тұрып жаттық. Жертөле қыста Сiбiрдей суық, жазда Африкадан да ыстық. Алатаудың таза ауасы бiздiң жатағымызға жетпейдi. Жан шыдатпас қапырық өкпемiздi қысып тұншықтырады. Түнде қаптаған қандаланың шабуылына ұшырап, ұйқы көрмей, жын соққандай селкiлдеп шығамыз. Қыста суықтан қалшылдап, жетiм қозыдай дiрдек қағамыз. Аязды түндерi Баққожаның мұртына, Шөмiшбайдың бакенбардына қырау қатып қалады.

Жол азабын күнде тартамыз. Көшелерде қазiргiдей кептелiс жоқ болса да, бiресе трамвайға, бiресе автобусқа лаулап мiнiп, оқу орнына бiрнеше сағатта өлiп-талып әзер жетемiз. Сабаққа үлгеру үшiн құлқынсәрiде тұру керек. Қожайынымыз тетя Марфа газды құртасыңдар деп жарты шәйнек су бередi. Шайқор Баққожа шайға шөлi қанбай, Марфаны күбiрлеп сыбайды да жүредi. Сабақтан қайтар жолымыз мүлде ауыр. Студенттер арасында: «Тысяча книг и одна ночь» деген сөз тiркестерi жиi қолданылады. Семестр мен семестр арасында той-тойлап, серуен салып жүргендер тап емтихан басталар алдында жаналқымға келiп, кiтапханаға барып көп кiтапты парақтайды. Бұл – содан қалған сөз.

Бiз де кiтапханаға барып, құжырамызға кеш оралсақ, Марфа «ұйқымды неге бұзасыңдар?» деп айқайға басады. «Едендi былғадыңдар, қабырғаның сылағын түсiрдiңдер, светтi көп жағасыңдар» деген қиқу күнде төбемiзде ойнайды. Мұндай жағдайда сабаққа дайындалу, түртiнектеп бiрдеңе жазу қиын. Үшеумiз Марфаны сыртынан сыбап-сыбап алып, айтқанын iстеп, салпақтап жүре беремiз. өйткенi, барар жерiмiз, басар тауымыз жоқ. Марфаға құлдай тәуелдiмiз.

Бiрде үшеумiз бiр-бiрiмiзге мұң шағып отырғанда Шөмiшбай маған:

– Пернебай Дүйсенбин менiң ауылдас ағам деп күпсiнiп, мақтанып отырсың. Қазiр ол кiсiнiң қолынан көп нәрсе келiп тұр. Университетте одан беделдi студент жоқ. өзi студсоветтiң председателi. Деканымыз Тауман Амандосов оны жақсы көредi. Неге сол кiсiге барып көмек сұрамайсың? – дедi.

Менiң Пекеңдi айтып мақтаныш етiп отыратыным рас едi. Мақтайтындай да бар болатын. Бұл кезде Пекең ауызға iлiгiп, нағыз журналист атанып жүрген. «Лениншiл жас» газетiнде өнер туралы жазған мақалалары, зерттеулерi жиi жарияланады. Оның сонау ит арқасы қияндағы Қап тауындағы Арменияға өз қаржысымен барғаны, сол елдiң әлемдi мойындатқан Ұлы суретшiсi Сарьянмен кездескенi, одан сұхбат алғаны аңыз болып тараған. Тәртiп бойынша ұлы суретшiмен кездесу үшiн қабылдауына бiрнеше ай бұрын жазылып қою керек екен. Және кiм көрiнгендi қабылдамайды-мыс. Бiр мысал, Аргентинадан келген атақты суретшiнi екi ай бойы есiгiнен қаратпай қойыпты. Ақыры ана байғұс өзi пiр тұтатын суретшiнiң сұлбасын да көре алмай, жылап-еңiреп елiне бос қайтыпты. Қонақүйге жататын ақшасы жоқ Пекең астына газет төсеп, суретшiнiң есiгiнiң алдында сiресiп жатып алған. Қабылдауын сұрап үздiксiз жеделхат жiберiп әбден мазасын алған. Сөйтiп, бiрбет, қайсарлығының арқасында Сарьянның жүрегiне жол тауыпты. Жанкештi студенттiң көк бөрiдей қайсарлығына тәнтi болып, ақыры қабылдаған. Екеуi бiрнеше сағат бойы әңгiмелескен. Ұлы суретшi өзiнiң жеке галереясын көрсетiп мақтанған. Кейбiр суреттерi туралы пiкiрiн де сұраған. Жалтақтауды бiлмейтiн тiк мiнезiне бағып өзiне ұнамаған суреттерiне сыни пiкiрлер айтқан. Сол сапардан «Лениншiл жас» газетiнде «Шуаққа iңкәрлiк» деген эссесiн жариялады. Бұл оқиға жөнiнде республикалық басылымдар таңдай қағып, шулап жазып жатты.

«Лениншiл жас» газетiнiң бас редакторы Шерхан Мұртаза Пекеңнiң талантын басқалардан бұрын таныған. Қолқа салып, газетке жұмысқа шақырып жүргенiн де естiгенбiз. Ол кезде бүкiл қазақ оқырманының мақтанышы, сүйiктiсi – жастар газетiнде жұмыс iстеу студент түгiлi, сары тiс, сарабдал, тәжiрибелi журналистердiң өзiне арман болатын. Мiнезi өте қатал, кiрпияз, қарамағындағыларға тастүйiн талап қоятын талғампаз Шерағаң өзi редактор болып тұрған уақыт iшiнде санаулы-ақ адамдарды жұмысқа шақырыпты. Бiрi – осы бiздiң Пекең, екiншiсi – Алтайдың бiр аудандық газетiнде жұмыс iстеп жүрген Оралхан Бөкеев. Оралхан бұл шақыруға қуана-қуана келiсiп, Алтайдан Алатауға қырандай ұшып жеткен. Ал, Пекеңнiң бұл шақыруды неге қабылдамағаны, газетке неге бармағаны маған осы уақытқа дейiн жұмбақ. Шерағаң кейiн «Егемен Қазақстан» газетiнiң тiзгiнiн ұстап тұрған кезде қазiргi Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетiнiң бас редакторы Қали Сәрсенбайды жұмысқа шақырған. Мұрты ендi ғана тебiндеп келе жатқан жас журналистiң қаламының қуаттылығына шүбәсiз сенсе керек.

Шерағаңның бұрқ-сарқ еткен қазанында қайнап шыққан журналистердiң осалы жоқ.

***

Пекең бұл кезде университет студенттер кеңесiнiң төрағасы. Былайша айтқанда, студенттердiң «көкесi». өзi озат оқиды, қоғамдық жұмыстардың белсендiсi. Кеңесте әртүрлi мәселелер қаралып тұрады. Көбiне тәртiп бұзушы студенттердiң, сабақтан көп қалатындардың, той-тойлап, сыра iшiп жүретiндердiң мәселелерi талқыланады. Кеңес мүшелерi – Пекең сияқты «кiсәпiрлер». Айыптыны аямайды, жерден алып, жерге салып, жан терiн шығарады. Егер кеңес қатал қаулы шығарса, тәртiп бұзушыны оқудан шығарып жiберуi де мүмкiн. Сондықтан, кейбiр студенттер аздап арақ iшiп алғанда Пекеңнен аулақ жүруге, көзiне түспеуге тырысады. Осындай талқыға түсiп қалғандар «Дүйсенбин декан Амандосовтан да, ректор Закариннен де қатал, бiрдемеңiздi бiлiп қалса, оңдырмайды. Ана кiсiлер бiздiң не iстеп жүргенiмiздi бiле бермейдi. Ал, Дүйсенбин қасымызда жүрiп бәрiн көредi, бәрiн естидi», – деп отыратын. Шынында да, Пекеңнiң арақ iшетiндерге қаны қас болатын. өзi ай сайын шығып тұратын «Журналист» газетiнiң редакторы әрi көркемдеушiсi. Оның бұл еңбегiн университет басшылығы жақсы бiледi, сондықтан да оны құрметтейдi.

Көбiмiз iштей «Пекең кейiн университетте мұғалiм болып қалатын шығар, әйтпесе, «Лениншiл жасқа» неге бармай жүр?» деп ойлайтынбыз. Баққожа мен Шөмiшбайдың айтып отырғаны осыдан едi. –

Қандалаға таланып, қанымызды қашанғы сорғызамыз? Жол азабын қашанғы тартамыз? Ағаң екенi рас болса, Пекеңе бар, бар да үшеумiздiң мүшкiл халiмiздi айтып, сораңды ағызып жыла, – дедi Баққожа гүрiлдеп. Бұл менiң бұрын ойыма келмеген жәй болатын. Шынын айту керек, бiр сабақтан сүрiнiп кеткенде де көмек сұрап алдына бармағанмын. Беделiн саудаға салғым келмеген. Ол кезде емтиханда бiр сабақтан үш алып қалсаң сорладың. Бiр семестр стипендиядан қағыласың.

Бұл дегенiң онсыз да қалтасы тесiк, ашқұрсақ жүретiн студент үшiн үлкен апат. Курстастарың отыз бес сомды сықырлатып санап алып жатқанда сен жетiм бұзауша көзiң бозарып ана жақта тұрасың. Бұл қорлық!

– Жақсы, барсам барып көрейiн, Пекеңе, – дедiм достарыма, – бiрақ…

Пекеңнiң мiнезi өзiме мәлiм. Ол ақжүрек, адал жiгiт. Заңның бiр әрпiн де бұзбайтын қатып қалған қатаң тәртiптiң адамы.

– Бiрақ-сырақты қой, – дедi Шөмiшбай шаужайдан алып, – тоныңды шешiп алмайды, бар да жағдайымызды айт. өйткенi, бiздiң ол кiсiден басқа үмiтiмiз жоқ.

Бiрнеше күн жүрексiнiп жүрдiм. Мен сонда ғана өзiме қанша жақын болса да, аса бiлiмдi, мәдениеттi, қақ-соқпен iсi жоқ, адал, тәртiптi адамның алды қатты болатынын ұқтым.

– Бар, – дейдi Шөмiшбай бүйiрден түртiп.

– Бар, – дейдi Баққожа артымнан итерiп.

Ақыры, «тәуекел» деп, «тас жұттым».

– Ассалаумағалейкүм, Пеке, – дедiм оңаша кездесiп, – сiзге сәлем берейiн деп келдiм.

– Жөн, жөн, – дедi қолымды қатты қысып, – неге көрiнбей жүрсiң? Елмен хабарласып тұрсың ба, әке-шешең, Майра аман-есен бе? Ауылмен жиi хабарласып тұр. Олар алаңдайды ғой. Сабағың қалай, айтпақшы, сен стипендия алмай жүр екенсiң ғой. Не болды, оқыған соң дұрыстап оқымайсың ба? әлде, Майраны сағынып алаңдап жүрсiң бе?

– «Военное дело» деген сабақ пәле болды, – дедiм күмiлжiп, – жатқан математика, тригонометрия, химия… мектепте де суқаным сүймеген сабақтарым едi. Солар менi қинап жүрген.

– Қинал, қиналмай алған бiлiм – бiлiм болмайды, – дедi Пекең өзiнiң насихатшы әдетiне басып, – қиындықты жеңе бiлу керек. Ал, жарайды, маған бiр шаруамен келгенiңдi көзiңнен оқып тұрмын. Жүр асханадан тамақ iшейiк, сол жерде айтарсың.

Тамақ iшiп отырып үшеумiздiң тартып жүрген азабымызды бүге-шүгесiн қалдырмай баяндадым. Қала шетiндегi сыз сасыған түрме сияқты тар жертөле, қарғыс атқыр қансорғыш қандала, тетя Марфаның төбемiзде ойнаған әңгiртаяғы, бәрi, бәрi айтылды.

– Шынында да, жағдайларың қиын екен, – дедi Пекең кәдiмгiдей жаны ашып, – бiрақ, қазiр жатақхана лық толы. Сонда да бiр орын қарастырып көруге болады.

– Жолдастарымнан ажырағым келмейдi. Не көрсек те үшеумiз бiрге көремiз. Мүмкiндiк болса үшеумiзге…

– Мен де өздерiң сияқты студентпiн, жатақханаға құзырым жүрмейдi. Жолдастарымды тастамаймын дегенiң дұрыс. Достарға адал болу – адамгершiлiк. Үш адамға орын табу оңай емес. Бiрақ, ойланып көрейiн. Рас-өтiрiгiн бiлмеймiн, бiр хабар естiп отырмын. Сол шын болса, мүмкiн көмегiм тиiп қалар.

Пекең ұзақ ойланбады. Бiр аптадан кейiн қуанышты хабар келдi. Бұрын абажадай кең бөлмеде бiр аспирант отбасымен тұрып келген екен. Сол жақында жеке пәтер алып, көшiп кетiптi. әкемiз «базардан келгендей» қуанған үшеумiз сол бөлмеге келiп орналастық. Пекеңнiң өзi бiзбен бiрге тұратын болды. Пекеңнiң университеттi бiтiретiн жылы. Азаннан қара кешке сарылып кiтапханада отырады. Амал жоқ, бiз де кiтапханаға барамыз.

Бөлмемiзде қатаң әскери тәртiп орнатылған. Бөлмеде сыра iшпек түгiлi, темекi шегуге қатаң тыйым салынған. Таңғы сағат 7-де тұрасың, кешкi 11-де жатасың. Күн сайын кезекпен шай қайнатамыз. Едендi, ыдыс-аяқты жалтыратып жуамыз. Апта сайын төсектi ауыстырамыз. Бiздiң қарсылығымызға қарамай, Пекеңнiң өзi де кезекшi болады. Жабайылау жүретiн бiз бұл тәртiпке әзер көндiгiп келемiз. Үшеумiз де әскерде болмағанбыз. Үйiмiзде «шөп басын сындырмаған» адамдармыз. Бiрақ, тәртiпке бағынуға тура келедi. Ана екi бойдаққа менiң жаным ашиды. Баққожа сүйiктi Нұржамалын, Шөмiшбай ғашығы Жұмагүлдi бөлмеге ертiп келiп қонақ ете алмайды. Сақырлаған сары аязда сыртта қыдыруға мәжбүр.

Пекеңнiң үйлену тарихы

Пекеңнiң бiзге ұнамайтын бiр «жаман» әдетi бар. Демалыс күндерi де тыным таппайды. Бөлмеге құшақ-құшақ кiтап әкелiп, көз майын тауысып сабақ оқиды. Бұрын еркiндiкке үйренiп қалған бiздер сыртқа шығуға қанша аңсарымыз ауып тұрса да, амалсыз үстелге отырып, кiтап ақтарған боламыз. Тағы бiр қасиетi – «театршыл» едi. М.әуезов атындағы театрда жаңа спектакль қойылса, оған мiндеттi түрде барады. Темекi шегетiн, анда-санда сыралатып қоятын бiздей емес, Пекеңнiң қалтасынан ақша үзiлмейдi. Кейде бiздi де театрға алып барады. Бөлмеге оралған соң спектакль бақайшығына дейiн талданады. Қай әртiс бейнесiн жақсы шығарды, қай әртiс көңiлден шықпады. Драматургтiң жетiстiгi қайсы, кемшiлiгi неде, бәрi-бәрi талқыға салынады.

Театрдан гөрi киноны, содан соң, сырахананы ұнататын мен де бiртiндеп сахна өнерiнiң құдыретiне түсiнгендей болдым. Атын естiгенiмiз болмаса, Алматыға келгелi есiгiн ашып көрмеген опера және балет театрына да барып тұрдық. Сөйтсек, нағыз жанды өмiр, өнер театрда екен ғой. Асанәлi әшiмов ағамыз ойнайтын қойылымдарға алдын ала билет алып қоямыз. Кейде билет болмай қалады. Ондайда Асекеңе барамыз. Ол кiсi бiзге кiруге рұқсат ететiн, бiрақ, орынсыз «контромарка» бередi. Соның өзiне қуанамыз. Мен Баққожа мен Шөмiшбайға «қыр көрсетiп», Асекеңдi де мақтан етiп қоятынмын. Ол кезде Алматының жоғары оқу орындарында бiздiң ауылдан көп балалар оқитын. ҚазМУ-дiң заң факультетiнде Болат Сенбин, Тiлеу Мырзанов, Қарғаш Смағұлов, биология факультетiнде Белетәлi әлжанов, физика-математика факультетiнде ортамыздағы ерке, жалғыз қызымыз Райхан Түсiпбекова, тарих факультетiнде Серiк Уәлиев, Политехникалық инстиутта Баймұрат Исатаев, ауыл шаруашылығы институтында Мэлс Смайылов, Серiк Жәкиев, зоовет инстиутында Пернебай әбдiрахманов, Аманшүкiр Елубаев, әбiлда Қонарбаев, пединститутта Қыранбай Қабыловтар бiлiм алатын.

Бәрiмiз жиналғанда бiр қауым ел боламыз. Мерекелерде бас қосып, той-думанға бiрге барамыз. Бiр қалада жүрсек те, сирек кездесемiз. Сондықтан, сағынысып тұрамыз. «Сынықтан басқаның бәрi жұғады» демекшi, олардың көбiсiне Пекеңнiң «театр ауруы» жұқты. әсiресе, Асекең ойнайтын спектакльдерде бас қосып, қуанып, мәре-сәре болып қаламыз. Бұл бiр өмiрi естен кетпес жарқын, көңiлдi, теңдесi жоқ тамаша жылдар едi.

***

Мен iштей ойлап жүретiнмiн, Пекең университеттi бiтiруге жақын. Жасы да екi мүшелге келiп қалды. Бiр қызбен кездесiп сөйлескенiн, кино, театрға шақырғанын естiген де, көрген де емеспiн. Қаратаудың құлжа арқарындай үнемi жалғыз жүредi. Анау 20 жастағы Мәмбеттiң Серiгi мен Уәлидiң Серiгiнде, Қабылдың Қыранбайы мен Донданың Болатында қос-қостан қыздар бар. Атақ-даңқы бiр адамға жетiп-артылатын бұл кiсiде неге қыз жоқ? Мен бiлемiн, Пекеңе көз сүзiп, сырттай ғашық болып жүрген қыздар көп. әнебiр Балқаштан келген әдемi қара қыз (жеңгемiздiң құлағына алтын сырға) кафеде менi сырамен сыйлап отырып:

– Пернебай ағаң екен, әрi бiр бөлмеде жатасыңдар, менi соған таныстырсайшы, – деп өтiнiш айтқан.

Бiздiң «компанияда» бiрге сыйласып жүретiн, кегендiк ботагөз ару қыз Пекең дегенде есi кетiп, «iшкен асын жерге қоятын». Бiр күнi оңаша шақырып:

– Қыз сезiмiн көрмейтiн, түсiнбейтiн қандай адам өзi. Мен ақша берейiн, үш билет алып келiп екеумiздi театрға шақыр. Ұяла-ұяла өлетiн болдым. Ендi ол жiгiтке өзiм сөз айтпасам болмас, – дедi ботагөз қыз жүзi нарттай қызарып.

Бiрақ мен Пекеңнен қаймығып, қыздардың ешқайсысына «жеңгетай» бола алмадым. Арақ iшпейтiн, темекi шекпейтiн, болашағы мол деп саналатын, атақты, оқымысты ағамыз талай қыздардың арманы, көз құрты едi. Оны өзi де iштей сезетiн болуы керек. Бiрақ, олардың бiреуiне де мойын бұрып қараған жоқ. Сөйтсем… Пекеңнiң сүйген сұлуы, емен жүрегiн жiбiтiп, жаулап алған асыл аруы ауылда, өзiмiздiң Жайылмада жүр екен ғой.

…Қысқы демалыста ауылда жүргенбiз. Бiр күнi Пекең үйге келдi. Қанша жыл бiрге жүргенде қыздар жөнiнде жақ ашпайтын ағамыз ғашықтық, махаббат жөнiнде жырлай жөнелсiн. Махаббат бiреу-ақ және ол мәңгiлiк болу керек дейдi. Алып ұшпа, жеңiл махаббат адамның бақытына балта шабады дейдi. Отбасын құру оңай шаруа емес, әбден ойланып, болашақ жарыңды қалтқысыз шын сүйетiнiңе, оның да сезiмi кристалдай таза екенiне көзiң жеткен соң ғана үйленуге тәуекел ету керек дейдi. Пәлсәпа соғып отырған Пекеңе таңқала қарап отырмын. Сөзiнiң соңында бiр қызға ғашық екенiн, жұмбақ қыз да өзiне мәңгiлiк жар болуға серт еткенiн жайып салды.

– Уәде бойынша, бүгiнгi түн қызды алып қашамын, – дедi Пекең маған сынай қарап, – сен күйеу жолдас болып бiрге барасың ба?

Тек қана өнердi, театрды, әдебиеттi, ғылымды ғана жан-тәнiмен сүйедi, қыздарға қыры жоқ деп жүрген ағамыздың мына батылдығына таңқалып, талып қала жаздадым. Япыр-ай, бұл кiсiнiң бiз бiлмейтiн құпиясы теңiздей терең жатыр екен ғой. Ол кезде қазақ дәстүрiмен құда түсiп, қызды қолдан ұзату өте сирек болатын. Жiгiт сүйген қызын алып қашады. Өзiн сүймеген қызды басып алып қашамын деп талай жiгiттер сотталып та жататын. Жексенбай деген досыма атын да бiлмейтiн, танымайтын бiр қызды алып қашуға қатысамын деп мен де сотталып кете жаздағанмын. Беделдi әкемнiң арқасында әупiрiммен әзер қалғанмын. Қанша дегенмен, қыз алып қашу – өте қызық оқиға, романтика!

Қыз алып қашу ерлiкке пара-пар iс. Өзiңдi баяғы замандағы барымташы, өжет жiгiттердей сезiнесiң. Бiраз уақытқа дейiн мақтанып, кеудеңдi қос қолдап соғып жүресiң. – Қыз қай жерден, мен оны танимын ба, аты кiм? – деп сұрақты жаудырып жатырмын.

– Танисың, өзiмiздiң Жайылманың қызы, аты – Зағиша, – дедi Пекең ақсұр бетi сәл қызарып, – екеумiз көптен берi уәде байласып жүргенбiз.

Ауылымыз бiр, оқыған мектебiмiз бiр, әрине, мен Зағишаны танимын, тiптi, жақсы бiлемiн. Ол елге аса қадiрлi ұстаз Спан ағайдың қызы. Зағишаның өзi де мұғалiм. Салмақты, сыпайы мiнезiмен, қызға тән нәзiк те сүйкiмдi қылығымен ел аузына iлiгiп жүрген мақтаулы арулардың бiрi. Бәсе, Пекеңнiң назарына анау-мынау қыз iлiге қоймаса керек едi. Екеуi бiр-бiрiне лайық, тең болатын.

– Мен дайын, – дедiм Пекеңнен әрмен қуанып.

Сол түнi Мәлiктiң «Газ-69» жеңiл көлiгiмен Зағишаны ұрлап алып қаштық. Уәделi жерге қыз Абаш деген жеңгесiмен бiрге келдi. Абаш та мектепте мұғалiм. Осы өңiрдегi ең сұлу, тәрбиелi келiншектердiң бiрi. Fзi Пекеңнен сәл-ақ үлкен. Бiраз әзiлдесiп, әңгiмелесiп тұрдық. Абашты үйiңнiң қасына апарып саламыз деп көлiкке алдап мiнгiзiп алдық. Сол бетпен Пекеңнiң үйiне қарай тiке тарттық. Абаш «ойбай, мен онда бармаймын, ұят болады» деп қарсылық көрсетiп келедi.

– Қазақ дәстүрiнде қыздың артынан қуғыншы келмей ме? Өзiңiздiң артыңыздан да жеңгелерiңiз қуып келдi ғой. Ұялатын ештеңе жоқ, сiз қуғыншысыз, – деп әзiлдеп қоямын. Пекеңде үн жоқ. Бұрын қыздардан қашып жүретiн сабазың Зағишаны құшақтап қатып қалыпты. Бүгiн келiншек түсетiнiн бiлетiн ағайын-туыс дайын отыр екен.

Пекеңнiң анасы Зағишаның маңдайынан сүйiп, батасын бердi, басына ақ орамал салды. Жеңгелерi қуыршақтай кiп-кiшкентай «су жаңа» жас абысындарын үлкен құрметпен қолтықтап апарып, ақ шымылдыққа енгiздi. Мен Пекеңнiң өзiме жасаған талай жақсылықтарының қарымын қайтарғандай мәз болып, қуанып жүрмiн.

***

Пекең мен Зағишаның үйлену тойы көп ұзамай Алматыдағы сәндi де салтанатты үлкен кафеде өттi. Тойға екi жүзге жуық қонақ келдi. Асаба болып тағайындаған заңгер Сенбин Болат екеумiз бұл тойға бiр ай бойы дайындалдық. Құттықтаушы әрбiр адамға сөздi қара сөзбен емес, жыр шумақтарымен берудi жөн деп таптық. Бұл тойдың өзге тойлардан өзгешелiгi де сол болмақ. Болат екеумiз қонақтарды көңiлдi күлкiге шомылдыратын әдемi әзiл әңгiмелердi жинадық. Осы кезде ақын атанып елге таныла бастаған Шөмiшбай мен Баққожа, Сұлтанәлi үлкен көмек көрсеттi. Олар бiздiң тапсырмамыз бойынша ойнақы, әзiл аралас жүздеген шумақ өлеңдер жазып бердi. Болат та, мен де өлең жазудан қара жаяу емеспiз, бiраз өлеңдердi өзiмiз шығардық.

Болат қара сөзге де шешен. Fлеңдердi әртiстерше шебер оқиды. Fзiнiң ән салып жiберетiн баритон даусы бар. Миланда оқып жүрген операның тарланбозы Амангелдi Сембиннiң немере ағасы ғой. Болаттың ағалары Қабыл, Дабыл, Жамбылдар елге танымал дәулескер домбырашы, күйшiлер. Жалпы, әулетiмен өнерге жақын адамдар.

Мен айнаның алдында сағаттап тұрып әзiл-сықақ оқуға жаттықтым. Театрға барып жүргенде есiгiнен сығалап, Асанәлi ағамыздың айнаның алдында кейiпкерiнiң бейнесiн пысықтап жатқанын көрiп қалғаным бар едi. Сол кiсiге елiктегенiм ғой. Той үстiнде жақсы тiлек айтқан, ән салып, жеке би билеген, әдемi әзiл айтқан адамдарға сыйлығымыз дайын.

Той дастарханы айтарлықтай көл-көсiр, мол болды. Ауылдан әкелiнген жылқының жуандығы жеңдi бiлектей қазысы мен қартасы, жал-жаясы, үйiтiлген қойдың семiз етi, алуан түрлi жемiс-жидек, ащы-тұщы сусындар дастарханның сәнiн кiргiздi. ән салмаған, би билемеген бiр адам жоқ. Он жыл бiрге оқығанда әу деген даусын естiмеген сыныптасым, Пекеңiң қарындасы ұяң мiнездi – Райхан Түсiпбекова да қыза-қыза келе бiр ән салып жiбердi. Серiк Жәкиев домбыраға қосылып Мәдидiң, Ақан серiнiң, Балуан Шолақтың әндерiн шырқады. Ол өзi оқитын институттағы атақты әншiлердiң бiрi болатын. Исатаев Баймұрат Құрманғазының, Дәулеткерейдiң, Тәттiмбеттiң күйлерiн тартты.

Ауылда жүргенде көркемөнерпаздар үйiрмесiне қатысып, «Қыз Жiбек» опереттасында Бекежанның рөлiн ойнап едiм. Тойда менiң де делебем қозып Бекежанның ариясын айттым. Даусым онша емес, жарқыншақ-жарқыншақ болса да, ел қошеметпен қол соғып жатыр. Сөйтiп, мен Асекеңнен бұрын Бекежан болғанмын. Қыранбай мен Уәлиев Серiк сол кезде кең тараған «шала-бала», «чарльстон», «твист» билерiн тоңқаңдап билеп, елден келген үлкен кiсiлердiң жағасын ұстатты.

– Ой, сұмдық-ай, мұндай да би болады екен-ау, – дестi таңданып.

Кейiн мен Пекеңнiң тойында Райханның ән салғанын айтқанымда сыныптастарым Сапан, Дәкен, Амантай, Қоқымдар да таңқалған.

– Бiрге өсiп, бiрге жүргенде Райханның ән салғанын естiмеген едiк, даусы қандай екен? – дестi.

– Бибiгүл жолда қалады, – дедiм мен әзiлдеп.

Той ымыртта басталып, таң атқанша созылды. Алуан түрлi арақ-шарап, шампан соншалықты мол болса да, бiр адам мас болмады. Расын айту керек, кейбiр тойларда жастар арасында төбелес болып тұратын. Оған өзiмiз де қатысып қоятынбыз. Бұл жолы той ың-шыңсыз, төбелессiз тарқады. Пекеңдi сыйлағандықтан болар, атақты даукес, шатақ мiнездi, жуан жұдырық Қарғаштың өзi сүйiктi әдетiнен «жаңылып», тыныш кеттi.

Тойдың соңында сөз сөйлеген ҚазМУ-дiң бiр мұғалiмiнiң:

– Пернебай, сенiң ауылыңның жастары шетiнен өнерлi екен ғой, – дегенi есiмде. Бұл сөзге бiз көпке дейiн мақтанып, желпiнiп жүрдiк.

Төрде отырған Пекең мен Зағишаның жүздерi бақыттан бал-бұл жанады. Адам қызығатын қандай жарасымды жұп. Екеуiнiң тойы – Алматыда өткен ең алғашқы студенттiк той болды. Сөйтiп, олар кейiнгi жастарға сара жол салып бердi. Осы жолмен кейiн Баймұрат, Камал, Амантай студенттiк үйлену тойларын жасады. Бұл тойларда да Болат екеумiз асаба қызметiн атқардық.

Тойдан соң, ауылдас студенттер бiрiгiп, елден келген үлкен кiсiлердi М.әуезов атындағы театрға шақырып, «Жаяу Мұса» спектаклiн тамашалаттық. Бiздiң ол кiсiлерге көрсеткен сыйымыздың бiрi осы болды. Бұл – сыйлайтын адамын театрға шақыратын Пекеңнiң үлгiсi.

«Өзi корректор, өзi редактор, өзi баспагер»

Пекең Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен Республикалық «Жалын» баспасы бiрлесiп өткiзген жабық бәйгесiн қатарынан төрт мәрте жеңiп алды. «Балауса» баспасының, «Парасат» журналының лауреаты атанғаны тағы бар.

Егер бүкiлхалықтық бұл бәйгелер ашық өткiзiлсе, «Пернебай бәйгенi тамыр-таныстықпен, беделмен алды» деуден тайынбайтын, «iшiне ши жүгiрмейтiн» қызғаншақ керауыздар табылар едi. (Өкiнiшке орай, арамызда ондайлар бар). Бiрақ, бұл бәйгелердiң барлығы жабық, аса құпия жағдайда өткiзiлдi. Сөйтiп, күдiкшiлдердiң көмейiне құм құйылды. Пекеңдi қазақ елiнiң оқырмандары, әсiресе, жас ұрпақ даусыз мойындады. Қазақта: «болатын елдiң баласы бiрiн-бiрi батыр дейдi» деген тамаша мақал бар. Кейде осы мақалдың түп-төркiнiне үңiлмейтiн аңғырттығымыз бар.

Мысалы, Марк Твен: «Том Сойер мен Геккльберри Финнiң бастан кешкендерi» деген балаларға арналған шағын кiтабымен-ақ ұлы жазушы атанды. Жастар оны сүйiп оқыды. Халық жазушыны АҚШ-тың президенттiгiне дейiн ұсынды. әне, Америка халқы өз жазушысын солай ұлықтаған, солай құрметтеген. Ал, Пекеңнiң «Жұмбақ жұлдыз», «Кiшкентай генералдар», «ән салыңызшы, әке», «Елгезек ертегiлер елiнде» деп аталатын кiтаптарының «Том Сойерден» қай жерi кем? Асып түспесе, кем емес.

Айта берсе, мысал көп. Лев Кассиль мен Макс Поляновский «Тимур және оның командасы» деген шағын кiтабы үшiн ұлы жазушы атағын алды. Чехов пен Короленко қысқа әңгiмелерiмен, Маяковский мен Есенин ұзын саны жүзге жетпейтiн өлеңдерiмен ұлылар қатарына қосылды. Орыс халқы оларды зор мақтаныш етедi. Ал, бiзде, қазақтарда, өз ұлыларымызды кештеу танитын бұйығы, шабан мiнез бар. Бұл – Бейiмбетке, Iлиясқа, Қасымға, Мұқағалиға, Қадырға, Тұманбайға, Төлегенге, Фаризаға байланысты айтылған ой. Неге бiз оларды ұлы ақындар деп айта алмаймыз? Айтсақ тiлiмiзге терiскен шыға ма? Олар сол атаққа әбден лайық адамдар ғой. Мен өз басым Пернебай Дүйсенбиндi нағыз балалар жазушысы деп атаудан әсте қаймықпаймын. Қазақ жазушыларының арасында менiң бұл пiкiрiме қосылатын азаматтар аз емес. Өйткенi, қазақ қана емес, бүкiл әлем жазушыларының арасында қатарынан төрт рет жабық өткен бәйгенi жеңiп алған ешкiм жоқ. Ол болмайтын да шығар.

***

Үнемi қимыл-қозғалыс, терең ой үстiнде жүретiн, шаршап-шалдығуды бiлмейтiн темiрөзек, құмырсқадай еңбекқор Пекең менiң көз алдыма таутұлға болып елестейдi.

Оның ақыл-ойы, бiлiмi, қазақтың шексiз-шетсiз даласындай кең. Осындай асыл азаматты дүниеге әкелiп, халыққа еңбек еткiзген Сарысудың қасиеттi топырағын сүйiп-сүйiп алғың келедi. Пекеңнiң туған топырағына сiңiрген терi, қызметi ұлан-ғайыр. Ол «Шежiрелi Сарысу», «Үркердей болып көшкен жұрт…» атты тарихи кiтаптарын жазды. Бұл кiтаптарды жазу кезiнде Пекең қаншама бейнет шектi. Орталық пен Батыс Қазақстанды жаяу аралап шықты деуге болады. «Инемен құдық қазғандай» әрбiр мәлiметтi тiрнектеп жинады. Мыңдаған адамдармен тiлдестi. Естiгенiн қойын кiтапшасына жазып алды. Ұзақ түндер сарылып отырып, сол мәлiметтердi екшеп, әдеби қалыпқа келтiрдi.

Кiтапқа өзi корректор, өзi редактор, өзi баспагер болды. Сөйтiп, қалыңдығы Қажымұқан бабамыздың саусағымен есептегенде төрт елi болатын шежiрелiк кiтаптарын жазып бiтiрiп, халқына ұсынды. Бұл – бiр адам емес, жүз адамның жүйкесiн жұқартатын жұмыс. Бiрақ, Пекеңнiң жүйкесi жұқармады. Шаршаған да жоқ. Өйткенi, ол халқы үшiн, болашақ ұрпақ үшiн тер төгiп жүргенiн бiлдi. Қайта, жiгерлене, шабыттана түстi. Менiң Пекеңдi «темiрөзек адам» дейтiн себебiм сол.

Пекең шежiремен шектелген жоқ, халыққа еңбегi сiңген атпал азаматтар туралы да бiрнеше кiтап жазды, жинақтар шығарды. Соның бәрiне уақыт, күш-қайрат тапқанына таңқаласың. Бұл орайда, өзi де бiлiмдi, тарихты, әдебиеттi сүйетiн жеңгемiз Зағишаның да еңбегiн атап өткен жөн. «Жақсы әйел – ердiң басын төрге сүйрейдi» демекшi, ол Пекеңе үнемi қолдау көрсетiп, жұмысына көмектесiп отырды. Пекеңнiң өзiнен аумайтын балаларын да тауып бердi, не керек, жағдайының бәрiн жасады. Зағишадай биязы әйелдiң қолынан шай iшiп отырып, жақсы кiтап жазбау мүмкiн емес. Сәбит Мұқанов: «Менi Сәбит еткен Мәриям» деп отырады екен. Сол айтқандай, «Пернебайды Пернебай еткен» ең алдымен өзiнiң тұнық таланты, екiншi – Зағиша деп ойлаймын.

***

Уақыт – мәңгiлiк механизм. Ол ешуақытта тоқтамайды, аялдамайды. Айлар адымдап, жылдар жылжып өте бередi.

Пеке, ғұмыр-жасыңыз ұзақ бола берсiн! Сiздiң бойыңыздағы тұнып тұрған талантыңыз бен қадiрқасиетiңiзден кейiнгi ұрпақтың алар еншiсi әлi көп. Сiз осы ғасыр үшiн де, келесi ғасыр үшiн де керексiз!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *