Темекі шегуге тыйым салана ма?

Жалпы, қазір әлемнің 60 елі осындай орындарды жойып, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Оларда шылым шегу бір жағынан сәннен шыққан. Сөйтіп, көп қалалар темекіні қоғамнан алып тастап жатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеулер бойынша, Қазақстанда ер адамдардың 44 пайызы темекі шегіп, 54 пайызы ішімдік ішеді екен. Өкініштісі сол, Қазақстан Еуропа аймағы бойынша алкоголь тұтынудан алдыңғы орында екен. Ал енді мамандардың айтуынша, елімізде темекі тартатын адамдар саны 4 млн.-ға жетеді дейді. Бұл ретте темекіге тосқауыл қоюдың және өлім-жітімді төмендетудің тиімді жолы – салықты көтеру екен. Сондай-ақ, енді қоғамдық орындарда шылым шегетін орындар жойылуы мүмкін. Өйткені, қазір мамандар осы мәселені қызу талқылап, Кодекске өзгеріс енгізу керегін айтып жатыр.

Жақында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс  бойынша жоспарланған іс-шаралар аясында Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің, сондай-ақ, жасөспірімдер мен студенттердің қатысуымен «Темекі және алкоголь өнімдерін тұтынуды шектеу» атты «дөңгелек үстел» өткізді. Онда Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жанар Төлебаева темекі бұйымдарының жаңа түрлерін шектеу бойынша «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс жобасына енгізілген өзгерістер туралы баяндап берді. Жиында «Темекісіз» ҚҚ-ның атқарушы директоры Жәмиля Садықова Кодекске енгізілген жаңа өзгерістер темекіге қарсы күрес бойынша ДДҰ шекті конвенциясына сәйкес келеді деп мәлімдеді.

«Қоғамдық орындарда темекі (қорқор) шегуге түбегейлі тыйым салуды Кодекске енгізу керек. Әрі шылым шегуге арналған бөлмелерді жою керек. Сондай-ақ, темекі тартуға арналған үлкен залдар, арнайы мейрамханалар бар. Оны нормаға сай етіп жасағандықтан, бұл – олар үшін тамаша айла.

Жалпы, әлемнің 60 елі осындай орындарды жойып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Оның үстіне, қазір шылым шегу – бір жағынан сәннен шығып барады. Тіпті, кей жерлер қоғамнан алып тастап жатыр. Солай болуы да керек. Бізде өкінішке қарай, бұл жағдай өзекті болып тұр. Қазір осы мәселе қаралып жатыр. Темекі мен алкогольге қарсы тиімді тәсіл – акцизді көтеру. Мәселен, темекінің бір қорабы 400 теңге тұрады. Оның 80 пайызы мемлекеттің үлесі болуы керек. Өйткені, осының кесірінен ауыратын адамдардың өліп жатқан жасушаларының еміне мемлекет төлеп жатыр. Ал бізде 5 пайызы да мемлекетке берілмейді», – дейді «Темекісіз» ҚҚ-ның атқарушы директоры Жәмиля Садықова.

Айта кету керек, ДДҰ ұсынысына сай орташа және төмен кірісі бар елдерде алкогольге қарсы саясаттың ең тиімді шарасы – алкогольдік ішімдіктерге акциздік салықтарды көтеру, алкогольді жарнамалауға тыйым салу.
Дайындаған – Құттыбек АЙМАХАН

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close