ТЕЛЕБАҒДАРЛАМАНЫ ҚАРИЯЛАР ОҚИ АЛМАЙ ЖҮР

Құрметті редакция! Мен «Ақшамды» көптен бері жаздырып алып оқимын. Өйткені, басылым маған ұнайды және онда жарияланған мақалалар әрқашан көңілімнен шығып жатады. Оның үстіне бұл газетте келесі аптаның телебағдарламасы қазақ тілінде толық шығып тұрады. Бұл біз секілді күнде теледидар көретін көрермендер үшін өте тиімді әрі қажет. Сондықтан да телебағдарламалар шығатын бейсенбі күнгі газетті теледидардың астындағы тумбаға қойып қойып, келесі аптада кино, концерт атаулының қашан, қай уақытта болатынын біліп жүреміз.

Дегенмен, атап өткеніміз жөн, «Алматы ақшамы» газетінде жарияланатын бағдарламалар өте майда әріптермен берілетіні жасырын емес. Сондықтан да «оларды ірілеу етіп басса, жақсы болар еді» деген тілегіміз бар. Өйткені, тым ұсақ әріптерді жасы келген кісілер көре ал­май, әжептәуір қиналады екен. Бұл ретте біздің ұсыны­сымыз, суретте көрсетілгендей етіп, осы бағдарламадағы қажетсіз сөздерді қысқартып, тіпті, түнгі 24.00-ден таңғы 6.00 сағаттар аралығындағы  «артық» жолдарды алып тастаса дейміз. Сонда, бағдарла­малардағы барлық арналар еркін сыйып, жазуларды үлкен әріптермен беруге болады-ау деп ойлаймыз. Егер мүмкіндіктеріңіз болса, осылай жасасаңыздар екен.

 

Ахат ЖИЕНӘЛІ,

Талғар қаласы,

Ломоносов көшесі, 50-үй.

 

Редакциядан. Құрметті Ахат Қанағатұлы, айтқандарыңызбен толық келісеміз. Бірақ, өкінішке қарай, Сіздің бұл өтінішіңізді орындай алмаймыз. Өйткені, біз газетке жарияланған телебағдарламаларды әр арнадан оқырман­дарымыз үшін сатып аламыз. Сондықтан да ондағы бағдарламаларды өзгертуге тек сол арналар ғана құқылы. Демек, біз телебағдарламадағы бір сөзді  де өзгерте алмаймыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *