ТЕКТІ КІСІ

Жақсыдан сөз қалсын

 

Есмұқан Обаев,

Қазақстан Республикасының халық әртісі

 

Бізді байытқан Қожа әпенді

1Тағдыр жазса, таудай тұлғалармен сұхбаттасып, бірге жүрудің өзі де бір бақыт. Ол кезде біз жаспыз. Жігіт кезіміз. Семей театрына қызметке келгенімде Бәйтен аға мені бір текті кісімен таныстырды. Үстіне кигені  – қара костюм, ақ жейде. Ақсары жүзді, сымбатты, ұзын бойлы, орта жастар шамасындағы зиялы жан. Өзі театр­дағы көркемдік кеңестің мүшесі екен. Аты-жөні – Қайым Мұхамед­ханов. Белгілі ақын, әдебиет сыншысы, Қазақ КСР гимні  авторларының бірі.

Бәйтен аға:

– Кәке, бұл Есмұқан деген ініңіз болады. Театрдың тізгінін енді осы жігіттің қолына тапсырамыз, – дегенде, ақырын ғана басын изеп:

– Болды. Өзіміз екен ғой, – деп қысқа жауап қатты да қойды.

Мен оған кейін туған ағамдай бауыр басып, ұстаз тұтып, тонның ішкі бауындай боп кеттім.

Өмірде осындай ақылды, пара­сатты, білімді, терең ойлы жандармен жолықтырған тағдырға іштей тәуба етіп, шүкіршілік жасаймын. Семей өңірінде Абайдың, Шәкәрімнің, Мұхтардың көзін көрген, үлгі алған, даналық мектебінен өткен кісілер көп болатын ол кезде. Әсіресе, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовке іні болып, тәлім-тәрбиесін көрген профессор, филология ғылымдарының докторы, драматург Қайым Мұхамедханов ағамыздың орны біз үшін ерекше еді.

Ол кісімен бірге талай рет сапарға шығып, қыр асып, аң аулап, Ертіс өзенін бойлап сонау Омск, Томскіге дейін барып қайтқан кездеріміз болды. Міне, осының бәрі де сабақ, үлкен өмір мектебі екенін кейін білдік.

Сол жылдары Семей театрында Қайым ағаның пьесалары бірінен соң бірі сахналанып жатты. Өзі де көркемдік кеңестің жұмысына жиі қатысып, жіті қадағалап жүрді. Ретіне қарай, құнды-құнды ұсыныстар жасап отыратын. Түркі тілдес халықтардың театрларымен тығыз шығармашылық байланыста болғанымызды қалайтын.

Бірде өзі театрға татар драматургі Ғалиасқар Камалдың «Қожа әпенді үйленді» деген комедиясын аударып әкелді. Қайым ағаның тілі уытты, әзіл-қалжыңы ұтымды болатын. Сондықтан да болар, Қожа әпенді енді қазақ ауылдарын емін-еркін аралап кете барды.

Жаз айларында театрдағы үш труппа үш жаққа ала жөнелді. Көрермен қауымның күлкіге, Қожа әпендіге деген ықыласы ерекше. Жаңылмасам, Семей театрының сахнасында бұл комедия жиырма жылдан аса уақыт  үздіксіз қойылумен болды.

Қайым ағамен көрші тұрдық. Үйіміздің арасы жақын. Кездесе қалған жерде Қайым аға жымиып: «Әй, Есмұқан, жүр», – деп шақырады.

Апайымыз бір алтын адам. Қашан келсең де дастарқаны дайын. Жыл­қының еті, қазы-қартасы үйіліп тұрады. Кей күндері көшеде сөмке көтеріп, базардан келе жатқанын көріп қаламын. «Көмектесіп жіберейін, апа» деп қолымды созсам, ылғи да: «Қоя ғой, жаным, бұл біздің үйреншікті шаруамыз», – деп күлетін. Кейін біл­дім, біздің апай базарға ет алуға барған кезде саудагерлер кезекке тұрады екен ғой.

– Әй, Есмұқан, бізді байытқан Қожа әпенді ғой! – деп кейде Қайым ағамыз сылқ-сылқ күледі.

Расында да, комедияның қалам­ақысы қомақтылау еді. Өйткені, театрда үздіксіз қойылуда әрі көрер­мен қауым да ағылып келеді.

 

Қара қылды қақ жару

 

Қайым аға қаламының желі бар қаламгерлерге тапсырыс беріп, пьеса жаздырыңдар деп жиі айтып отырушы еді.

Сол кісінің жөн сілтеуімен Қуандық Мәшһүр-Жүсіпке, Мерғали Ибраевқа, Медеу Сәрсекеевке, Ғазиз Сапаевқа хабарласып, пьеса жазуға кеңес берген кездеріміз болды. Олардың кейін поэзиядан, прозадан ат басын драматургияға қарай бұрған шақтарын көрдік.

– Артистерге жан айқайын сез­діретін сөз керек. Сендер қысқа да нақты жазуға тырысыңдар. Шұбырт­паға салсаңдар, ой адасады, – деп отыратын ағамыз.

Сол кезде Семейдегі Абай мұражайының шырақшысындай болып отыратын қадірлі, сыйлы, білімді Төкен Ибрагимов:

– Кәке-ау, бұлар бізді монолог­шылар дейді. Сіз енді, жеп отырған нанымыздан айыратын болдыңыз-ау, – дейді қалжыңдап.

– Әй, оның бәрі запыран ғой. Запыранды көбейтпеңдер, – деп, қысқа ғана қайырады Қайым аға.

Керекті жерінде қатты айтатын кезі де болушы еді. Бірде атақ-даңқынан ат үркетін үлкен актерге:

– Әй, сен мына жастарға кезек бер! – деп саңқ ете қалғаны есімде.

Қайым ағаның мұнысы – қара қылды қақ жарған әділдік еді.

 

Абай ауылына барғанда

 

Бірде ағамызбен бірге Абай туып-өскен аймақты араладық.

– Бөріліні көріп пе едің? – деп сұрады жолда менен.

Сонсоң, жүргізуші жігітке қарап, машинаны тоқтат дегендей белгі берді.

– Мұнда Мұқаңның шешесі жерленген, – деп, өткен күндердің тарихынан біраз сыр ақтарып, алыстан көрінген биікке көз салды. – Анау тұрған Қарауыл, Жидебай…

Сол кезде мен өзімді ұлы даладағы абайтану мектебінің табалдырығынан аттап келе жатқандай сезіндім.

Қайым аға Қарауылға кіреберістегі Шәкәрім қажының атылған жерін көрсетіп тұрып «Әй, иттер-ай…» деді басын шайқап.

Төрт-бес күн жүрдік. Абай туған өлкеде көне тарихтың көзіндей сұңғыла, пысық, ғұлама кісілер көп екен. Ұлы мектептің дәрісі дарқан далаға кең тарап, ұрпақтан-ұрпаққа көшіп, мұра боп қала берген екен-ау деп шүкіршілік етесің.

 

Сырттай оқу дегеніңіз…

 

Қайым ағам сабақ беретін институтта сырттай оқитын студент­тердің сессия тапсыратын кезі. Бұл бір қызық шақ. Той-думан. Сырттай оқу дегеніңіздің өзі, қыр-сыры көп нәрсеге ұқсайды. Кәкең «Аға, мынау Ақсуат­тың дәмі еді» деп артынып-тартынып келіп жататын шәкірттерінің меселін қайтармайды.

Ал ертеңіне кезек Жарманың дәміне келеді. Оларға да Қайым ағам қой демейді. Басын шұлғып, көзін жұмып отырып алдындағы «жүз граммның» да «көңілін қалдырмайды».

Бұл оның көңілшектігінен емес. Көпті көргендігінен. Ел азаматтарын сыйлағандығынан. Сырттай оқудың бәрібір оқу болып жарытпайтындығын  жақсы білетіндігінен болса керек деп ойлаймын.

Сонымен, Қайым ағам түнге қарай үйіне кемеден түскен адамдай шайқала басып келеді. Терезеден қайта-қайта сыртқа қарап, көңілі алаңдап жүрген апай есік алдында күтіп алады.

Кәкең табалдырықтан аттай бере пиджагін, галстугын, жейдесін кезек-кезегімен шешіп алып қала береді. Сөйтіп, ағам өзінің кабинетіндегі  диванға жетіп, қисая кетеді…

Таңғы сағат жетіде апай:

– Кәке, тұр, сабаққа баратын уақытың болды, – деп оятады.

Жаңа ғана қуырылған ыстық қара қуырдақтың исі бұрқырап, асүйде дайын тұрады. Кәкең көзін бір ашып, бір жұмып келіп, үстелге отырады.

– Әй, Кәке, кеше басың ауырып қалған сияқты ғой. Мынау соны алады. Кәне, тартып жібер, – деп апай жетпіс граммдық қырлы рюмкаға «жынды судан» аздап құйып береді. Ағам тартып жібереді.

– Қалай, Кәке? – дейді апай күйеуінің бетіне қарап.

Кәкең басын шайқайды.

– Қап, аз боп қалған екен-ау! – дейді апай бәйек болып. Сонсоң Кәкеңе  тағы бір рюмка құйып беріп:

– Қалай? – дейді.

Кәкең ақырын басын шұлғиды.

– Ой, құдайым-ай, – деп қуанады апай. – Алған екен ғой!..

Міне, осындай сыйластық, жара­сымдылық бар еді бұл отбасында. Ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне кейіп, ұрсу дегенді білмейтін. Бәрін іштей түсінетін. Іштей ұғатын. Кешіретін… Айтатын кезде бірі екіншісінің көңіліне қаяу салмай, ақырын ғана айтатын.

Кәкеңнің үйі тола кітап пен бала. Солардың бәрінің ретін тауып, тәрбие беріп, алтын ұяның ынтымағын сақтаған қайран апалар-ай, қайран ағалар-ай, сіздер қандай дана едіңіздер.

 

Кітап пен бала

 

Қайым аға сол кездегі Әнұранның авторларының бірі еді ғой.

«Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған», – деген жолдар ғаламат емес пе. Бойыңа рух беріп, көңіліңе қанат бітіреді.

Кәкеңдердің үйінің жанынан кейін Үкімет тағы бір жаңа үй салды. Сөйтіп, оларға үлкен пәтер берді. Қайым ағам кітаптары мен балаларын кең бөлмелерге орналастырып, өзі жеке кабинетке ие болып, қуанып қалды.

 

Жалғасы бар.

 

Әңгімені әзірлеген – Нұрғали ОРАЗ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *