ТЕКЕТІРЕС

Бұрын-соңды «қандай да бір елдің президенті аштық жариялады» дегенді естіп пе едіңіз? Мұндайда: «соншалықты оның басына не күн туды? Ол неге мұқтаж? Бар билік соның қолында емес пе?» деген тәрізді сұрақтардың қылаң берері хақ. Бірақ өмірде ондай да болып тұрады.

Олай дейтініміз, осыдан оншақты күн бұрын Моңғолия президенті Халтмаагийн Баттулга ұлттық С 1 телеарнасы арқылы тікелей халыққа арнап сөз сөйлеп, егер де ел парламенті – Ұлы Халық хуралы өзін-өзі таратпаса аштық жариялайтынын мәлімдеді.

 

 Әшірбек АМАНГЕЛДІ, «Алматы ақшамының» саяси шолушысы

Бір елдің мемлекет басшысының мұндай мәлімдемесі талайларды елең еткізді. Бұған қатысты саясаттану­шылар мен сарапшы мамандар: «қызуқанды да іскер Халтмаагийн Баттулга парламентпен тіл табыса алмаса керек. Сондықтан амалсыз осындай әрекетке бармақшы шығар», деп болжам жасады. Болжам қисынды-тын.

Естеріңізде болса, Халтмаагийн Баттулга 2017 жылдың шілдесінде оппозициялық демократиялық пар­тия­ның атынан президенттік сайлауға түсіп, 50,6 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Саясаткерлік тәжірибесі аз болса да кәсіпкерлікті дөңгелете жүргізіп, сонымен аты шыққан Х.Баттулга өзіне сенім көр­сеткен көпшілікке: «тұралап қалған Моңғолия экономикасының еңсесін көтеремін, елді қарыздан құтқарамын» деген уәде берген.

Расында да Моңғолияның ЖІӨ 15,7 млрд. доллар көлемінде болып, жан басына шаққанда 5400 доллардан айналғанымен, сыртқы елдерге қарызы 21 млрд. долларға жеткен. Оның 7 млрд.-ы үкіметтікі де, қалған 14 млрд.-ы жеке фирмалардың қарызы болса,  Моңғолия  үкіметіне 2017 жы­лы – $ 580 млн. қарызды, келесі 2018 жылы – $ 500 млн.-ды төлеу міндет­телген болатын.

Қызметке кіріскен алғашқы күннен-ақ Баттулга бұрынғы прези­денттер секілді зәулім резиденциядан бас тартып, ел қатарлы пәтерде тұратынын және орынсыз, артық-ауыс шығындардан бас тартатынын айтып, жұрттың көңіліне сенім мен үміт ұялатқан.

Дейтұрғанмен, Моңғолия парла­менттік республика болғандықтан президентте кең көлемді билік жоқ. Былайша айтқанда, оның дегені бола бермейді. Мұнда парламенттік сай­лауда, тіпті 90-жылдардан бергі тарихи кезеңде де сонау 1920 жылдан бері келе жатқан бұрынғы МХРП (Моңғол Халық Революциялық Партиясы) қазіргі МХП (Моңғол Халық пар­тиясы) басымдыққа ие болып келеді. Кешегі 2016 жылғы сайлауда да МХП парламенттегі 76 депутаттық орынның 65-ін иеленді. Соның нәтижесінде олар премьер-министр қызметін өздерінің өкілі Ухнаагийн Хурэлсухты отырғызды.

Осыдан байқап отырғанымыздай, парламент пен үкімет Халтмаагийн Баттулганың ойға алған жоспар-жобаларын іске асыруына мүмкіндік бере бермейтіні анық. Осы айтқаны­мыздай, президент күні бүгінге дейін парламент пен үкіметті «олигарх­тардың сойылын соғушылар, Қытай­дың ықпалында отырғандар» деп сынаумен келді. Сол себепті де, биліктің үш тармағының арасында қайшылық пен келіспеушілік туды.

Осы жылдың 30 қазанында Х.Бат­тулга әлгіндей мәлімдеме жасаған бол­са, арада апта өтісімен, яғни 6 қа­рашада Моңғолия Ұлы Халық құра­лының төрағасы Миэгомбын Энхболд президенттің парламенттің өзін-өзі таратуы жөніндегі талабына ресми хатпен жауап берді.

Спикердің айтуынша: «ел парла­менті Моңғолияның Конституция­сының талаптарына сәйкес жасақ­талған және соған сай қызметін атқаруда. Парламенттің тұрақты комитеттері мен оның тармақтары және уақытша комитеттер де ереже мен заңдарға сәйкес жұмыс істеп, қоғам және экономиканың өзекті мәселелерін уақытылы шешіп отырады. Демек, парламенттің өзін-өзі таратуына негіз жоқ».

Ал мемлекет басшысы Х.Баттул­ганың пайымдауынша, парламенттің қазіргі құрамы және олар қолдап сайлаған алдыңғы үкімет жетекшісі Жаргалтулгын Эрдэнэбат пен кейінгі премьер Ухнаагийна Хурэлсух, яғни биліктің екі тармағы халыққа берген уәделері мен міндеттерін орындамай отыр. Сондықтан өз еріктерімен орындарынан кетулері тиіс. Бұлай болмаған жағдайда ол наразылық шарасы ретінде жалғыз өзі аштық жарияламақшы.

Осылайша Ай мен Күннің ама­нында Моңғолия билігінде дағдарыс пайда болды.

Айтылған 6 қараша күні пре­зидент Х.Баттулга халықтың атынан арыз-шағыммен келген жүз шақты адамды қабылдады. Содан бір күн бұрын автокөлік жүргізушілері жанар-жағар майдың қымбаттауына қарсылық білдіріп, «көліктегілердің наразылық шеруін» өткізген болатын. Олардың түсіндіруінше көлік отыны бағасының өсуі азық-түліктің, қызмет көрсетудің қымбаттауына, сайып келгенде халықтың тұрмыс жағ­дайының қиындауына апарып соқ­тырады. Президентке арыз-шағыммен барғандардың арасында көлік жүргізу­шілермен қоса орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысуға несие ала алмай жүргендердің де өкілдері бар-тын. Ондай­лар Орта және шағын кәсіпкерлік қорының несиені қарапайым адамдарға емес, лауазымды тұлғаларға, билікте қан­дай да бір қызмет атқаратын шенеу­ніктерге берілетінін қатты ренішпен жеткізді. Президенттен мұндай алалауды тоқтатып, оған жол беруші қызметкерлерді заңға сәйкес жауапқа тартуды талап етті.

Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтын президент Х.Баттулга елдің 2019 жылға арналған бюджетіне вето қойды. Мұның себебін пре­зидент әкімшілігінің жетекшісі З.Энхболдың түсіндіруіне қарамастан парламенттегі заңнамалар жөніндегі тұрақты комитет мақұлдамады.

Қысқасын айтқанда, Моңғолия билігінде саяси дағдарыс: текетірес пен келіспеушілік белең алып тұр. Соңғы күндері бірауызды саналып келген Моңғол халық партиясының 27 депутаты парламент төрағасы Миэгомбын Энхболдқа премьер У.Хурэлсуханы қызметінен кетіру талабын қойды. Ал «Азаматтық та­бан­дылық және жасыл даму» пар­тиясы мұндай талапты қолдамайты­нын білдірді. Олардың пайым­дауынша, елдегі ішкі қайшылық күн­нен-күнге асқынып, даму тежелуде. Саяси және экономикалық топтар мемлекеттік мүддені ысырып қойып, жеке бастың қамын күйттеумен әуре. Мемлекеттік машина мұндай жағ­дайда қалыпты жұмыс істей алмайды. Әділеттілік тұншығып қалған. Премьерді босатқанынан пайда жоқ, оның орнына тағы біреу келеді. Сондықтан ең дұрысы – жүйені өзгерту керек. Ол үшін Жоғарғы Мемлекеттік хуралды таратып, қоғамдағы барлық топтар мен партиялардың өкілдерінен құралған Уақытша халық жиналысын сайлау қажет.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *