ТЕХНОЛОГТАР ТҮЛЕП ҰШТЫ

Рая ЕСКЕНДІР 

Қазақ технологиясының қарашаңы­рағы тағы бір тарихи оқиғаға куә болды. Алматы технологиялық университеті жанындағы Қазақстан-Швейцария  ин­сти­ту­тының туризм, мейрамхана және қонақ үй бизнесі мамандықтары бойынша ең алғашқы түлектеріне диплом табысталды. 2014 жылдан бастап «Туризм», «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі», сондай-ақ, «Іс-шараларды ұйымдастыру» салалары бойынша кадрлар даярлауға арналған қос дипломдық білім берудің Қазақстан-швейцариялық бірлескен бағдарламасы жүзеге асырыла бастаған еді. Міне, бағдарламаны сәтті аяқтаған түлек­терге Халықаралық менеджмент, туризм және қонақ үй институтының (HTMі, Швейцария) дипломы және ҚР мемлекеттік үлгідегі академиялық бакалавр дәрежесі тағайындалған диплом берілді.

Бұл оқиғаның ерекшелігі сол, қонақүй бизнесі саласында білім беру моделі алғаш рет Швейцарияда қалыптасса, оның мектептері аталған салалардың эталоны болып табылады. Швейцарияның дипломы әлемдегі жетекші қонақ үйлерге есігін ай­қара ашады.  Ал HTMі (Hotel and Tourіsm Management Іnstіtute Swіtzerland) – Швейцарияның академиялық дәстүрлеріне сәйкес жоғары білікті және жан-жақтан талап етілетін мамандарды дайындайтын әлемдегі алдыңғы қатарлы қонақ үй және туристік менеджмент институттарының бірі. Сондай-ақ, аккредиттеу жөніндегі Британдық Кеңес (BAC) тарапынан аккре­диттелген жалғыз Швейцария мектебі бо­лып табылады.

Өзінің тағы да түлектерін ұшырған АТУ-дың бас ғимараты бір сәтке басқа әлемге айналды. Алтын түстес өрнектермен безендірілген, асыл қара түсті мантия қою қызыл түсті мантиямен жарасымды үйле­сіп, жүздері қуанышқа толы түлектер ата-аналарымен, туыстары және достарымен бірге өмірлеріндегі асыға күткен маңызды сәтке жетті.

Іс-шараны АТУ ректоры, академик Т.Құлажанов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Түлектер мен олардың ата-аналарын айтулы күнмен құттықтап, HTMі басшы­лы­ғына алғысын білдірді. Ол ынтымақтасу тарихымен бөлісіп, қос дипломдық бағдар­ламаның артықшылықтарына тоқталды.

– Қуанышқа, бақытқа, естен кетпес кездесулерге, шаттыққа толы студенттік жылдарыңыз артта қалды. Сіздерге бұл қайталанбас сәттер мен жарқын естелік­терді ұмытпауларыңызды тілеймін. Аспан­дарың ашық, жолдарың айқын болсын! – деп жылы лебізін білдірді.

Сонымен қатар, іс-шара барысында АТУ мен HTMі арасында туризм және еліміздің қонақжайлылығы саласы маман­дарын бірігіп оқытудың 2 жылдық бағдар­ламасына хаттама жасалды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *