Тегін медициналық қызмет пакетін қайта қарау қажет

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бір ғана денсаулық сақтау саласына қатысты реформа емес. Бүгінде біз бетпе-бет келіп отырған өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, денсаулық сақтау саласын ақпараттандыру, медицина мамандарын даярлау сапасын көтеру сынды мәселелердің бой көтеруі – реформаның экономиканың барлық секторларына қатысы барын көрсетіп отыр. Оған қоса, денсаулық сақтау саласындағы жылдар бойы қорда­ланған бірқатар проблемалар да анықталды. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Елена Бахмутова бізге берген сұхбатында осы және өзге де мәселелер жайлы ой қозғады.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру 2020 жылға шегерілген болатын. Оның себебі неде? 

– Шегерілді дегенмен, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Оған дайындық сатысы толыққанды жүріп жатыр. Бүгінгі күнге дейін түскен сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 47 млрд. теңгеге жетіп жығылды. Бір жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп жатқан Медициналық сақтандыру қоры бүгінде медициналық қызметтерді сатып алушы рөлін атқарып келеді. Болашақта бұған әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті қосылады. Ендігі мәселе, сол екінші пакеттің қай жылы іске қосылатынында ғана.

Бір жағынан қорға қаржы түсіп жатыр және ол денсаулық сақтау саласына жетпей жатқан қаражаттың орнын толықтыруға көмектеседі. АҚШ, Ұлыбритания сынды дамыған елдерді айтпай-ақ, ЕАЭО-тағы жақын көршіміз Ресейді алып қарасақ, денсаулық саласына ІЖӨ-нің 3,2 пайызын бөледі. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,8 пайыз ғана. Екі елдің ішкі жалпы өнімі арасындағы айырмашылық та аз емес. Яғни салаға қаржы жетпейтіні даусыз. Сондықтан міндетті сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін қосымша медициналық қызметтер пакеті іске қосылып, жағдайдың біраз жақсарары хақ. Екінші жағынан, жүйені енгізу мәселесіне тежеу болып отырған проблемалар түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Бұл жерде мен өз күнін өзі көріп жүрген азаматтарды айтып отырмын. Біздің есептеуіміз бойынша, 2,2 млн. адам өзін-өзі сақтандыруы тиіс. Яғни олар ай сайын ең төменгі жалақының 5 пайызы мөлшерінде жарна аударып отырмаса, болашақта сақтандыру пакетін пайдалана алмайды. Бұл санаттағылар республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек пакетін ғана пайдаланатын болады. Қазір цифрландыру бағдарламасы қолға алынды. Осы бағдарламаның арқасында барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын бір-бірімен ықпалдастырудың маңызы артып отыр. Жалпы, цифрландыру бағдарламасының өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды заңдастыру, МӘМС пакетін іске қосу төңірегіндегі мәселелерді шешіп беретіні даусыз.

– Сақтандыруды кейінге шегеруге түрткі болған да дәл осы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесі ғой?

– Дұрыс айтасыз. Елбасының өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды сақтандырудан тыс қалмауын қарастыру туралы тапсырмасынан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі былтыр осы мәселемен айналысты. Министрлік салалық орган ретінде ынталандыру пакетін жасап шығуы тиіс. Сөздің шыны керек, бірақ бұл шаралармен бәрін қамту мүмкін емес. Қамтылмағандар өзін-өзі сақтандыруы қажет болмақ. Біз мұны жақсы түсінеміз және алдағы уақытта осындай азаматтарға сақтандырудың тиімділігін, жарна төлеудің оңай жолдарын түсіндіру жұмыстарын күшейтпек ойымыз бар. Жалпы, жарна төлеудің бірнеше жолы бар. Қазір сақтандыру жарналарын Қазпоштаның немесе банктердің кез-келген бөлімшесі арқылы төлеуге болады. Сонымен қатар, азаматтар төлемді «Қазпошта» АҚ-ның сайты арқылы жасай алады. Болашақта оны онлайн-банкинг жүйесі мен банк терминалдары арқылы төлеу мүмкіндіктерін қарастырамыз. Біз қазір екінші деңгейлі банктермен осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.  Ең бастысы, адамдар МӘМС шеңберінде аз ғана жарна төлеп, қосымша медициналық қызметтерді алуға болатынын түсінуі қажет.

– Елбасы биылғы Жолдауында осы пакетті оңтайландыру қажеттігін айтқан болатын. Оның себебі неде?

– Мемлекет басшысы кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің жаңа үлгісін жасап, мемлекет міндеттемелерінің шегін айқындауды тапсырды. Бүгінде бұл пакетке кіретін қызметтердің көбі қаржының аздығына байланысты толық көрсетілмейді. Салдарынан халықтың наразылығы үдеп отырғанын білесіз. Өйткені, қалың көпшілік қағаз жүзінде тегін делінген медқызметті сағаттап күтуге, болмаған соң, ақылы клиникалардың көмегіне жүгінуге мәжбүр. Сондықтан тегін көмек пакетін қайта қарап, сұраныс бар, тиімділігі жоғары қызмет түрлеріне басымдық берген жөн. Жолдауда медициналық көмектің құрылымын өзгерту, бюджет үшін қымбатқа түсетін стационарлық медицинадан тиімділігі әлдеқайда жоғары профилактикалық медицинаға көшу, созылмалы сырқаттарды диспансерлік бақылаудың орнына ауруларды тиімді басқару тәсіліне көшу жайлы айтылған. Жалпы, биылғы Жолдауда Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы бірқатар жобаларға қатысуына мүмкіндік беретін бірнеше стратегиялық бағыттар айқындалған.

– Тегін медициналық көмек пакетін оңтайландырумен кім айналысады?

– Жалпы, тегін медициналық көмек пакетіне ғана емес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне кіретін медқызметтер тізімі үкімет қаулысымен бекітіледі. Ал Денсаулық сақтау министрлігі өкілетті орган ретінде жұмыс тобын құрды. Жаңартылған тізімді дайындау үшін жұмысқа кәсіби мамандарды жұмылдыру қажет. Қарапайым халық өкілдері бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар арқылы атсалыса алады. Оған қоса, әзірленген жобалар жұртшылық талқысына беріледі. Қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті мен МӘМС пакеттерінің шын мәнінде тиімді болғанын қалайды. Біз үшін бұл пакеттердің болашақта халықтың өмір жасын ұзартып, өлім-жітімді азайтуға септігін тигізіп қана қоймай, тиісінше қаржыландырылуы, тиімді болғаны маңызды.

– Тегін медициналық көмек пакетін оңтайландыру мәселесінің дәл қазір көтерілуіне не себеп?

– Мемлекет басшысы осы жолы мемлекеттің міндеттемелеріне ревизия жасау мәселесін көтерді. Соның бірі – осы ТМККК пакеті. Жалпы, тегін медициналық көмектің қазіргі тізімі 2004-2005 жылдары жасалды. Тізім деген аты ғана. Онда көрсетілетін қызмет түрлерінің нақты тізімі берілмеген. Мәселе, міне, осында. 3 мыңға жуық медициналық қызметке кепілдік берілген, өкінішке орай толық тізім жоқ. Қағаз жүзінде кепілдік берілген қызметтерді алу үшін халық шын мәнінде апталап кезекке тұруға мәжбүр. Квотаны жылдап күтеді. Тиісті қондырғының жоқтығы немесе маман тапшылығы туралы айтпаса да түсінікті.

Денсаулық сақтау саласында әлі де шешімі табылмай жатқан мәселелер жеткілікті.  Сондықтан тегін медициналық көмек пакетін оңтайландыру уақыт талабы деп қабылда­уымыз керек. МӘМС денсаулық сақтау саласындағы осы кемшіліктерді ретке келтіріп, денсаулық сақтау ісіндегі ортақ жауапкер­шілікті арттырып, мемлекет, азаматтар және жұмыс берушілер арасындағы өзара ынтымақтастыққа негізделетін болады.  Бұрын жұмысшы сіздің денсаулығыңызға көңіл бөле бермейтін, ал енді бұл мәселеге олар үлкен жауапкершілікпен қарайтын болады. Ал МӘМС қорына аударылып жатқан қаражатқа алаңдамаңыздар дегіміз келеді. Ол қаражат МӘМС жүйесі толық іске қосылғанша Ұлттық Банкте сақталатын болады.

– Қордағы қаражатқа алаңдамаңыздар дейсіз ғой.

– Алаңдауға себеп те, негіз де жоқ.

– МӘМС  толық іске қосылғанша,  бұрын­ғыдай  тегін медициналық көмек аясында   емделе беретін боламыз ғой.

– Әлбетте.

 

 Әңгімелескен – Нұржамал БАЙСАҚАЛ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close