ТЕАТРДЫҢ ТҮРКИЯҒА САПАРЫ ТАБЫСТЫ БОЛДЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Түркияның Адана қаласында өткен V халықаралық театр фестивалінде өнер көрсетіп қайтты. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жазушы-драматург Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын сахналаған театр ұжымы үлкен қошеметке бөленіп қайтты. 

«Қорқыттың көрі» қойылымытүркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырауқобызшы Қорқыт бабамыздың аңыз өміріне арналған спектакль. КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, танымал литвалық режиссер Йонас Вайткус сахналаған бұл қойылымда театрдың 15 әртісі өнер көрсетеді.

Тәуелсіздік жылдары әкемтеатр Түркия елінде 2010 – 2015 жылдары аралығында өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, кәсіби мамандардан жоғары баға алған болатын.

 

«Қорқыт – бүкіл түркі халықтарына ортақ аңыз адам»

Адана қаласында осымен 5-рет ұйымдастырылған халықаралық театр фестивалі болашақта күллі түркі әлемінің мәдениетін дамытып, түбі бір түркі елдерінің өнерін өркендетуге үлкен септігін тигізетін әлемдік шаралардың бірі болмақ.                                                                                               Мәдени шара шеңберінде Адана қаласының Чукуров атындағы мемлекеттік консерваториясының профессоры, Әзірбайжанның халық әртісі Джахангир Новрузов бізбен сұхбат барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты түркі халықтары ерекше құрметтеп, қадірлейтінін айта келе «Қорқыттың көрі» қойылымы туралы өзінің ой-пікірін білдірді.              – «Қорқыттың көрі» қойылымы өте қызықты көріністерге толы болды. Бұл жұмыстарды жасаған режиссер, түркі әлемін жақсы сезіне білетін мықты режиссер екенін көрсетті. Қорқыт – бұл күллі түркі халықтарына ортақ аңыз адам. Театр ұжымы Қорқыттың түркі әлемінің рухани тарихын шаманизмнен исламға дейін толық аша білді. Бұл – өте терең философиялық жұмыс. Спектакльді тамашалауға келген Адана қаласының тұрғындары қойылымды өте керемет қабылдады. Әуезов театры актерлерінің шеберліктері көрермендерді қуантты. Көрермен мен сахнадағы актерлер арасында тіл табысу болған кезде театр өнері пайда болады. Қазақстандық актерлер театр өнерінің екі элементтен – көрермен мен актерден құрылғанын тағы бір рет  дәлелдеді. Ал бүгін нағыз театр болды, – деді Джахангир Новрузов.

«Біздің қаланың тұрғындары Қазақстанды өте жақсы біледі»

Адана қаласының ең басты ірі даңғылдарының біріне Н.Ә.Назарбаевтың атын беру туралы шешім Адана облыстық мәслихатының Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің құрметіне өткізілген отырысы барысында қабылданған екен. Бұл туралы бесінші халықаралық театр фестивалін ұйымдастырушы театр менеджері Али Гергенмен сұхбат барысында білдік.                                                                                                                             – Бұл халықаралық театр фестивалі Адана қаласында 2009 жылдан бері әр екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді, биыл, міне, осымен бесінші рет өткізілді. Ұйымдастырушылар – Адана қаласының әкімшілігі мен театр қызметкерлері. Биыл бұл халықаралық театр фестиваліне әлемнің әр түкпірінен келген 19 мемлекеттің өнер ордалары қатысты. Айта кетерлігі, біздің қаланың тұрғындары Қазақстанды өте жақсы біледі. Өйткені, қаламыздың басты көшелерінің бірі Қазақ елінің көшбасшысы, Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталады. Ол көше халықаралық театр фестивалі өткен қаламыздың бас театры орналасқан жерге жақын орналасқан, – деді Али Герген.

«Жоғары деңгейде өнер көрсеттік»

Бізге берген сұхбат барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс Түркиядағы сапары туралы былайша ой бөлісті:                                 – Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәде­ниет» жобасын жүзеге асыру жөнінде айтқан еді.  Жалпы, мәдениетіміздің озық үлгілерінің әлемдік деңгейге көтерілуі біздің театр үшін де, ұлт үшін де өте маңызды. Мәдениет ұлттың ар-намысы, жүрегі, болмысы болғандықтан, біздің театр ұжымы халықаралық сахналарда өнер көрсетіп келеді. Түбіміз бір Түрік елінің оңтүстігінде орналасқан Адана қаласында өнерімізді көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленіп қайттық. Жалпы, екі елдің, түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты, достастық қарым-қатынасты нығайту мақсатындағы бұл мәдени шарада біздің театр ұжымы әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алды деп ойлаймын, – деді актер Бекжан Тұрыс.                                            Түбіміз бір түркі елдер болғандықтан, екі елдің ынтымағы жылдан-жылға артып келеді. Қойылымның басты кейіпкері – Қорқыт бейнесін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда қойылым аяқталған соң, қазақ елі егемендігін алған кезде ең бірінші қолдау көрсеткен түрік халқын ешқашан да ұмытпайтынын айтты. Қазақ пен Түрік мемлекетінің арасындағы достық, мәдени байланыс берік бекіп, содан бері өзінің жарасымды жалғасын тауып келе жатқанын тілге тиек еткен актер екі мемлекеттің елшілігіне алғысын білдірді.                                                                Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Бауыржан Қаптағай түркі әлеміне ортақ Қорқыт туралы қойылымға, актерлардың кәсіби шеберлігіне түрік ағайындардың өте жоғары баға бергендерін, қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екенін дәлелдегендерін айтты.             – Осы сапарымыздың алдында Францияға барып келдік. Жалпы, шет елдерге барған кезде театр ұжымының алдында үлкен жауапкершілік болады. Себебі, мұндай халықаралық фестивальдерге еліміздің атынан келгеннен кейін, жүректе бір серпіліс болады. Спектакль басқа елде қалай өтеді екен деп іштей ойлайсың. Құдайға шүкір, қойылымды сәтті сахналадық. Қойылымды тамашалаған көрермендердің қошеметінен, жылы лебіздерінен, жүздеріндегі көтеріңкі көңіл күйлерінен шындығында да қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екен деген ой түйгіздік деп ойлаймын. Өнерімен дүние жүзін таң қалдырып келе жатқан қазіргі қазақ театры сол биіктен аласармағанын тағы бір дәлелдеді. Театрдың әртістері бар күштерін салды. Шетелдік сыншылар, театр директорлары, жылы лебіз білдіргендердің барлығы нағыз театрды көрдік деп айтып жатты. Осылайша, біз елімізге үлкен мақтанышпен оралдық, – дейді Бауыржан Қаптағай.                                             Сапар барысында М.Әуезов театры түркі әлеміне ортақ абыз, қобыз атасы Қорқыт туралы қойылым арқылы бауырлас түркі халықтарының рухани құндылықтарын, мәдени байланысын одан әрі өркендетіп, мәдени-рухани тәжірибе алмасуды жалғастыруда лайықты үлес қосып қайтқанын атап өткіміз келеді. Түрік халқымен тарихы тереңінен бастау алған қарым-қатынасымыз, мәдени байланысымыз жыл сайын жоғары деңгейде жалғасын тауып келеді. Түркияға жасаған сапарымыз да соның бір айғағы. Қорыта айтқанда, түбіміз бір түрік елінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысып, мәдени өміріне қанығып, елге көтеріңкі көңілмен қайттық.

Әділғазы Бақытұлы.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *