ТЕАТРДЫҢ ҒАЗИЗАСЫ

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында  Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Ғазиза Әбдінәбиеваның 70 жылдық мерейтойына арналған «Ғазизаның сырлы әлемі» атты кеші өтті. Әсем әнмен әрленген мерекелік кеште қоғам қайраткерлері қуанышымен құттықтап, сахна саңлағының жүрегін жылы лебіздерімен жылытты. Мерейтой иесі сахна төрінде өзінің өнер жолы мен шығармашылығы, биікке жетелеген ұлағатты ұстаздары жайында жүрек сырымен ой бөлісті.   

Балнұр АХМЕТ

Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ресей Федера­циясындағы Төтен­ше және өкі­летті елшісі Иманғали Тасмағам­бетов мерейтой иесіне ақ тілек­терге толы құттықтау хатын жолдады.

«Құрметті Ғазиза Мәкеш­қызы. Сізді мерейлі тойыңызбен және осынау өмірдің асқаралы биігін бағындырған абыройлы белесіңіздегі шығармашылық жолыңыздың мәртебелі кешімен шын жүректен құттықтаймын. Сөз жоқ, бұл тек сіздің ғана емес, өзіңіздің ұзақ жылдар бойы театр атты киелі сахнаның сара жолын сақтап, төл мәдениетімізді бап­таған майталман еңбегіңізді шы­найы бағалайтын барша өнер­сүйер қауымның толайым қуа­нышы деп білемін. Өйткені, жүздің бейнесін, мыңның тағдырын сомдау екінің біріне қона бермей­тін ерекше дарынды ғана емес, осының арқасында тұтас елдің болмысын толғап, ішкі тілегін жалғай білетін зерделі зиялы­лықты талап етеді. Ол да болса өзіңіздей рухани тұңғиығы терең өнер адамының шығармашылық мәртебесін мойындаған патша көңіл көрерменнің сізге және сіз арқылы барша театр саңлақ­тарына, ал өнерпаз қауымның өз жанкүйерлеріне деген өзара риясыз құрметі. Ендеше, сізге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық, театр мен кинодағы майталман еңбегіңізге мол табыстар тілеймін», – делін­ген Иманғали Тасмағамбетовтың құттықтау хатында.

Сондай-ақ, кеште Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев кеш иесін құттықтап, шаһар басшысы Бауыр­жан Байбектің құттықтау хатын табыстады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров те мерейтой иесін құттықтап, оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хатын тапсырды.

Алматы мемлекеттік Құр­манғазы атындағы Өнер инсти­туты, Театр факультетінің актер бөлімін бітіргеннен кейін, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан еңбек жолын бастаған өнер иесі – 1993 жылдан бүгінгі күнге дейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында талмай еңбек етіп келеді. Көрермен қауымға рөлде­рінің шынайылығы арқылы та­ныл­ған Ғазиза Әбдінәбиева театр сахнасында әлемдік классика мен заманауи драматургияда 50-ден астам образдарды сомдап, рес­публикалық және халықаралық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте жүлдегері атанған. Сондай-ақ, ширек ғасыр ғұмырын әкем­театрына арнаған актриса бала­ларға арналған телебағдарла­ма­лардағы рөлдері арқылы да көп­шіліктің көңіліне жылу ұялатады.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *