Театр сахнасында романтикалық мектепті қалыптастырушы

3061КСРО халық әртісі Шәкен Аймановты шәкірттері еске алды 

Өнерде де, өмірде де кіршіксіз таза жандар 

М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы, режиссер әрі актер, КСРО халық әртісі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының иегері Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толуына орай еске алу кеші болып өтті. Театр музейінен алынған ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылық жолынан мол дерек беретін сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға Шәкен Кенжетай­ұлының шәкірттері, театр және кино саласының майталмандары қатысып, ұлы ұстаздары туралы естелік айтты. Сахналық жобасын Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев жасап, театр актері Азамат Сатыбалды жүргізген еске алу кешінде кезінде Шәкен Айманов театр сахнасы мен кино экранында сомдаған рөлдерінен үзінділер көрсетіліп, театр әртістері Ғалымбек Оспанов, Алмас Шаяхметов, Гүлнұр Шыңғысова, Ажарлым Бақытжанқызы ұлы режиссер түсірген көркем фильмдерде орындалған  әндерді шырқағаны еске алу кешінің мазмұнын аша түсті. Бұл күнде Шәкен Айманов тәрбие­леген талантты шәкірттерінің көшін бастап келе жатқан КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі ӘШІМҰЛЫ  ұстазын еске алу кешінде өзінің көкейіндегі сөзін көпшілікке жеткізді:

— Биылғы жыл қазақ өнеріндегі ұлы тұлғалар — Шәкен Айманов пен Сабира Майқанованың туғанына 100 жыл толған айтулы мерекелер жылы болып жарияланды. Жыл басынан олардың кіндік қаны тамған туған жерінен бастап  мерекелік жиындар, театр фестивальдары өтті. Бұл екі саңлақ та бүкіл кино мен театр өнерінде ірі тұлға­лардың бейнесін сомдаған, өзінен кейінгі­лерге өнеге көрсеткен бөлекше дарын иелері болды. Қазақ аман болса, бұл азаматтардың тойлары алдағы кезде де өте беретін болады. Олар туралы әңгіме де таусылмайды. Естелік кітаптарымда да көп жазғанмын. Алдағы кезде де жазып, кезі келген жерде айта да береміз. Өнердің шын құдыретін халыққа танытқан, соңына өшпес із қалдырған айтулы жандар болды. Олардың кезінде сахна мен кинода сомдаған рөлдерінің көпшілігі ұмыт болып та кетті. Көрген адам көрді, көрмегені қайтадан кезіктірмейді. Бұлар  өнерде де, өмірде де кіршіксіз таза, жалған сөйлеуді білмейтін өнегелі тұлғалар бола білді. Сол азаматтармен өнерде бірге жүріп, ақыл-кеңесін тыңдағаны­мызға әр уақытта қуанамыз. Жалғыз мен емес, барша шәкірттері үшін ұлы той деп есептей­міз. Олардың сахна мен кинода жасаған өнерін қанша қайталап көрсек те құмардан шық­паймыз. Біздің де олармен сахналас, экрандас болған кезіміз аз болмапты. Олардың әр сөзі бізге құранның сөзіндей әсер етті. Бізге берген өнегесі өмірбақи азық болды. Өнерде ұлы актер, өмірде ұлы адам. Олардың өнегесін көрген мына Торғын, Сәбиттер де кіршіксіз таза жандар. Өйткені, солардың өнерін көрді, үлгі алды. Кезінде Қалекең мен Серағаңдар ойнаған рөлімізді көріп: «Олай емес, былай жаса» деп үлкендік ақылын айтты. Екеуінің де университет бітірген дипломы, арнайы актер­лік білімі де жоқ. Олар жастайынан өмірден тоқып өскен даланың Софокльдері еді. Қали­бек Қуанышбаев пен Шәкен Аймановтың   жақындығы — әке мен баланың сүйіспен­шілі­гіндей еді. Қалекең ауырып жатқанда Шәкең түсіру алаңында жүріп, кешігіңкіреп келеді. Шәкеңе өкпелеп, теріс қарап жатқанда: «Әй, шал, сен неге жатсың? Тұр, ақшаң бар ма, қарта ойнайық!» — деп үйреншікті қалжыңын айтқанда Қалекең бетін бұрып, қолын көтереді. Қалекең өмірден өтіп бара жатып та қалжыңын тастамаған.  Біздің халқымызда Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Шаяхметов сияқты, одан ертеректегі Сәкен Сейфуллин бастаған Алаш азаматтары қайталанбас тұлғалар. Сондай азаматтарды өмірге алып келген халқымыз үшін өткен ғасыр шын мәнінде алтын ғасыр болып есептеледі. Сол азаматтардың арманы орындалса екен дейміз. Елбасымыздың халыққа Жолдауы, айтқан сөздері елдің құлағына жетсе екен деп тілеп жүреміз. Қазақ халқы өте таза, жүректері кіршіксіз, арам ойы жоқ, бөлекше жаратылған. Сол Алаш азаматтарының арқасында кең байтақ жерімізге, тілімізге, дінімізге ие болып отырмыз. Бүгінгі той — тек өнердегі қос саңлағымыздың тойы болумен қатар, жалпы халқымыздың тойы. Осындай жиында пікір алыссақ, ұлы тұлғалардың атына жақсы сөздер айтсақ, жарасады. Қазақ өнерінде тер төгіп, еңбек еткен ұлы тұлғалардың аруағы қолдап жүрсе екен деп тілеймін. Қамшының сабындай қысқа өмірде бір-бірімізді қолдап, қорғап жүргеннен басқа не бар дейсің. Бұл — жасым 75-ке келгенде қысқа өмірден түйгенім.

Қазақстанның халық әртісі Есмұхан ОБАЕВ: — Жастар театрында жүрген кезімде Шәкен Аймановтың соңынан ерген, спектакльдерде ойнағанда, қолы бос кездерінде жанында өнегесін алған жастардың бірімін. Қатарластарымен қарта ойнап отырғанда маған ақша беріп қойтын. «Таста!» дегенде ортаға ақша тастап, ақша таусылып қалғанда «Пазорник!» деп ұрсып алатын. Содан мені «Пазорник» деп атап кетті. Шәкен ағамыз күнде кеш жатып, кеш тұратын. Сағат он бірлерде телефон шалып: «Шәке, сізді бір қауым ел театрда күтіп отыр!» — дейтінбіз. Ол кісі әртісті көзінен не сөзінен біледі ме, шын талантты танитын. Олардың әрқайсысына рөл беретін, өнерге тартатын. Шәкеңнің арманы жоқ, тек өмірден ерте кеткені арман. Қазақ өнері үшін көп шаруа тындырды. Бүгін шағын болса да ұлы актердің өнер жолынан кейінгі жастарды хабардар ету мақсатында  үзінділер көрсетіп отырмыз.

«Нүкетайдың тоқал болғысы келмейді»

Қазақстанның халық әртісі Нүкетай МЫШБАЕВА: — Шәкеңді еске алғанда қазақтың бұрынғы сал-серілері — Ақан сері мен Біржан сал еске түседі. Ол кісінің қасында оншақты нөкері, қыз-келіншектер жүретін. Шәкең түсірген «Алдар көсе» көркем фильмінде байдың рөлін Құрманбек Жандарбеков ойнады. Оның алты әйелінің үлкен бәйбішесін Хабиба Елебекова, ал, тоқалының рөлі маған тиді. Бәйбіше шалын кейінгі әйелдерінен қызғанады. Көп әйел алған шалға иіліп сәлем берген кезімде басымдағы дағарадай сәукеле жерге түсіп кетті. Шәкен ағамыз: «Стоп! Қайтадан түсіреміз!» — деді. Екінші мәрте киіз үйдің табалдырығынан аттай бергенімде сүрініп кетіп, құлап қалдым. Сәукеле тағы да ұшып кетті. Жалаң басым шалдың екі аяғының ортасына келді. «Қап, Шәкен аға тағы ренжитін болды-ау!» деп қатты қысылып тұрғанда ол кісі қарқылдап күліп жіберді. «Әй, Құреке, Нүкетай саған тоқал болғысы келмейді!» деп әзілге жеңдіріп жібергені қолтығымнан демегендей болды.

Шәкен аға өлген жоқ, ол кісі мәңгі тірі. Соңында тәрбие­леген шәкірттері, немере-шөберелері бар. Өзінің туған ұлындай көретін Асекең Әшімов бар. Қазір Асанәлінің қасында да оншақты нөкер еріп жүреді.

Қазақстанның халық әртісі Торғын ТАСЫБЕКОВА: — Шәкен ағаның өнерін сахнадан тамашалап, сыртында хормен қосылып, әнін айтып тұратынбыз. «Асау мен тұсау» қойылымында ол кісімен бірге шағын рөлде ойнаған кезім де болды. Ол кісінің өнердегі өнегесін алған талай азаматтар, Әнуарбек Молдабеков бастаған қыз-жігіттер, өмірден өтіп кетті. Қазіргі кезде бес-алты ғана шәкірті қалған екенбіз. Шәкен ағаның жүрген жері күнде қызық, күнде той болатын. Жиындарда әнін шырқап, әзіл-қалжыңын айтып, көпшілікті көңілдендіріп отыратын. Театрымыз гастрольдік сапармен басқа  елдерге шыққанда да Шәкен ағамыз жас актерлерді қанатының астына алып, қамқорлық көрсетіп жүретін.

Шәкен Аймановтың көпшілік ғұмыры М.Әуезов атындағы академиялық драма театрымен тығыз байланысты болды. Семейдегі педагогикалық техникумда көркем­өнерпаздар үйірмесіне қатысып жүргенде 1933 жылы Алматыға шақыры­лып, қара шаңырақта 1953 жылға дейін өнер көрсетті. 100-ден аса рөлдерді орындаған актер режиссер ретінде де қазақ сахнасында романтикалық мектептің негізін  қалыптастырды. Шәкен Айманов шығармашылығының екінші кезеңі ұлттық кино өнерімен тығыз байланысты болды. Кинодағы алғашқы еңбегі «Аманкелдіден» бастап, көптеген көркем фильмдер жасады. Қазақ киносының кәсіби дамуына ерекше үлес қосқан режиссер киностудияны басқарумен қатар, еліміздің Кинематографистер одағын ұйымдастырып, басқарманың алғашқы басшысы болды. 1963 жылы Каир қаласында өткен Азия мен Африка елдері және Мәскеудегі ІІІ Халықаралық кинофестивальдар қазылар алқасының мүшесі болды. Биылғы елімізде өткен 100 жылдық мерейтойы Шәкен Аймановтың қазақ өнеріндегі жұлдызы биік екенін көрсетті.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *