Театр фестивалi таңдаулыларды анықтады

Өтеш ӨТЕУЛIҰЛЫ

М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Театр көктемi – 2011» фестивалi биыл он төртiншi рет өтiп отыр. Cахна өнерi тарихында ерекше орын алатын театр фестивалiнiң өткендi екшеп, келешек бағдарды анықтап алуда маңызы зор. Жыл сайынғы Наурыз мерекесi мен Халықаралық театр күнiне орайластырыла өтетiн дәстүрлi фестиваль театр репертуарын байытуға, драматургия, режиссура, актер шеберлiгiн зерделеуге кең жол ашады. Фестивальдiң ашылу құрметiне бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерiмен болған баспасөз конференциясында М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының көркемдiк жетекшiсi әрi директоры Есмұхан Обаев, директордың кеңесшiсi, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова, театр режиссерi Әубәкiр Рахимов, театр актерлерi Данакүл Темiрсұлтанова, Еркебұлан Дайыров пен Ләззат Қалдыбекова биылғы театр көктемiне жоспарланған шаралар туралы айтып, журналистер қауымының сауалдарына жауап бердi.

«Театр көктемi – 2011» фестивалi КСРО халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Ыдырыс Ноғайбаевтың туғанына 80 жыл толуына арналды. Бүкiл саналы ғұмырын ұлттық сахна өнерiне арнаған Ыдырыс Ноғайбаев театрда еңбек еткен қырық жыл iшiнде жүз елуден аса күрделi образдарды сомдады. Сырт тұлғасы мен дауысы келiскен актер Еуропа мен орыс классиктерiнiң, қазақ драматургтерiнiң шығармаларындағы басты бейнелердi шеберлiкпен орындады. Қазақтың кино саласында да көптеген көркем фильмдерге түстi. Кейiпкер болмысын ашуда өмiр бойы iзденiп өткен актер өзiнен кейiнгi жастарға да ұстаздық етiп, талай таланттарды тәрбиелеп шығарды. Алдағы күзде болатын қазақ театры фестивалiнде ұлы актер мен оның өмiрлiк серiгi Фарида Шәрiпованы еске алу шаралары өткiзiлетiн болады.

Биылғы театр фестивалi репертуарында М. Әуезовтiң «Абай» (режиссерi Е. Обаев) мен «Еңлiк-Кебек» трагедиясы (режиссерi Хұсейiн Әмiр-Темiр), Н. Гогольдiң «Үйлену» комедиясы (режиссерi В. Захаров), автор әрi режиссер Әубәкiр Рахимовтың «Қылмыскерге куәлiк» комедиясы мен Е. Жуасбектiң «Күлемiз бе, жылаймыз ба?» комедиясы (режиссерi М. Ахманов) көрсетiледi. Бұлардың алғашқысы өткен маусымның қойылымы болса, қалғандары жаңа 85-маусымның туындылары. «Театр фестивалi –2011»-де актер шеберлiгiне ерекше көңiл қойылды. Ер және әйел актерлерi өнерi, көрермен көзайымы, актер дебютi, үздiк сахналық көрiнiстер қазылар алқасының талқысынан тыс қалмады. Фестиваль күндерi театр басшылары, режиссерлар мен актерлер көпшiлiк көрерменмен кездестi. КСРО халық әртiсi Ыдырыс Ноғайбаевтың актерлiк жолынан мол мағлұмат беретiн көрме ұйымдастырылды. Театр фестивалiн өткiзуге жұмсалатын шығындар театрдың жекеменшiк қорына түскен қаржыдан алынды.

Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, театр сыншысы Әшiрбек Сығай бастаған қазылар алқасы мүшелерi Әлия Бөпежанова мен Бақыт Нұрпейiс КСРО халық әртiсi, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi Ыдырыс Ноғайбаевқа арналған «Театр көктемi – 2011» фестивалiнiң арнайы жүлделерiн мына актерларға лайық деп шештi:

«Тұсаукесер» жүлдесi – «Күлемiз бе, жылаймыз ба?» қойылымындағы Эля рөлi үшiн Салтанат Бақаевға, «Үйлену» қойылымындағы Дуняша рөлi үшiн Саяжан Құлымбетоваға, «Үмiт» жүлдесi «Абай» қойылымындағы Мағыш рөлi үшiн – Гүлнәр Шыңғысоваға, «Көкейдегi кейiпкер» жүлдесi «Қылмыскерге куәлк» қойылымындағы Табан рөлiн сомдаған – Шалқар Үркiмбаевқа, «Есте қалар кейiпкер» жүлдесi «Үйлену» қойылымындағы Агафья Тихоновна рөлiн сомдаған Күнсұлу Шаяхметоваға, «Есте қалар кейiпкер» жүлдесi «Қылмыскерге куәлiк» қойылымындағы Әкiм рөлiн сомдаған – Мұрат Нұрәсiловке, «Кейiпкерге сүйiспеншiлiк» жүлдесi «Абай» қойылымындағы Әбiш рөлi үшiн – Берiк Айтжановқа, «Сахналық дәстүр сабақтастығы» жүлдесi «Еңлiк-Кебек» қойылымындағы Кеңгiрбай рөлi үшiн – Айдос Бектемiрге, «Сахналық үйлесiм, актерлiк дуэт» жүлдесi «Күлемiз бе, жылаймыз ба?» қойылымындағы Апа рөлi үшiн – Данагүл Темiрсұлтановаға, осы спектакльдегi Ата рөлi үшiн Бақтияр Қожаға, «Екiншi кезектегi ер адам» жүлдесi «Абай» қойылымдағы Айдар рөлi үшiн – Еркебұлан Дайыровқа, осы қойылымындағы Керiм рөлi үшiн Дулыға Ақмолдаға, «Екiншi кезектегi әйел адам»  жүлдесi «Абай» қойылымындағы Ажар рөлi үшiн – Баян Қажнабиеваға, осы қойылымндағы Қанiкей рөлi үшiн – Қымбат Тiлеуоваға, Бас жүлде «Абай әлемi – сахна сәнi» «Абай» қойылымындағы Абай рөлi үшiн – Ерлан Бiләловқа табыс етiлдi.

Сондай-ақ, бiр топ БАҚ өкiлдерi «Театр және ақпарат» жүлдесiмен марапатталды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *