ТАЗАЛЫҚ ТАЛАБЫ

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК

Жұмыс берушiлер халықтың әлеуметтiк жағдайы төмен топтарын жұмысқа белсене тартып, оларды еңбекақымен қамтамасыз ететiндей жағдай туғызу қажеттiгi маңызды.

(Елбасы Жолдауынан).

Ары өткен, берi өткен сайын бiр кiсiнi бiр жерден күнде көре берсеңiз, күндердiң күнiнде жүзi жылыұшырап, бұрыннан танитындай жақыныңызға айналып кетедi екен. Сап-сары камзол киiп, тыным таппай жүретiн осы апайды мен үнемi осы жолдың бойынан көремiн.

Бұл кiсi (суретте) Алатау ауданындағы «Шаңырақ-1» ықшамауданының үстiн қиып өтетiн М.өтемiсұлы көшесiнiң Рысқұлов даңғылына шығар тұсында жүредi. Бұл маңда бүкiл елiмiзге белгiлi бұрынғы «Қазтүстiметмаш», қазiргi «Массагет», оған жалғаса «LG» зауыттары орналасқан. Қаладағы №41 жалпы бiлiм беретiн мектептiң екi жерде жайғасқан қос ғимараты да осы айналада.

Шынашақтай ғана кiп-кiшкентай апаны осы зауыттардың бiрiнде аула сыпырушы болып iстейтiн шығар деп ойлап жүретiнмiн. Бiздiң буын мекемелердегi аула сыпырушы дегенге әбден үйренiп қалған ғой, бiрақ бұл кiсi зауытта жұмыс iстемейтiн болып шықты.

Кеше жолда келе жатып, жасы үлкен кiсiге арнайы тоқтап сәлем бердiм. Бұл Алатау ауданына қарасты «Аванқұрылыс» мекемесiнде аула сыпырушы болып iстейтiн Тоқтагүл Нұралиева екен. Зейнеткер.

– Бұрын «Селденқорғау» мекемесiнде едiм, 2004 жылдан берi осы «Аванқұрылыста» еңбек етемiн. Алматыда 1993 жылдан берi тұрамын. 45-46 мыңнан асатын еңбекақымыз бар, ара-арасында сыйақы берiлiп тұрады. Кей күндерi аудан әкiмi арнайы келiп жағдайларымызды сұрап, дем берiп кетiп тұратыны бар. Осының өзi адамды жұмысқа ынталандырып, бойымыздағы еңбекке деген, көше тазалығына деген құлшынысымызды арттыра түседi. Қажет екенiн түсiнесiз. Қыста қармен арпалысып, жаз айларында қоқыс тазалаумен айналысамыз. Қажеттi техникалардан да еш қиындық көрген жерiмiз жоқ. Елге артар да еш өкпемiз жоқ, ары-берi өтiп жатқан адам болған соң, қоқыс тасталмай тұрмайды, соны дер уақытында тазалап отыру – мiндетiмiз, – дедi ағынан жарылған Тоқтагүл апа бiздiң сұрағымызға орай.

Осындайда баяғы студент кезiм ерiксiз еске түседi. 80-жылдардың басында елiмiздегi жалғыз журналистика факультетiнiң бiлдей студентi бола жүрсек те, намыс көрмей, кез-келген жерде жұмыс iстеп кете беретiнбiз. Қосымша табыс ол кездерi де артықтық етпейтiн. Сондай уақыттардың бiрiнде Опера және балет театрының артында жайғасқан «Совминнiң ауруханасы» деп аталатын аурухананың жаңадан салынған жоғарыдағы корпусында аула сыпырушы болып iстегенiмiз бар едi. Курстасым Ескендiр Ертаев екеумiз таң атар-атпастан қолтығымызға папкамызды қысып, мойнымызды галстукпен қылғындыра байлап алып, шырт түкiрiп, аурухана қызметкерлерi сияқты әдемi ғимаратқа кiрiп бара жатамыз. Iшке кiрiп, арнайы берiлген бөлмемiзде киiмiмiздi ауыстырып, жеп-жеңiл желең жамылып шыға келемiз. өзiмiзге бөлiнген аймақты тап-таза етiп тазалап, су шашып, ауасын бiр жаңартып қоямыз да, түк болмағандай суға шомылып алып, мойынға «қарғы бауымызды» қайта байлап, университетке қарай аяңдайтынбыз. Медбике, дәрiгер қыздардың өзi қызыға қарап тұрушы едi. Күндегi көрiнiс осы болатын, сол уақыттарда бiз де бiреулерге жылыұшырап көрiнген шығармыз-ау…

Кейiн оқу бiтiрiп, қызметке араласып кеткен соң, өмiр бойы сыпырғы ұстамаған адамдай бола қалдық қой. Дегенмен, ұзақ жылдар бойы күнде таңертең сырт-сырт еткен әдемi әуен жүрек жылыта ұйқыдан оятып жүрдi. Жұрт таңғы ұйқының тәп-тәттi балқаймағын бұзып, кiрпiгiн қимылдатқысы келмей жатқанда, санасына сергектiк сыйлай кететiн де осы әуен болатын. Ол кезде күнде таңертең аулаңыздың айналасы тап-таза болып, тiптi есiгiңiздiң алдына дейiн су себiлiп жатушы едi. Жаздың әдемi күнiнде таңертең ерте тұрып, ұйқыашар таңғы жаттығуымызды жасап жатқанда, көше жиегiндегi ағаш-талдар мен әдемiлiк әрiн кiргiзiп тұрған гүл-бақшаларға су себелеп тұрған жiгiт ағасын көретiнбiз. Сол уақыттарда көше тазалығы, аула тазалығы дегендерге қоғамның өзi әбден үйренiп алған екен-ау. Аула сыпырушы кәсiбiне екiнiң бiрiнiң қолы жете бермейтiн. өйткенi, бұл жұмыстардың да өзiндiк жақсы жақтары бар едi. Екi жыл жұмыс iстегеннен кейiн Үй басқармалары арқылы кезексiз тұрғын үй берiлетiн. Бiр ғана осы ынталандырудың өзi қала тазалығын тұтас ұстап тұрды. Ол өз кезегiнде жалпы қоғамдық сананың да оң қалыптасуына ықпал еттi. Бiзге қазiр бiр жетiспесе, осындай көзқарас жетiспейтiн сияқты. Қала тазалығы деп дабырлай бергеннен гөрi, соған апаратын жолды дұрыс таңдап алуымыз қажет-ау осы. Әсiресе, қар қалың жауа бастаған қазiргiдей кездерi көше тазалығына жалпы жұртшылық болып жабыла кетпесе, тiрлiк бiтушi ме едi?

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *