Тау кластерін дамытудың жоспары жасалды

Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша Австрияның «Master Concept» компаниясы мегаполис айналасы мен алматылық агломерацияның 2030 жылға дейінгі тау кластерін дамытудың шеберлік-жоспарын жасады. Туризм саласын дамыту мақсатында өңірдің барлық тау локациялары қамтылатын болады. Соның ішінде Терген, Ақ Бұлақ, «Oі-Qaragaі Lesnaya Skazka», «Табаған», «Бутаковка», «Пионер», «Көкжайлау», Шымбұлақ және Қаскелең бар.

«Master Concept» компаниясының бас директоры Гернот Ляйтнердің айтуынша, алматылық өңірдің тау кластерінің турис­тік потенциалы өте жоғары. Шеберлік-жоспар аясында 470 шақырым соқпа және 85 шақырым велосипед жолдарын, 45 шақырым атпен жүру бағыттарын, 250 шақырым шаңғы трассаларын дамыту қарастырылған. Бұл – трассалардың ағымдағы ұзындығынан 6 есе ұзын.

Қала әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары кезінде Алматы облысы әкімдігінің басшылығымен бірге көшпелі жиын өткізіп, өңірдің барлық тау локацияларын қарап шықты.

Шаһар басшысы тау аумағында қол­жетімді спорттық-отбасылық курорт ұйым­дастыру үшін «ЦСКА» тау шаңғысы база­сын қаланың коммуналдық меншігіне беру жөнінде мәселені қарастыруды тапсырды.

Бұдан өзге, қала әкімі Бауыржан Бай­бек тау туризмін дамыту мақсатында «Пионер», «Oі-Qaragaі Lesnaya Skazka» тау курорттарына дейін қала маңындағы елді-мекендерге тасымалдауды ұйымдастыруды тапсырды. Жаңа автобус бағыттары апта­сына үш рет (жұма, сенбі,  жексенбі күндері) 2-3 сағаттық интервалмен қаты­найтын болады.

Айта кетерлігі, тау кластерін дамыту туралы шеберлік-жос­парын жасау жөнін­дегі меморан­думға қол қоюға Алматы қаласы мен Алматы облысы­ның әкім­діктері, Іле-Алатау ұлттық паркі, «Қазақ туризм» және «Master Concept» ком­пания­лары қатысты. Шеберлік-жоспа­рының концепциясын талқылау тобына мемле­кеттік орган­дардың, туризм саласындағы халықаралық компаниялардың, қоғамдық қорлардың, туристік ассоциациялардың, жоғары оқу орындарының, спорттық туризм федера­циясының өкілдері енді.

Н.АСЫЛ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *