ТАУ-КЕН ҒЫЛЫМЫНЫҢ АТАСЫ

Ол – елімізде тау-кен мектебінің негізін қалаған алғашқы  инженер геолог.

Ол – артына көп салалы ғылыми мұра қалдырған ғалым, тұңғыш академик.

Ол –   ұлттық тау-кен ғылымының орасан зор табыстарға жетіп, әлемдік биікке көтерілуіне айрықша еңбек сіңірген тұлға.

Ол – Қазақстан геологтары ғылыми мектебінің негізін қалаушы.  Қазақстан  ғылымының атасы.

 

Ғылым академиясының тұңғыш президенті

Ұлы тұлғалар болашақ ұрпақтың сана­сында, рухани өмірінде өзіндік  орын алу үшін олардың өмірбаяны мен қызметі туралы  толық мағлұматтар мен дәйекті зерттеулердің маңызы зор. Мемлекетіміздің сондай тұғырлы тұлғаларының бірі, Елбасы атап көрсеткендей, ХХ ғасырдағы қазақ халқының дарынды перзенттерінің бірегейі – Қаныш Имантайұлы Сәтбаев  еді.

«Біздің қазақ даласы қай заманда да дарынды адамдарға кенде болмаған, әлемдік өркениетке сом үлес қосқан, осы­дан мың жыл бұрын жасаған әл-Фарабиден бастасаңыз, 500 жыл бұрын Мұхаммед Хайдар Дулатидан бері қарай таратсаңыз, Абай мен Шоқанға дейінгі аралықта ғылым аспанында халқымыздың құйрықты жұлдызы болып аққан талай перзенттерін атауға болады. Ендігі жерде  сол есімдерге бүгінгі тәуелсіздік тұрғысынан  лайықты бағасын беру, ұлтымыздың мақтанышы – адамзаттың мақтанышы екенін көрсете білу баршаңыздың, сіздер мен біздердің парызымыз». Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті   Нұрсұлтан  Назар­баев­тың бұл тұжырымы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ғалымның бес томдық таңдамалы еңбектері 1967–1970 жылдары жарық көрді.  Академик еңбектерінің басым көпшілігі рудалық кендер геологиясын және Қазақ­станның минералдық ресурстарын зерттеуге арналды. Пайдалы қазындылардың бол­жам­дық карталарын құрастырудың прин­циптерін айқындаудағы ғалымның еңбегі өте зор. Ол Кеңес Одағы бойынша  метал­логения ғылымын жасаушылардың бірі.

Қазақстанда қара металлургияны дамыту мақсатында ХХ ғасырдың   40-жыл­дарының  басында республика аума­ғында ірі металлургия зауытын салу мәсе­лесі көтерілді. Сол кездерде КСРО Ғылым академиясының  Қазақстандағы филиалы­ның Геология институтында Қ.И.Сәтбаев­тың бастамасы  бойынша республикада  темір мен марганец кен орындарының геологиялық-экономикалық сипатта­маларын беру және болашақ металлургия зауытының шикізат қорын әрі қарай ұлғайту жөнінде үлкен жұмыстар атқарыл­ды. Қаныш Имантайұлы өзінің әріптесте­рімен бірге 1942 жылы осы зауытты сала­тын жерді белгілейтін Үкімет комиссия­сының жұмысына қатысты. Олар сонда Қарағанды қаласының іргесіндегі Теміртау алабын таңдап алды. Осыған орай респуб­ликада барлық ғылыми-зерттеу мекеме­лерінің жұмысын үйлестіріп отыратын ғылыми-техникалық кеңес құрылды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ­стан, Орал, Батыс Сібір ресурстарын қорғаныс мұқтажына жұмылдыру мақса­тымен құрылған КСРО Ғылым академия­сының В.Л.Комаров басқарған комис­сиясы Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің көптеген салаларын құру қажет екендігін айғақты фактілермен дәлелдеген болатын, ал оның жұмысына Қ.И.Сәтбаев та белсене араласты.  1942 жылы «Қазақ КСР-індегі Жез­қазған аймағының кен орын­дары» деген еңбегі үшін Қаныш Иман­тайұлына КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Сол жылдың тамыз айында ғылыми еңбекте­рінің жинағы бойынша және ғылымды ұйымдастырудағы зор еңбегі үшін ол геология-минералогия ғылымдарының докторы дәрежесін алды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы бүкіл ел үшін маңызы зор ауқымды жұмыстар атқарды. «Филиалдағы ғылыми жұмыстардың өте-мөте анағұрлым өсуі біздің еліміздің қанқұйлы жауға қарсы қайрат-күш жұмылдырған Ұлы Отан соғысы кезінде байқалды. Сол жылдары Қазақстанға көптеген ірі қорғаныс зауыт­тары көшіп келді.  Қазақстан майданды металмен, қару-жарақпен және азық-түлікпен қамтамасыз ететін қуатты арсе­налға айналды. ҚазҒАФ қорғаныс өнер­кәсібіне жан-жақты көмектесті, республи­кадағы табиғи ресурстарды ел қорғанысы үшін тауып, жұмылдырып, үлкен жұмыстар атқарылды» деп жазды 1946 жылы Қ.И.Сәтбаев.

1946 жылы 1 маусымда  республика өмірінде, қазақ халқының ғылымы мен мәдениетінің дамуында айрықша мәнді оқиға болғаны бәрімізге мәлім. Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылып, оның тұңғыш президенті болып Қ.И.Сәтбаев сайланды. Республиканың ғылыми орталығында бұл уақытта 1500-ден астам адам, оның ішінде 78 ғылым докторлары және профессорлар, екі жүздей ғылым кандидаттары жұмыс істейтін. Сонымен бірге, қазақ ғалымда­рының да саны өсті, олардың арасында 12 ғылым докторлары және отыздан астам ғылым кандидаттары болды.

Қ.И.Сәтбаев тұжырымдағандай, Қазақ­стан ғылымының 1932–1951 жылдарға дейінгі жиырма  жылдық тарихын 1932–1940 жылдар, 1941–1945 жылдар және  1946–1951 жылдар деп үш кезеңге бөлуге болады. Ғылым академиясы — бірыңғай ұйымдық құрылымға біріктірілген әр түрлі профильді ғылыми мекемелердің жүйесі. Бұл жүйе  Қазақстан халық шаруашылығы үшін тіршілікке маңызды проблемалардың кең ауқымын жан-жақты кешенді зерт­теуге мүмкіндік берді.  1951 жылы ҚазКСР Ғылым академиясы республиканың ірі кешенді орталығына айналғанын айта кеткен жөн. Академияда төрт бөлімге біріктірілген 20 институт 12 сектор жұмыс істеді. Сондай-ақ, академия құрамына 8 кешенді ғылыми-зерттеу базалары, обсер­ватория, республикалық ботаникалық бау, іргелі ғылыми кітапхана, ғылыми журнал­дар мен монография шығаратын баспаха­на, т.б. енді. Академияның құрамында 1951 жылы 55 ғылыми мекемелер жұмыс істеді, қызметкерлердің саны 200  адамнан асты, олардың ішінде 64 ғылым докторы, 275 кандидат және 200-ден астам аспирант болды. Бұл кезеңдерде  ғылыми кадрлар  жылдан-жылға өсіп, ғылымның дәуірлеу кезеңі байқалды.

 

Қазақстандық металлогения мектебі қалай дүниеге келді?

Қаныш Имантайұлы үшін өмірінің басты мазмұны өз Отаны – Қазақстанына деген шексіз сүйіспеншілікте еді. Ғалым республиканың халық шаруашылығы мен мәдениетін жедел көтерудің ықпалды тұлғасы  болды.

«Қаныш Имантайұлы кабинеттік ғалым емес еді, – деп еске алады академик Н.В.Мельников. Ол ғылым мен практика­ның тұрақты байланысын және өндірістің мүддесін ескеру ең басты деп санады. Ғылымды ол еліміздің күштерін дамытудың қуатты көзі деп есептеді».

Ғылым кадрларын даярлау мен тәрбиелеуде Қ.И.Сәтбаевтың рөлі өте зор болды. Ол қырқыншы жылдардың басынан бастап, ғұмырының аяғына дейін Қазақ КСР Ғылым академиясы мен тау-кен маман-кадрларын даярлауға тікелей өзі араласып, артынан көптеген шәкірт тәр­бие­леп шығарды. Академик Д.В.Наливкин: «Халық тарихында кез-келген  жеке адамның рөлі соншалықты емес. Ал кейде, тіпті, жүз жылда бір рет кемеңгер, жарқын, халқына мақтаныш болатын тұлғаның тууы мүмкін. Қаныш Имантайұлы ғылымның нағыз басшысы болды. Ол қандай жұмыс­ты бастамасын, ол жұмыс қандай көлемде болса да, ол әрдайым даусыз басшылық ететін, әрі жұмыстың құндылығы да арта­тын. Осы ерекше қызмет орында ол өмірінің соңғы күндеріне дейін істеді. Қатты науқас бола тұрып, ол соңғы күшін қызметке жұм­сады. Осы қызметте – қазақстандық ғы­лымның басшысы қызметінде  қайтыс бол­ды» деп келтірген екен өзінің естелігінде.

Қаныш Имантайұлы  өзінің көп жылғы жемісті еңбектерімен Қазақстанның геологиясы мен металлогениясын зерттеу тарихында терең із қалдырған ғалым. Жүргізілген жұмыстың ерекше мақсатқа бағытталғандығының және оның ұжымдық  түрде атқарылуының – басқару ісінің бір орталықта болуының арқасында 1953 жыл­дың басында Орталық Қазақстан бойынша көп материалдар жиналып, талдау жұмыс­тары аяқталды. 1954 жылы алғашқы карталар макеттерін және жүйелендірілген металлогениялық болжам карталарын жасау аяқталды. Бұл туралы  Қ.И.Сәтбаев: «Металлогениялық болжам картасы әр аймақтың геологиясы мен металлогениясы туралы біздің ұғымымыздың пирамидасы­ның шыңы болуы керек» деп жазды. Қазақ­стандық металлогения мектебі осылай дүниеге келді. Бұл – дүние жүзіндегі  алғаш­қы металлогениялық болжам картасы еді! 1958 жылы металлогениялық болжам карталарының методологиялық негізін дайындағаны және оларды жасап шығарғаны үшін Қ.И.Сәтбаев бастаған бір топ Қазақстан ғалым-геологтары  Лениндік сыйлықпен марапатталды.

Академиктің бастамасымен респуб­ликада  тың игеру жылдарында тыңайған жерлерді  игеретін аудандарды су және құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуі үшін Маңғышлақ, Мұғаджар және Торғай төңіректерінің табиғи минералды ресурстарын зерттеу бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Қазақ КСР Ғылым академиясы ғалымдарының тың және тыңайған жерлерді игеру ісіне қосқан үлестерін  кеңестік үкімет жоғары бағалап, 1957 жылы  олардың біразы жоғары үкімет наградаларына ие болып, ал Қ.И.Сәт­баевқа үшінші Ленин ордені берілді.

Ғалым өзінің барлық творчестволық өмір жолының ескерткіші етіп Үлкен Жезқазғанды, Геологиялық ғылымдар институтын, Қазақ КСР Ғылым академия­сын ғана қалдырып қойған жоқ, оның тынымсыз зор еңбегінің, атқарған ауқымды істерінің нәтижелерін бүгінде еліміздің жоғары дамыған халық шаруашылығының әр саласында көре аламыз. Олар – Қарағанды металлургия зауыты, Соколов – Сарыбай комбинаты, Атасу темір рудалары, Алтай кен орындары, Қаратау фосфариті мен полиметалл кен орындарының игерілуі болып табылады.

Жезқазған бертінде Сәтбаев қаласы атанды.  Ғалымның ұшқыр ойы жобалан­ған кеншілер қаласында  осы өңірдің ерте заманнан бергі ғұмыр тарихын баяндайтын мұражай жұмыс істейді, оның бір залы геолог Сәтбаевтың Ұлытау қазынасын ашудағы ұлан-ғайыр еңбегін ұлықтауға арналған.  Қ.И.Сәтбаев отбасымен 12 жыл тұрған Қарсақбайдағы ескі үйде – ғалым­ның мемориалдық тарихи мұражайы орналасқан.

 

Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ұлы тұлға

Академиктің геологиядан кейінгі рухани мұрасы ұлттық мәдениетпен, әдебиет­пен, өнермен  тығыз байланысты болды.Ол көркемсөз  өнері мен жалпы өнерге тым ерте араласты. Академиктің бай қазынасының бірі  – әдебиет пен өнер саласындағы еңбектері. Оның ХІХ ғасыр­дағы қазақ халқының ағартушы демо­краттары – халқымыздың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы А.Құнанбаев, ағартушы – педагог Ы.Алтынсариндер туралы жазған еңбектері бар. Ғалым жас кезінде халық ауыз әдебиетін жан тәнімен жақсы көріп, әр түрлі тақырыптардағы ақын жазушы­лардың шығармаларын оқып, олардан түйген ойларын жарыққа шығару ісімен де айналысқан.

1927 жылы Мәскеу қаласында  Қане­кеңнің «Ер Едіге» атты кітабы жарыққа шықты. Кітапқа ол даярлаған Едіге батыр  жырының мәтіні және ғылыми алғы сөзі енді. Бұл – кезінде Шоқан Уәлиханов пен профессор П.М.Мелиоранский жарияла­ған Едіге батыр жырының    мәтініндегі  араб және татар сөздерінен тазартылған, қазақ тілінің жаңа орфографиясы негізінде қайтадан дайындап шығарылған нұсқа болатын. Белгілі профессор, филология ғылымының докторы Т.Жанұзақов өз естелігінде  президент болып тұрған кезінде Қаныш Имантайұлы туған тіліміз бен әдебиетімізге ерекше назар аударғанын, әрқашан қолдау көрсетіп, қолпаштап, олардың  дамуына үнемі жағдай жасап отырғанын айтады.

Туған тілді, ұлттық құндылықтарды, руханиятты, мәдениетті, тарихты қастерлеу – әрбір перзенттің борышы. Академик Қ.И.Сәтбаев ана тілін зерттеу мен  этно­графиялық тұрғыдағы материалдар жинау­ға айрықша еңбек сіңірді. Осы мақсат­тарға  көптеген қаражаттар бөлдірді. Ал  қазақ тілі мен тарихының дамуына, тілдің құнарлы байлығын сақтауға, ел аузындағы көне сөздерді жинау мен әдеби тілге енгізуге орай айтқан пікірлері  мен осы саладағы  зерттеу жұмыстарына қосқан үлесі өте қомақты әрі тағылымды. Ғалым республикамыздағы жер-су аттарын жинау және оны ғылыми тұрғыдан зерттеу мақса­тында  жыл сайын ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Кезінде тарихи тұрғыдан материалдар жинап, ауыз әдебиеті мен тарихымызды  зерттеу барысында археоло­гия­лық, этнографиялық, фольклорлық экспедицияларды жұмылдырған да ғалымның өзі болатын.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірінің әр кезеңінде баспа бетіне жария­ланып, көпшілік оқырманының игілігіне арналған қазақтың тарихы, мәдениеті мен әдебиеті туралы зерттеулері қоғамтану­шылар үшін теориялық және практикалық тұрғыдан көмегі мол ғылыми мұра болып табылады. Ғалым өз халқын ғылым мен білімге, өнер мен өркениетке шақырып, қолынан келген көмегін аямады. Оның қамқорлығы арқасында ғылымға бет бұрған  көптеген  жастар ғылым кандидаттары, докторлары деген атаққа ие болды.

Көрнекті ғалым, белгілі қоғам қайрат­кері, Қазақстан тау-кен ғылымының негі­зін қалаған  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев өз халқы үшін орасан зор қызмет жасап, артынан өшпестей бай мұра қалдырды. Сондықтан болар,  ХХ ғасырдың аяғында халық оны «Ғасыр адамы» деп атады.

 

Гүлнәр  ҚОЗҒАМБАЕВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Тарих, археология және этнология факультеті

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *