ТАУ КӨЛIНIҢ СУЫ ТОСПАДАН 10 МЕТР ТӨМЕНДЕ ЖАТЫР

Айнабай МӘДИ

Көл маңындағы ауа температурасы – 2,8 градус жылы

Қазiргi кезең – шiлденiң шiлiңгiрi. Бұл шақта тау мiнездi тәкаппар мұздық-өзендердiң мазаны алатыны рас. Тауға жақын тұрғындар үшiн бұл үйреншiктi жағдай десек те, қаупi басым мұздықтан секем алмау мүмкiн емес. Содан да болар, осы күндерi төбемiздi жаңғыртып, Алатауды бетке алған тiкұшақтарды жиi байқауға болады.

Жақында Алматының Төтенше жағдайлар департаментi комиссиялық зерттеу жүргiзудi мақсат тұтып, Кiшi Алматы өзендерi бассейнiне қарасты Мәншүк Мәметова атын иемденген мұзарттағы № 6 көлдiң жай-күйiн барлап қайтты. Халқымыздың Батыр қызының атын иемденген көлдiң тiк мiнезiн жоққа шығаруға болмас. Бұрынырақта, биiк тау басындағы бұл көл арнасынан асып-төгiлiп, қауiп төндiрген деседi жұрт. Әлбетте, алматылықтарды алаңдатып отырған мұндай маңызды шараны ұйымдастырып, оған ұйытқы болған «Қазақселденқорғау» мемлекеттiк мекемесi екенiн айтқымыз келедi.

Сонымен, арнайы комиссия жұмысының нәтижесiнде көл төңiрегiнiң ежелгi және осы күнгi мұздықты қар қабаттарынан толығымен айрылғанын анықтады. Мұнымен қоса, мұздық маңынан су жарып өтердей өзек аңғарылмады. Көлдегi су деңгейi тоспа-қалқадан 8-10 метрдей төменде кемерге лықсиды. Алайда, тау етегiндегi жұрттың аңқасы кеуiп, ыстықтап жүрсе, бұл өзенде қалдық мұз (сынған мұз бен қатпарланған қар қалдығы) сақталып қалыпты. Көлге кеп құятын саланың (бұлақ) саны – 150-200-дей. Десек те, көлден шыға берiстегi каналда су ағысы тоқтаған.

Мұздықтың өн бойынан буырқаныстың бары бiлiнбедi. Тексеру сәтiнде мұздықтың абляция тiлi бақыланды. Мұздық абляциясы – атмофера қабатынан келетiн қатты нөсер салдарынан мұздың еруi мен булануы нәтижесiнде пайда болатын су көздерi шегiнен төмен орныққан мұздық бөлiгi де, мұздықты тiл – абляция көлемiндегi климаттық қар жотасынан төмен орналасқан қиырдағы мұздақ бөлiгi. Мәншүк атын иемденген көл маңындағы ауа температурасы – 2,8 градус жылылықты көрсетiп тұрды.

 Сел қаупi

Шыны керек, мұздықты көлде алматылықтар аса алаңдай қоятын дәнеңе жоқ, қатқақ мұздықты кешеннiң ахуалы қалыпты. Аталған көл-кешеннен толқыныс пен өзгерiс анықталған жоқ. Тексеру кезеңiнде мұздықты көлден сел қаупiн төндiрерлiктей бұлқыныс белгiлерi байқала қойған жоқ.

Cонымен, тау көлдерiнiң жеткiлiктi түрде бақыланып тұрғанын алматылықтар мен қала қонақтарының есiне салғымыз келедi. Eйткенi, әлi де болса, Алматы маңындағы тау көлдерiнiң барлығы бақылауда, қауiпсiз деңгейде тұр дегенге сенгiсi келмейтiндер бар. Олар плотиналар кеңестiк кезеңде салынған, яки, ескi дегендi алға тартады. Сол кеңестiк кезеңде салынған тоспа-тосқауылдар әлi күнге мiнi құрымай тұр. Оның үстiне, бұл кешен нығайтылды. Аракiдiк Алматыны «әлдилейтiн» жер тербелiстерi де тектоникалық жарылуға әкеп соғады, он метр төмен деңгейде жатқан көлдi арнасынан асып-тасиды деу – бiлместiк. Бұған қосып айтарымыз, ескi қондырғылардың жаңартылуы. Ендi осындай жағдайдан соң тау көлдерi тасиды деудiң өзi – жаңсақтық.

 – Алматыға қауiп төндiретiн тау көлдерiнiң барлығы бақылауда тұр. Eйткенi күнi кеше ғана Сейсмология институтының, «Қазақселденқорғау» мемлекеттiк мекемесiнiң мамандары да бұл мәселеге сенiмдi жауап бередi. Мамандардың өзi баяу жер сiлкiнiсiнiң тау көлдерiне зиянын тигiзбейтiнiн айтты. Демек, барлығы қалыпты. Бұл жерде тұрғындардың үрейленуiне еш негiз жоқ. Жергiлiктi тұрғындарға жалған ақпараттарға сене беруге болмайтынын айтқымыз келедi. Бiз Сейсмология институтының мамандарымен үнемi байланыстамыз, – дейдi Алматының Төтенше жағдайлар департаментiнiң мамандары.

Бiлiм және ғылым министрлiгi «Парасат» ғылыми-технологиялық холдингiне қарасты География институтының мамандары бұл ретте:

«Күштi жер сiлкiнiсi мен тау көлдерiндегi судың тасуы ел-жұртқа үлкен залал тигiзерi сөзсiз. Сондықтан бұл реттегi шаруаны қатаң бақылауда ұстау қажет. Бiздiңше, бүгiнде тау көлдерi Алматыға қауiп төндiрiп тұрған жоқ. Қазiр олардың денi мұздықтан ажыраса да, ондағы су деңгейi өте төменде жатыр. Сондықтан, тау бөктерiндегi көлдер халыққа қауiптi емес. Оны «Қазақселденқорғау» мемлекеттiк мекемесi жiтi бақылауда ұстауда», – деп мәлiмдейдi.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *