Тау бөктерiн тасалаған асханалар орындарын босата бастады

Дегенмен, әлi де 25 нысанның

жағдайы белгiсiз болып тұр

Ербол ТҰРЫМБЕТ

2-2Iле Алатауы ұлттық табиғи паркiнде орын тепкен заңсыз құрылыс нысандары жойыла бастады. Кезiнде көзжұмбайлықпен қаншама жердi басып алған кәсiпкерлер жұртшы­лықтың әсем тау көркiн тамашалап, таза ауа­сымен тыныстап, демалатын орнын дәмха­налар мекенiне айналдырып болған едi. Қала­лық Жер қатынастары басқармасы өкiлде­рiнiң айтуынша, ешқандай санитарлық, қауiп­сiздiк талаптарына сай келмейтiн қоғамдық тамақтану орындарын ендiгi жерде бұл аймақтан кездестiрмейтiн боламыз. Әйтсе де, аталған аймақ құрылыс нысандарынан толығымен тазарады дей алмайды екенбiз. Себебi, «заңсыз құрылыс» деп отырған ондағы асхана, дәмханалардан бөлек, зәулiм тұрғын үйлер де салынған. Бiрақ, олар орындарын қашан босататыны белгiсiз. 

Iле Алатауы ұлттық табиғи паркiне қарасты 722 гектар жер аумағы 2011 жылы облыс қарамағынан қала шекарасына қо­сылған болатын. Содан берi кәсiбiн қисынсыз жолмен дөңгелетпекшi болғандарға ескерту жасалынып, орындарын босату жөнiнде хабарлама берiлген екен. Алайда, қомақты кiрiс тауып отырған жылы орындарынан айрыл­ғысы жоқ кәсiпкерлер айтылған ескертуге мойынсұна қоймады. Осыдан соң, ұлттық парк басшылығы тиiстi талаптар мүлде сақталмайтын қоғамдық тамақтандыру орындарының үстiнен сотқа шағым түсiрiп, осылайша iс сот арқылы шешiлетiн болды.

Айта кетейiк, жол берген заңсыздықтарын мойындап, өз еркiмен қонысын босатуға 9 кәсiпкер келiскен екен. Қазiр олардың орны тып-типыл болып, бұрынғы табиғи қалпына келе бастаған.

Жалпы, табиғи парк аумағындағы құры­лыс нысандарын тексеру бойынша құрылған арнайы жұмыс тобы арқылы мұнда 26 қоғам­дық тамақтандыру орындары анық­талыпты. Барлығында да жоғарыда айтыл­ғандай, тиiстi талаптар сақталмаған. Тiптi, Ұлттық парк аумағында мұндай нысан­дардың болуының өзi заңсыз. Ендiгi кезекте, сол айтылған 26 кәсiп көзiнiң иелерiмен iстi басқаша жүргi­зудiң амалы келiп тұрғанға ұқсайды. Оның iшiнде, 11-iнiң iсi сотқа жетпей, тұрғын­жайынан көшiп кетсе, тағы 9-ы соттың қарауында жатыр. Сонымен қатар, 1 нысанға қатысты сот шешiмi шығып қойыпты. 26-дан қалған соңғы 5 нысанда ешқандай құрылыс орны болмай шыққан.

Қалалық Жер қатынастары басқармасы­ның бөлiм басшысы Аурика Жүнiсбекова­ның айтуынша, кәсiбiн заңсыз жүргiзушiлер орнын босатқаннан кейiн, табиғи парк аумағында әр жерде адамдардың демалып, мауқын басатын көлеңкелi шатырлар орна­ластырылмақ.

          Ондай құрылыс нысандарын Ұлттық парктiң өзi орнататын болады. Сондай-ақ, ендi бұл аумақта еш­қан­дай жеке кәсiп­керлiк нысан бол­майды, ол заң бойын­ша тiптi де мүмкiн емес, – дейдi басқарма өкiлi.

Бiздiң назары­мыз­ды аударған кезектi мәселе – қонысын қала iшiнен таппай, алыс­тағы Ұлттық парк­­тен үй салып ал­ған Алматы қала­сының тұрғындары болып отыр. Бiрнеше қабаттық зәулiм ғима­раттар менмұндалап, көзге бiрден түседi екен. Басқарма өкiлi Аурика Жүнiсбекова айтқандай, Ұлттық табиғи парктен осындай жекеменшiктегi 25 нысан тiркелген. Олардың мәселесi қалай қаралары әзiрге белгiсiз. Дегенмен, бәрiмiз заңға сүйенетiндiктен, бұндай нысандардың да болуы – заңсыз. Сондықтан, алдағы уа­қытта тұрғын үйлер де бұл маңайдан аласта­тылады деп күтiлуде.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, осынша заңсыз құрылыс нысан­да­рына қалайша жол берiлгенiне таң қалмасқа шара жоқ. Осыған жауапты облыстағы жа­уапты органдардың қандай қадағалау жүр­гiзгенi бiзге беймәлiм болып тұр. Ал, тау бөк­терiн тасалаған асханалардан шыққан талай жылғы тұрмыстық қалдықтар орманды жасыл желегiмiз бен таудан бастау алып, қаланы қам­тамасыз етiп отырған өзендерiмiздi қанша­лықты ластағанын бiр Құдай бiлсiн.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *