Татулық тетігін тапқан жұрт мамыражай мерекенiң сәнiн келтiрдi

Берiк Сәдуақас.

Мамыр айы әуелден исi алаш жұртына етене жақын әрi бұл айдың табиғи ерекшелiгi де  қазақы мамыражай мiнездi еске түсiретiнi бар. Жалпы, қазақ халқы әлiмсақтан бейбiтшiлiктi қастерлейтiн кеңпейiлдi қонақжай жұрт емес пе. Сондықтан да шығар, кезiнде өз ата-жұртынан теперiш көрiп тентiрей сенделген көптеген этностарды бауырына тартты, бiр үзiм нанымен бөлiстi, олардың тамыр жаюуына мүмкiндiк жасады.  Сондықтан да шығар, алаштың ұлы даласында тiлi де, дiнi де бөлек ұлт пен ұлыстар түтiнiн түзу шығарып, өсiп-өнiп бүкiл әлем қауымдастығына  татулықтың, келiсiмнiң үлгiсiн көрсетiп отыр. Елбасының сөзiмен айтқанда «Қазақты  достықтың, ынтымақтың киелi шаңырағына теңесек, түрлi этностар оның арайлы уықтары iспеттi». Сондай-ақ, мемлекет басшысы «Тату елге тыныштық, тұрақтылық үйiр, бейбiт елде ғана береке болады» деп атап өттi. Мiне, осы береке-бiрлiктiң айқын бетбейнесi 1-мамыр мерекесiнде айқын көрiнiс тапты.

Бұл күнi әсем шаһардың «Астана» алаңында шын мәнiндегi аламан салтанатты шерудi көруге болар едi. Әйдiк мiнберден жалпықалалық шерудi қала Әкiмi Ахметжан Есiмов, қаланың құрметтi азаматтары, Парламент, Мәслихат депутаттары қарсы алды. Сап түзеген Ұлан әскерлерiнен кейiн, велошабандоздар, Мәслихат депутаты Н.Петрухин бастаған мотоциклшi байкерлер оның артынша аудан әкiмдерi бастап жүрген аудан еңбеккерлерi салтанатты парадта шабытпен өттi. Әсiресе, қаладағы этно-мәдени орталықтары өкiлдерi мерекелiк шерудiң  ажарына әр бергенiн атап өткен ләзiм.

Келбетi ерекше келiскен әсем шаһарымыз елiмiздiң iрi қаржы,  мәдениет, туризм және ғылым-бiлiм орталығы саналады. Аймақ ел көлемiнде iшкi жалпы өнiмнiң бесiншi бөлiгiн, барлық салық түсiмiнiң 27 пайызын, барлық инвестицияның 10 пайызын, сауда операцияларының 50 пайызын және сыртқы сауда айналымының алтыншы бөлiгiн, шағын және орта бизнес субъектiлерi өндiретiн тауар айналымының, жұмыстар мен көрсетiлетiн  қызметтердiң 40 пайызын қамтамасыз етедi. Бүгiнгi таңда шағын және орта кәсiпкерлiк қаламызда өте жүйелi де тұрақты дамуда. Қала экономикасының осы саладағы  жұмыс iстеп тұрған  кәсiпорындардың саны 6,1 пайызға, жұмыспен қамту-6 пайызға, тауар өндiру 4,8 пайызға ұлғайған. Шағын бизнесте әрбiр үшiншi қалалықтар несiбесiн тауып жүр. Жалпы, бұл сала қала қазынасының 60 пайызға жуығын  көтерiп отыр.

-Осындай айтулы жетiстiк бiрлiктiң арқасында мүмкiн болып отыр. Алып шаһарда көптеген ұлыс өкiлдерi мекендейдi. Олай болса қол жеткен табыстар бәрiмiзге ортақ.

Құттықтау сөзiнде осылай деген қала Әкiмi Ахметжан Есiмов әрбiр алматылық — достықтың,  ынтымақтың туын әрқашан биiк ұстайтынына сенетiнiн бiлдiрдi.

«Сағынайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?» деген атадан жеткен сөз  де бар. Осы нақты сөздiң дәлелiндей бұл күнi жалпықалалықтар бидiң де, әннiң де думанын дүбiрлеттi. Этно-мәдени орталықтар ұлттық дәмдерiн дайындап, меймандардың батасын алып жатса ендi бiрi би додасының көрiгiн қыздырып жатты. Қас қарая алаң төрiнде эстрада жұлдыздары өнер көрсетiп, мереке соңы жастар кешiне ұласты.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *