«Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп»

Азаматтар арасында өзара татулық пен игі қарым-қатынас болса, ел арасындағы берекенің сақталуына  сол негіз болмақ

Н.Ә.Әбдіқанов,

Алматы қалалық сотының төрағасы

 

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Татуласу: сотқа дейін сотта» жобасының негізгі мақсаты – сот процесіне дейінгі және соттағы бітімгершілікті ұйымдастыру және азаматтар арасындағы татулық пен берекені сақтауға негіз болу.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Жақып Қажманұлы «Сот төрелігінің жеті тасы» бағыты бойынша әзірленген «Сот тиімділігі – сот төрелігінің үшін­ші тасында» жобасында: «Даулар кез-келген қоғамда бар. Бірақ олардың барлығын сотта шешу мүмкін емес. Сот екі жақты бірдей қанағаттандыра алмайды. Ең тиімді жол – дауды сотсыз шешетін институттарды дамыту», – деп тұжырымдаған еді.

Біздің қоғамда адамдардың бір-біріне мейіріммен қарауы сонау қазақ халқының әдет-ғұрпынан бастау алады. Қазақ қоғамының көзқарасына сай  сот билігінің түпкі мақсаты – дауласушы жақтарды табыстыру, татуластыру болған. «Дау мұраты – біту» деген сөз содан қалса керек.

Қазіргі таңда, елімізде дауласушылар да, соттасушылар да көп деп тұтас халыққа мін таға алмаймыз, кінәлауға да болмайды. Бірақ сол сотқа жүгінушілердің кемшілігін айтпау мүмкін емес.

Ал кемшілік неде?

Біріншіден – кемшілік сол, ешуақытта кешірімді бола алмау. Екіншіден – қашан да тек менікі ғана жөн деуден танбау. Ата-бабамыз кешірімді бола білген. Ал қазіргі дауласқандар есік алдындағы көршісіне, тіпті өзінің ағайынына қарата қолданады мұны. Бұл қасиет қазақ халқына тән емес еді. Үшіншіден – біреудің қасіретінен жеке басына пайда табу халқымыздың санасына ұялағандай. Яғни, бұл тәнімізге қасірет болып сіңіп бара жатқан дерттен тез арада арылуымыз қажет.

Бұл аталған жәйттер тізбесі бұдан көбірек болуы ықтимал. Дегенмен де, дауларды сотқа дейінгі реттеу ұлттық құқықтық мәдениеттің ерекшелігі болып табылатыны бәрімізге мәлім.

 

Татулық – дауды шешудің ең тиімді әдісі

 

Біз қазіргі таңда дауды шешудің қандай балама әдістерін қолдана аламыз? Ол: медиация түрлері, оның ішінде: сот медиациясы, татуласу келісімдері, партиси­пативтік рәсім тәртібі, яғни адвокат – қорғаушының жүргізуі  бойынша жүзеге асырылатын түрі.

Сонымен қатар,  сот арқылы, сотқа дейін татуласудан басқа  тағы да бір маңызды мәселе: көнеден қалған ғұрпымыз – ақсақалдардың татуластыру билігі. Осыны қазіргі кезде, заманына сай заңмен реттей, болашақта сотқа дейінгі татуласу процестеріне немесе жеңіл-желпі ағайын-туған арасында болып жататын  кикілжіңдерге байланысты  қолданса болар еді. Ол біздің менталитетімізге қайшы емес. Біз қазіргі таңда басқа өркениетті елдердің сот дауларын шешудің әдістерін қолданып жатқанда неге өзіміздің ұлттық әдісімізді қолданбасқа?

Бүгінде, дауларды шешудің балама әдістерін халқымызға кеңінен насихаттауда және осы мақсатқа жету жолында аға буын өкілдерінің бірден-бір ақыл-кеңестері өте құнды болмақ.

Татуласудың балама әдістерін қолданғанда халқымыз қандай оң нәтижеге қол жеткізеді? Біріншіден, дау-дамай  сотсыз жылдам шешіледі.

Екіншіден, уақыт пен қаржы шығыны үнемделеді. Үшіншіден, соттардың жүктемесі  төмендейді. Төртін­шіден, осының нәтижесінде қоғамда азаматтар  мен  заңды тұлғалар арақатынасында ауызбірлік қалыптасады. Бесіншіден, негізгі нәтиже: әрбір адамның санасында азаматтардың құқықтарын сыйлау мен құрметтеу ұғымы қалыптасады.

Бұл жөнінде Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов: «Татуласудың басты артықшылығы – ол тек дауды реттеп қана қоймай, сонымен бірге қарым-қатынасты сақтап, қалпына келтіреді. Тараптар  өз еркімен, саналы түрде ор­тақ келісімге келеді. Екі жақ та қаласа, сот татуласу проце­сін бастау үшін істің қаралуын кез-келген сатыда тоқтата алады. Татуласу – дауды шешудің ең тиімді әдісі», – деп көрсетеді.

Яғни барлық жұмыс  қара қылды қақ жарған билеріміздің дара жолын ұстана отырып, ел арасындағы, азаматтар арасындағы өзара тыныштық пен берекені сақтауға бағдарлануы тиіс. Себебі, бұл жол – қоғамдағы құндылықтарымыздың жолы.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша соттар мен үкіметтік ұйымдарда 17-ден астам татуласу кабинеттері жұмыс атқаруда. Солардың арқасында қазіргі уақытта қаралған істердің  саны мәні біршама азайды. Бұл да жүзеге асырылып жатқан  игі шараның тиімділігін айқындап отыр. Нақтылап айтар болсақ, Алматы қаласының соттары  ағымдағы жылдың бес айында 71 мыңнан астам істі  қараған екен, оның ішінде: 56 мыңы – азаматтық іс, 2 мыңға жуығы –  қылмыстық іс, 13 мыңнан астамы –  әкімшілік іс. Бұлардың барлығы оң шешімін  тапты. Қаралған істердің ішінде 700 астам іс бітімгершілік келісіммен, 600 іс медиациялық тәртіппен және 3 іс партисипативтік тәртіппен аяқталған.

 

«Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы

 

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында:  «Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет» деген еді. Ұлт көшбасшысының тапсырмасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасы Жақып Қажман­ұлының 2018 жылғы 24 сәуірдегі өкімінің  негізінде, 2018 жылғы 3 мамырдан бастап «Соттағы татуластыру рәсімдері» пилоттық жобасы Алматы қаласындағы  Медеу аудандық сотында басталып, пилоттық жоба шеңберінде сотта татуластыру кабинеті ашылды.

Татуласу орындарының ашылуы – тараптарды бітімгершілік рәсімдерді одан әрі дамыту және дауды сотқа дейін реттеу тәртібіне ынталандыру мақсатында атқарып жатқан көптеген игілікті шаралардың бірі. Кәсіби деңгейде медиация мүмкіндіктерін түсіндіріп, тараптарға өзара тиімді шарттарға келуге көмек көрсететін бітімгер-судья бекітілді. Бөлменің интерьері тараптардың  қызу талқылау жүргізуіне барынша қолайлы, заманауи компьютерлік жабдықтармен, жиһазбен және бірнеше түрлі өсімдіктер қойылған витражды тақталармен жабдықталған. Пилоттық жобаны жүзеге асыру шеңберінде, бекітілген процестік әрекеттердің Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотымен бекітілген алгоритмі басшылыққа алынып жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Алматы қаласы Медеу аудандық сотында 32 іс бітімгершілік келісіммен, 93 медиация тәртібімен қаралған. Ал пилоттық жоба аясында ағымдағы жылдың 14 мамырынан бастап 80 талап-арыз түсіп, 31 іс бойынша сотқа істі қабылдауға дейін бітімгершілік келісім жасал­ды. Нақты айтқанда: неке-отбасы қарым-қатынас сала­сын­дағы даулар бойынша – 18 іс, келісім-шарт бойынша – 4 іс, жалақыны өндіріп алу бойынша – 6 іс, алимент өндіріп алу бойынша – 1 іс, залалды өтеу  бойынша  – 1 іс, қарызды өндіріп алу бойынша – 1 іс  бітімгершілік рәсіммен аяқталды.

 

Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған шара

 

Бұл пилоттық жобаның жүзеге асырылуынан «тараптар не ұтты, оның пайдасы қандай» деген сауалға келсек,  жоғарыда айтылған бітімгершілік келісім жасалған 31 іс бойынша: талап қоюшылар төлеген 83 мың теңге сомасындағы мемлекеттік баж қайтарылды; талап- арыздарда көрсетілген өндіруге жататын шығын 6 миллион теңгені бейбіт жолмен, екі тарапқа қолайлы, бірден немесе бөліп төлеуге мүмкіндік берілді, сотқа қатысушылардың уақыты үнемделді, тараптар өздерінің құқықтары мен татуласу рәсімдері бойынша заңды білді және ең бастысы, медиатор-судья көмегімен тараптардың  адамгершілік тұрғыда бір-бірін тыңдап, татуласуына  мүмкіндік берілді. Татуласу келісімі бойынша кері қайтарылған қаражаттарды тараптар  өз игілігіне жұмсай алады, яғни олардың  отбасы мүшелерінің, бала-шағасының рухани баюына септігін тигізетін заттар алуына мүмкіндік беріледі.  Сонымен бірге, әр тарап өзінің татуласу рәсімдері бойынша тәжірибесін достарымен, әріптестерімен және туыстарымен бөлісіп, өз ортасында  құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.  Сөйтіп, қоғамда дұрыс құқықтық сана-сезім қалыптасады.

Өз заманында Күлтегін бабамыз айтқандай, біз  «тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» болған халықпыз. Қазақ халқының бойында кішіпейілділік, кешірімділік, жығылғанға жұдырық жұмсамау, қиналғанға қолұшын беру, иілгенге иілу, құрметтеу секілді ізгілікті қасиеттер  әлі жойыла қойған жоқ. Тек соған қозғау салар әділ де адал реттелетін заңды тетіктерді таба білу қажет. Кезінде қазақ ұлтының әдет-ғұрпын терең зерттеген белгілі ғалымдар Левшин, Баллюзек, Козловтар өз еңбектерінде «Қазақ билер соты – келісім соты» деп, таңдана жазған екен. Сонымен қатар, қазақ билер соты тақырыбында академик Салық Зимановтың бастамасымен жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, бірнеше рет үлкен іс-шаралар өткізілгені де белгілі. Иә, адамдардың бір-бірін кешіре білуі үлкен құрмет, бірақ оның кілтін таба білу нағыз билер қолында тұрған іс. Азаматтар арасында өзара татулық пен игі қарым-қатынас болса, ел арасындағы берекенің сақталуына  сол негіз болмақ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *