«ТАСТАҚ» БАЗАРЫНЫҢ МАҢАЙЫ РЕТКЕ КЕЛТІРІЛЕДІ

Шаһардың мәдениетіне, көркі мен тазалы­ғына, ең бастысы, қала тұрғындарының күнде­лікті тұрмысына кедергі болып отырған жабайы сауданы реттеуде көптеген іс-шаралар атқары­лып жатыр. Өйткені, заманауи сәулет-құрылыс талаптарына сай келмейтін жайма базарлардың уақыты өтті. Жайма базарлар өздерінің міндет­терін атқарып болды. Бүгінгі күннің басты талабы – сауда мәдениетін өркениет деңгейіне жеткізу. Дегенмен, көлік қозғалысы мен адамдардың жүріп-тұруын айтпағанда, коммуналдық желі­лерге де айтарлықтай кедергісін келтіретін орын­дар баршылық. Соның бірі – Алмалы ауда­нына тиесілі «Тастақ» базарының маңайын айту­ға бола­­ды.  Әсіресе,  қаланың көркіне де, әлеу­мет­тік да­муы­на да кедергі келтіріп тұрған құры­лыс жайма базары Прокофьев көшесінің бойында орналасқан. Қалалық, не далалық тәртіп қалып­таспаған бұл базарда тазалық шаралары мен қауіпсіздік талаптары мүлде сақталмаған. Сон­дықтан көшенің көркін бұзып, жүргіншілердің жолын заңсыз басып алған мұндағы сауда­гер­лер жаппай жауапкер­шілікке тартылып жатыр. Кейбіреулеріне 60 мың теңгеге дейін айыппұл салынды.

Мәншүк БЕКБОСЫН

«Өркениетті кәсіпкерлікке көшетін мезгіл жетті» деп, сауда­герлерге ескерту айтудан жалық­қан жергілікті билік өкілдері жайма базарды өз қолымен жинауға кірісті. Тіпті, тәркіленген тауарларды арнайы техникаға тиеп, қоқыс полигонына төкті.

Қазір кәсіпкерлердің жаңа буыны өсіп шықты. Озық техно­логиямен жабдықталған сауда нысандары, ең алдымен, сатушы кәсіпкерлерге қолайлы. Бір жағынан қыс маусымында жылы жерде жұмыс істесе, екіншіден, қойма, тауар қауіпсіздігінде мәселе туындамайтыны анық.

–       Мұндағы саудагерлерге өзіміздің Алмалы ауданының базарларынан тегін орын ұсын­дық. Базар әкімшілігімен келісім-шартқа отырып, ауызша келісім-шарт жүргізіп, бастапқы 3-4 айға тегін орын алатындарын да айттық. Бірақ соның өзінде, тегін болса да, ешқайсының барғысы келмейді. Бұл кісілерге өз ауласы­нан шыға салып, заңсыз сауда жасаған ыңғайлы болып тұр, – дейді Алматы қаласы Алмалы ауданы Кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас маманы Гапур Бақтияров.

Бүгінде Брусиловский даңғы­лының 80 пайызы (Абай көшесі­нен бастап Төле би көшесіне дейінгі аралық) ретке келтірілді.  Жалпы, жыл басынан бері Алма­лы ауданында 82 рейд шарасы жүргізіліпті. Нәтижесінде заңсыз қойылған 97 нысан сүрілген.

Айта кету керек, базарды бұзу ондағылардың басынан бақ тай­дыру дегенді білдірмейді, кері­сінше бәсекеге қабілетті, өрке­ниетке өрлеу деп ұққан жөн. Ал Алматыны экологиялық жағынан қолайлы, қауіпсіз әрі әлеуметтік тұр­ғыдан ыңғайлы тіршілік орта­сына айнал­дыруға бағытталған кешенді шара­лар әлі де жалғасын таба береді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *