«Тастақ» базарының маңайында тұру мүмкiн болмай барады

96-4814-1Құттыбек АЙМАХАН

«Алматы ақшамы» газетiнiң 30 шiлдедегi №93 санында «Тастақ» базары 2-барахолкаға айналып барады» деген мақала шыққан едi. Сол-ақ екен, газет редакциясына телефон соғушылар саны күрт көбейiп кеттi.

Әсiресе, бiзге сол базар маңайында тұратын Мәдiғаппар Қарабаев деген кiсiнiң айтқан сөздерi қатты ой салды. Сондықтан да бiз ол азаматтың сөздерiн жазып алып, газетте жариялауды жөн санадық.

«Құрметтi «Ақшам»! Мен қала орталығындағы «Тастақ» базары жанындағы Брусиловский көшесiнде тұрамын. Алғашқы кездерi бұл аумақ жанға жайлы, тыныш болатын. Бiрақ, соңғы он жылдан асты, күнiмiз күн болмай кеттi. Өйткенi, «Тастақ» базарының маңайындағы iрiлi-ұсақты көшелердiң бәрi жабайы сауда орындарына айналып кеттi. Соларды күн сайын көрiп, күндерiм күрсiнiспен өтiп жатыр. Арыз-шағым жазуға жоқ адам едiм, амалымның жоқтығынан аудандық әкiмдiкке де хат жаздым, бiр кездерi. Бiрақ, ол жақтан ешқандай жауап болмаған соң күдерiмдi үзе бастаған едiм.

Сөйтiп жүргенде осы 30 шiлдедегi «Ақшамда» ортаңғы түрлi-түстi екi беттi алып, «Тастақ» базары 2-барахолкаға айналып барады» деген көлдей материал жарқ ете қалды. Оқып отырып өзiмнiң күнде көрiп, бiрақ, айта алмай дымым құрып жүрген берекесiздiктiң бәрi жазылғанын көрiп, риза болды. Және осы биылдыққа газеттер көтерген мәселелердiң iшiндегi жаныма ең жаққаны осы мақала болды. Олай дейтiнiм, сол көшелердегi үйлердiң бәрiн жаулап алған саудагерлерден әбден запы болған едiм. Өйткенi, күндiзгi кезде сол аумақта жеңiл машинамен жүрудiң қиындығын айтпағанда, жел тұрған күндердегi де аянышты тiршiлiгiмiздi айтсақ та жеткiлiктi секiлдi. Себебi, қазiр Алматыда жиiлеп кеткен жел сол «Тастақ» маңайындағы жабайы сауда үйлерiндегi цемент пен құм-топырақты үйiрiп әкелiп, үйiмiзге тығып жатыр ғой. Соның салдарынан үйiмiз шаң-тозаңға толып бiттi. Тiптi, кейде жеген тамағымыз құм шайнағандай қашыр-құшыр ететiнiн қайтерсiз.

Мiне, сондықтан да бұл мақаланы өте орынды және дұрыс жазылған деп бiлемiн. Ал «Тастақ» базарының айналасындағы құм-топырақ сататын сауда орындарын жауып тастаса, Алматыда құрылыс тоқтап қалмайды. Керегiн iздегендерге құрылыс заттарын сататын базарлар жетедi. Тiптi, қаланың шетiнiң бәрi сондай базарлар емес пе?!

P.S. Әрине, газет оқырманы өзiнiң жүрек сөзiн айтып отыр. Шамасы, орын алған жағдайдан жүйкесi жұқара бастаған-ау деп ойладық. Дегенмен, «Жағдайға бола қатты қамыға бермеңiз. Газеттi қалалық, аудандық әкiмшiлiктер де оқиды ғой. Мәселенiң шешiлу жағын ойластырар» деп «жұбатқан» болдық. Сол-ақ екен, ертесiне, яғни, осы тамыздың 1-i күнi әлгi аталған сауда нүктелерiн Алмалы ауданының салық және басқа қызметтерi тексерiп, содан берi бұл аумақ тексерiстерден көз ашпай келе жатқанын естiп-бiлдiк. Оның үстiне қазiр қалалық әкiмдiк қаладағы базарларды оңтайландыру бағдарламасын қолға алып жатыр. Бұл ретте шаһардағы барлық 74 базардың «қызыл сызықта» орналасқан 34-i басқа жерге көшiрiлiп, 40-ы жаңа заманауи келбетке ие болмақ. Мiне, осы базарларды жаңғырту бағдарламасы қатарында «Тастақ» базары бар. Демек, осы «Тастақ» базары қалыпқа келсе, айналасындағы жабайы сауда өзiнен-өзi жоғалатынына сенiмдiмiз. Және «Сайран» мегаауданын салу жоспары бойынша бұл аумақта биiк үйлер көтерiлсе де, әлгi «жабайы базарлардан» құтыларымыз анық.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *