«ТАСТАҚ» БАЗАРЫ келер жылдан заманауи келбетке ие бола бастайды

Құттыбек АЙМАХАН

99-4817-2Байқап жүрген боларсыздар, «Алматы ақшамы» газетiнiң биылғы 30 шiлдедегi №93 санында жарық көрген «Тастақ» базары 2-барахолкаға айналып барады» атты мақала алматылықтар арасында үлкен қозғалыс туғызды.

Соның белгiсi, содан берi газет редакциясы осыған байланысты телефон шалған оқырмандарымыздан бiр тыным тапқан емес. Әрине, бұл ретте олардың көпшiлiгi «Тастақ» базарының маңайында тәртiп пен тазалық орнағанын қалайтынын аңғардық. Дегенмен, «Тастақ» базарының айналасындағы үйлердi өзара келiсiммен жалға алып, саудасын «гүлдендiрiп» жатқандарды жақтаған, тiптi, олардың жағдайын «түсiнетiндердiң» де бар екенiн несiне жасырамыз. Мысалы, өткен бейсенбiде редакцияға қоңырау шалған бiр қандасымыздың «Сендер не, ауылдан күнкөрiс үшiн келiп, өз нәпақасын айырып жүрген «қаракөздердi» көре алмайсыңдар ма? Қазақтар осы неге бiр-бiрiн көзге шұқығанын қоймайды екен?!» деп, дөң-айбат көрсете сөйлегенi бар. Әрине, оның сол базар айналасында сауда жасайтындармен тiкелей қатынасы бар адам екенiн сезгендей болдық. Өйткенi, ол кiсi өзiнiң аты-жөнiн де, тұратын мекен-жайын да айтудан бас тартқан болатын. Сондықтан да бiз бүгiн «Тастақ» базары айналасындағы жағдайға және туындаған мәселеге қайтадан оралып отырмыз.

«Сайран» мегаауданының салынуы да жағдайды өзгертетiн едi

Алдымен сөзiмiздi әлгi қандасымыздың «…Өз нәпақасын айырып жүрген «қаракөздердi» көре алмайсыздар ма?!» деген дөң-айбатынан бастасақ. Әрине, бұл жерде бiз ол материалды сауда жасаушы азаматтарға қандай да бiр қысастықпен, қызғанышпен жазған жоқ едiк. Қайта ол қандастарымыздың шаң-тозаңнан шығып, өзiнiң қолынан келетiн кәсiппен айналысқанын тiлеп едi. Әйтпесе, ондай саудамен ұзаққа бара алмайтынын айтпақ едiк. Бұл ретте заманға қарай әрқайсысымыз да жан-дүниемiзбен өсе бiлсек, мәдениеттi, зиялы өмiрге ұмтылар болсақ, онда «Қазақ» елiнiң көсегесi көгере берер едi. Тiптi, ана сатып жатқан құм-цементтi өркениеттi түрде жаңа заманға лайықталған сауда орталықтарында сатса да ешкiм қой демейдi ғой. Керек десеңiз, мұндай құрылыс материалдарын сататын заманауи сауда орталықтары қаламызда қазiр көптеп ашылып жатқан жоқ па?! Ендеше, неге бiз өткен ғасырдың санасымен қалып қала беремiз. Неге бiз таза, мәдениеттi, өркениеттi өмiрге ұмтылмаймыз. Жайлы да әсем қалада тұрмаймыз. Осы орайда қазiр әлемдегi Жалпы Iшкi Өнiмнiң (ЖIӨ) 80 пайызына ие және дүние жүзiндегi өнiмнiң 80 пайызын әлемдегi ең дамыған 20 елдiң беретiнiн неге естен шығаруға тиiспiз?!.

Жалпы алғанда, бiздiң жоғарыдағы мақаламыз осындай «өссек», «өрбiсек», «байысақ» деген ниетпен жазылған едi. Әрi осы мәселеде қала билiгiн ойлануға шақырған да едiк. Өйткенi, естерiңiзде болса осыдан бiрнеше жыл бұрын сол «Тастақ» базары айналасында, анығында Абай даңғылы – Розыбакиев көшесi – Төле би көшесi – «Сайран» көлi шаршысында көп қабатты тұрғын үйлерден, әлеуметтiк және бизнес кешендерiнен тұратын «Сайран» мегаауданы бой көтерiле бастаған-тұғын. Ол жоба бойынша осы аталған аумақтағы барлық жер үйлер бұзылып, олардың орнына заманға сай сәулеттi де зәулiм ғимараттар бой көтеруi тиiс болатын. Осы ретте, биыл қала әкiмiнiң тұрғындармен есептiк кездесуiнде осы аумақ халқы шаһар басшысына «Тiлендиев көшесi аумағында (Төле би көшесiнен жоғары) балабақша, мектеп және көңiл көтеретiн орындар жоқтың қасы. Айтпағымыз, осы жерде алдағы уақытта әлеуметтiк нысандар салу жоспарда бар ма?» деген сұрақ қойған едi. Оған қала әкiмi Ахметжан Есiмов «Сiз айтып отырған аймақта алдағы уақытта 2 мектеп пен 2 балабақша салынатын болады» деп жауап берген-тұғын. Сондай-ақ, қаланың Бас жоспары бойынша, жақын болашақта Розыбакиев көшесiнен «Сайран» көлiне дейiнгi Қарасай батыр көшесiнiң бойы жаяу жүргiншiлер серуендейтiн көшеге айналып, оның айналасы түрлi бизнес ұйымдарының кеңселерiне айналады деп белгiленген.

Демек, бiз сөз етiп отырған «Тастақ» базары айналасы түбегейлi өзгерiске түсетiнiнен үмiт күтiп, бұл жұмыстар аталған аумақты толықтай тәртiпке келтiредi деп ойлаған едiк. Өкiнiшке қарай, соңғы жылдары мұндағы қарқынды құрылыс әлгi жабайы саудамен айналысатын үйлерге жетiп тоқтап қалды…

Базар айналасындағы келеңсiздiктiң келмеске кетер кезi алыс емес

Дегенмен, «Тастақ» базарының айналасында тәртiп орнайтынына бiз әлi де сенiмдiмiз. Олай дейтiнiм, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 2009 жылы Алматы қаласының әкiмдiгi мегаполистегi барлық базарды қайта жаңғырту бойынша iргелi iстердi қолға алған болатын. Естерiңiзде болса, бiздiң шаһарда қазiр 74 базар жұмыс iстейдi. Осы ретте жоғарыдағы базарларды жаңғырту бағдарламасына сәйкес әлгi 74 базардың iшiндегi «қызыл сызықта» орналасқан 34 базар басқа жерге көшiрiлiп, қайта салынатын болған едi. Және олардың орнына жаңадан заманауи сауда орталығы бой көтеретiн болып жобаға енгiзiлдi.

Мiне, осы жоба бойынша келер жылдан бастап «Тастақ» базары толық қайта жаңғыртыла бастайды екен. Бұл туралы өткен бейсенбi күнi «Алматы» телеарнасына берген сұхбатында Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Жанат Айтiлеу мырза жан-жақты айтып өттi.

– Негiзiнен, қалалық әкiмдiк бұл жұмысты 2009-жылдан бастады. Ал бiз сол кезде қала әкiмдiгi атынан жалғыз Төле би көшесi бойындағы «Тастақ» базарына ғана емес, сонымен қатар, қаладағы басқа базарлардың бәрiне «базардың жаңартылған сызбасын жасау туралы» хат жiберген болатынбыз. Және ондай хат бiр емес, екi рет жiберiлдi. Сйтiп, соның нәтижесiнде мамандар күнi бүгiнге дейiн бiрнеше базарға сәулет жоспарын түсiндiрiп, 15 сауда орталығының эскизiн қабылдаған болатын. Олар келер жылдан бастап құрылыс жұмыстарын бастап кетуi тиiс. Ал егер келер жылы бұл базарлар қайта жаңғырту жұмыстарына кiрiспесе, онда олар жауапқа тартылатын болады. Бұл ретте базар басшыларына қойылған бiрқатар талаптар бар. Соның ең бастысы – базар жанында қала халқына қолайлы көлiк қоятын автотұрақ болуы мiндеттi. Сондай-ақ, санитарлық және сейсмикалық нормаларға сәйкес олар өздерiнiң жобаларын жасап, базарлардың заманауи талаптарға сай келетiн құрылыс жұмыстарына кiрiсулерi керек.

Мiне, осы ретте «Тастақ» базарының басшылығы құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде Төле би көшесiндегi «қызыл сызықты» ескерiп, соны босатуы керек. Сонымен қатар, олар сол аумақтағы құрылыс жүргiзетiн аумақтар мен алаңқайларды босатып, Төле би көшесiн кеңейту үшiн кеңiрек орындарды босатулары тиiс болатын.

Осы жерде атап өтетiнi, «Тастақ» базары бұған дейiн де жаңа сауда ғимаратының эскиздiк нұсқасын тапсырған болатын. Бiрақ, ол аталған басты талапқа сай болмай шыққандықтан, өздерiне қайтарылған-ды. Бұл ретте базар басшылығы «Тастақ» базарын жаңғырту жұмыстарын бастамас бұрын мамандардың ескертпелерiн назарға алулары тиiс. Мiнеки, тек осындай iргелi өзгерiстер жүргiзiлгенде ғана базар маңайын заңсыз жайлаған саудагерлер iздерiн жоғалтады деген ойдамыз. Яғни, ендi шамалы уақыттан соң, «Тастақ» базарында және оның айналасында «қыста тоңбайтын, жазда жүрегiмiз қысылмайтын болады», – дедi Жанат Әбдiхалықұлы.

Әрине, келер жылдан бастап, «Тастақ» базарының кескiн-келбетi өзгеретiнiн естiген көпшiлiк жұрт қуанып жүр. Әсiресе, сол маңайда тұратын көп қабатты тұрғын үйлер тұрғындарының көңiл-күйлерi көтерiңкi. Өйткенi, көп жылдан берi «Тастақ» базары айналасындағы жабайы сауда қала кркiне нұқсан келтiрiп, халықтың арлы-берлi еркiн жүрiп-тұруына кедергi келтiрiп жататын едi. Ендi, «Тастақ» ықшамауданы тұрғындары сол келеңсiздiктен құтылатын болды. Ал сол аумақтағы жабайы базарлар саудагерлерi өз жұмыстарының түрiн өзгертiп, құм мен топырақ сатудан өзге жұмысты қарастырулары керек. Бұл ретте олар қажет деп тапса, жақын болашақта бой ктеретiн осындағы заманауи сауда кешенiндегi жайлы орында саудасын жалғастыра алатын болады. Оның үстiне «Тастақ» базарын қайта қалпына келтiру жұмыстарынан соң, ондағы саудагерлердiң ай сайын төлейтiн салық секiлдi қаржы төлемдерiнiң деңгейi өзгертiлмейдi екен.

Қорыта айтқанда, «Тастақ» базары айналасындағы келеңсiздiк келер жылдан бастап келмеске кетедi деп ойлаймыз. Олай дейтiнiмiз, Алматы қаласы әкiмдiгiнiң шешiмiмен «Тастақ» базары алдымыздағы 2014-жылдан бастап заманауи талапқа сай жабдықталған сауда орталығына айналуы тиiс.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *