ТАСҚЫНҒА ТОСҚЫН ҚОЙЫЛЫП, ЖЕТІ ҮЙ ҚАЙТА САЛЫНАДЫ

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Әсем Алатаудың бөктеріндегі  Медеу ауданына  қарасты Көктөбенің баурайында тұратын жұрт көктем мен жазда  тау жоталарынан төмен қарай ағатын  қар мен жауын суы, оған қоса жылжып түсетін лай көшкінінің зардабын көргендеріне біраз жылдың жүзі болды.  Тұрғындар  жаңылмаса, бұл мәселені қалаға  Храпунов билік құрып тұрған сонау жылдардан бері айтып келе жатқан көрінеді.  Бірақ олар көбіне «қолдарыңа күрек алып, лай көшкінене өздерің тосқауыл жасаңдар» дегеннен ары аспаған  сыңайлы.  «Жазған құлда жазық жоқ» демекші,  биылғы жауын-шашынды күндері әбден мазалары кеткен тұрғындар  бұл жағдайларын жазда Медеу ауданы тұрғындарымен болған кездесуде қала әкімі Бақытжан Сағынтаевқа да айтқан болатын.

Айтуын айтқанымен,  Көктөбе бөктеріндегі осы бір жағдайды айта-айта  шаршаған тұрғындар бұл жолғы  шағымдары да  қала, аудан әкімдіктеріндегі  қала шаруашылығына жауапты сала қызметкерлерінің  жұмыс үстелінің  тартпаларындағы   көп қағаздың арасында қалып қояр деген   ойда болған еді. Қалаға басшы болып келген күннен бастап шет аудандарда тұратын тұрғындардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына айрықша көңіл бөлген Бақытжан Әбдірұлы көктөбеліктердің бұл мәселесін  дереу шешу жөнінде   аудан әкіміне  шұғыл  тапсырма беріп,  күздің жауын-шашынды күндері басталмай тұрып, қауіпті аймақты қайта қалпына келтіруді   міндеттеген  болатын.  Қазір қала басшысының сол тапырмасы  ойдағыдай орындалып, көшкін қаупі бар  Көктөбе бөктерін нығайту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.   Медеу ауданы әкімінің орынбасары  міндетін атқарушы Ермек Серікқалиұлы Тілекеновтың айтуынша, тамыз айында басталған нығайту және құлау қаупі бар тұрғын үйлерге күрделі жөндеу мен қайта қалпына келтіру жұмыстарының  қарқыны жаман емес көрінеді. Осы жұмысты атқаруды мойындарына  алған «Дом Строй  LTD» ЖШС-нің  бас директоры Валерий  Александрович Соломкоға телефон шалып, Көктөбе  бөктерін нығайту жұмыстарының қалай атқарылып жатқаны жөнінде айтып беруін өтінген едік.

– Қазір Көктөбе бөктерін, нығайту жұмыстары және құлау қаупі бар үйлерді  қалпына  келтіру жұмыстарын  жүргізуге тоқсан құрылысшы жұмылдырып отыр.  Арнайы құрылған комиссияның шешімі бойынша   жеті үйге күрделі жөндеу  жасалуы керек еді, бірақ  құлау қаупі бар үйлердің жағдайын жан-жақты  сараптаған комиссия  мүшелері оларға күрделі жөндеу жасағаннан гөрі, қайта салу тиімді деген  шешім қабылдап, қазір   сол жеті  үйді   қайта салып жатырмыз.  Бүгінгі күнге дейін 290  метрді құрайтын беткей тазартылып,   260  метр жерге биіктігі жеті метрлік габион төселді. Сонымен қатар, ұзындығы 25 метр болатын  темірбетонды тірек қабырға мен  82  метр   құрайтын  металдық құрылымнан тұратын  баспалдақ монтаждалып,  25 метрді құрайтын аймаққа биіктігі сегіз метрлік темірбетонды тірек қабырғалар орнатылды. 4 үйдің іргетасы 1,5 метрлік биіктікте қайта қаланып, қабырғалары қалыпқа келтірілді. Тұрғындарға берген уәдеміз бойынша, бұл жұмыстарды қараша айының соңына дейін  толық аяқтауды  жоспарлап отырмыз. Дегенмен, жұмысты осы қарқында атқаратын болса, құрылысшылар  Көктөбе бөктерін қайта қалпына келтіру және үйлерді жөндеп, салу жұмыстарын  белгіленген мерзімнен бұрын  орындап шығуы әбден мүмкін, – дейді өздерінің жұмысқа деген жауапкершіліктерімен Көктөбе тұрғындарының алғысына бөленген «ДомСтрой LTD» ЖШС-нің бас директоры  Валерий Александрович.  Көктөбе бөктеріндегі көшкін қаупі бар осы аймақта  250 адамы бар 60 үй иелерінің әсіресе, Горный, Горновосточный және Бегалин көшелері тұрғындарының қуанышында шек жоқ. Ең бастысы, олар жауын-шашынды күндері түн ұйқыларын төрт бөліп, қолдарына күрек ұстап    жауын мен қар суының, лай көшкіннің бетін  қайтармаққа бөктерге қарай  бет алмайтын болады. Ал   Көктөбеде тұратын тұрғындар атынан  Горный  көшесіндегі 24-үйде тұратын  Мұхит Шаженов пен Бегалин көшесіндегі 202-тұрғыны  Жүзімжан  Тастандинова   шет аудандарда тұратын тұрғындарға көңіл бөліп, олардың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асып, тиімді шешім қабылдағаны үшін қала басшысына әкімнің тапсырмасын  бұлжытпай орындап жатқан аудан әкімдігінің қызметкерелері мен «ДомСтрой  LTD» ЖШС-нің басшысы В.А.Соломко  мен құрыш қолды құрылысшыларына алғыстарын білдіреді.  Құрылыс мекемесінің сөзіне сенсек,   қарашаның қара суығы жеткенше Көктөбенің бөктері толық нығайтылып бітпек.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *