ТАРИХЫН ЖАСАУШЫ ХАЛЫҚ ҚАНА ҰЛЫ ТҰЛҒАЛАРЫН ДӘРІПТЕЙДІ

Әуезхан ШАШАЕВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты

Тарихтан сабақ алатын кез-келген мемлекет ұлы тұлғаларын әспеттеген, себебі, өткенің осы тұлғалардың қызметі арқылы зерделенеді. Өйткені, қоғам тарихында басты рөлді ұлы тұлғалар атқарған. Тарихтан белгілі, әрбір халық үшін өзінің дана, отансүйгіш, елжанды, өр мінезді, алып тұлғалы перзенттерінің үлгісі маңызды. Халықтың халық болуы, мемлекеттілігі, тарихы мен мәдениеті, өнері мен өнегесі озық көшбасшылардың қызметінің арқасында қалыптасады. Осыған байланысты бүгінгі қонағымыз Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институты директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидаты Әуезхан Шашаевты әңгімеге тартқан едік.

– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тарихи тұлғаларымыз бен олар­дың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу қажеттілігін атап көрсетті, осы орайда Сіздердің институтта қандай іс-шаралар жүзеге асырылуда?

– Қазіргі жетістіктеріміздің басым бөлігі барлық қазақстандықтардың еңбегі арқа­сында мүмкін болғаны айқын. Ел болып, етек-жеңімізді жиғалы  бері Отандық тарихымыздың даңқты беттерінің көптігін айқындайтын деректік құжаттарды ғылыми айналымға қосуға барша зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар үлес қосты. Бұл бұрын ұзақ уақыт үстем болған, ең алды­мен, еуроцентристік түсініктер мен империялық ұстанымдардан бас тарта отырып, бүкіләлемдік маңызға ие тарихи оқиғалар мен фактілерге толы еліміздің тарихын әлемдік өркениеттің қалтарысына шегеріп, дүние жүзі тарихының тура жолынан бұрмалап, «тағылық», «жабайы орда», «артта қалған халық», «дұшпандар» деген айдарлар мен т.б. тағылған таңба­лардан арылуға жағдай жасады. Кеңес үкіметі кезінде тарихты жасаушы халық қана деп, ұлы тұлғалардың тарихтағы орнын артқа шегеріп, бүркемелеуге тырысқаны баршаға мәлімі.

Ұлы даланың ұлы есімдері мәселесіне Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдар­ламалық мақаласында  тоқтал­ған болатын. Мақалада өткен дәуірлердегі дүние жүзіне белгілі тұлғалар (Ескендір Зұлқарнайын, Конфуций, Шекспир, Гете және т.б.) бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр делінген. Елбасы «Ұлы дала тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді» деп, Қазақ хандығы, Түркі қағандықтары, мұсылман Шығысының мемлекеттерінің (әз-Тәуке мен Абылай, Күлтегін мен Бейбарыс, және т.б.) атақты қайраткерлерін ерекше атап көрсетеді. Тағы бір тамаша жетістік, Елбасымыздың Мысыр мен Сирияға ресми сапары бары­сында Дамаскіде әл-Фараби кесенесі мен тарихи-мәдени орталығының салынуы, Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс кесенесін және Қаирдегі Сұлтан Әз-Захир Бейбарыс мешітін қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылғандығы.

Биылғы жылдың басында Алматы қаласында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы тапсырмасын орындау мақсатында «Ұлы даланың ұлы есімдері: зерттеудің методологиялық әдістері» атты республикалық «Дөңгелек үстел» өткізген едік. «Дөңгелек үстел» мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы тапсырманы іске асыру аясында «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын орындау шеңберінде ғылыми зерттеулерді жүзеге асырудың жалпы әдіснамалық тәсілдерін әзірлеу, «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасының жобасын және ғалымдар қауымдастығы мақұлдаған әрі жалпыұлттық мүдделерге сай келетін, ғылыми тұрғыдан қалыптастырылған «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімін талқылау болды. «Дөңгелек үстелдің» шеңберінде «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжы­рым­дамасының жобасы және «Ұлы даланың ұлы есімдері» тізімі талқыланып, арнайы қарар қабылдады.

Қазіргі таңда жоғарыдағы қабылданған қарар негізінде ауқымды жұмыстар жүр­гізілуде. Бұл жұмыстар бірнеше кезеңмен атқарылуда. Атап айтсақ: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институ­тының қатысуымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын іске асыру бойынша жұмыс тобының отырысы (төрағалық еткен А.Жаркенов – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министр­лігі Ғылым комитеті төрағасының орын­басары) – 2019 жылғы 31 қаңтар. Екінші кезең: Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтында «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын құру тұжырымдамасын және Ұлы есімдер тізімін әзірлеу (жұмыс тобымен келісіп) (Институт директоры – З.Е.Қабыл­динов, проф., т.ғ.д.) – 2019 жылғы 7 ақпан. Үшінші кезең: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында ҒЗИ, жоғары оқу орындары, БАҚ және жұртшылық өкілдерінің қатысуымен «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энцикло­педиялық саябағын құру тұжырымдамасын және Ұлы есімдер тізімін талқылауға арналған «Дөңгелек үстел» өткізу – 2019 жылғы 12 ақпан. Төртінші кезең: Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтында Қазақстан Республикасы­ның өңірлері үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасын жүзеге асыру бойынша Әдістемелік ұсынымдарды әзірлеу – 2019 жылғы 15 ақпан. Бесінші кезең: Ш.Уәли­ха­нов атындағы Тарих және этнология институтының ҚР БҒМ Ғылым комитеті­нің, ҚР Мәдениет және спорт министр­лігінің және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі­нің, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы инсти­тутының өкілдерімен бірлесіп, «Ұлы дала­ның ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энци­клопедиялық саябағының орны мен орна­ластыру қағидаттарын негіздеу мәселесі жөнінде жұмыс отырысын өткізуі – 2019 жылғы 8 мамыр. Алтыншы кезең: Ш.Уәли­ха­нов атындағы Тарих және этно­логия институтының Мемлекет тарихы инсти­тутымен бірлесіп, Нұр-Сұлтан қала­сында «Ұлы даланың біртуар тұлғалары» «Дөң­гелек үстелін» өткізу. «Дөңгелек үстел» отырысы барысында «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағының Нұр-Сұлтан қаласындағы орналасуының нұсқалары талқылауға түсті («Нұрлы жол» теміржол вокзалының маңайы; «ЭКСПО—2017» маңайы; Прези­дент саябағының маңайы;  Хан-Шатыр маңайы).

– Оқу-ағарту энциклопедиялық саяба­ғын ашудағы негізгі мақсаттар қандай?

– Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті атақты тарихи тұлғала­рымыз бен олардың жетістіктерінің құрме­тіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедия­лық саябағын ашудың негізгі мақсаты ретінде Қазақ халқының ұлттық бірегей­лігін нығайту болып табылатынын атап көрсеткен еді. Бұдан басқа, қазіргі әдебиет­тегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақын­дар және ел билеген тұлғалар бейнесінің өзекті галереясын жасауды қолға алу, сондай-ақ, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет делінген.

Ал бұл үшін Қазақстан Республика­сының тиісті ұйымдастырушылық, зияткер­лік және нормативтіқ-құқықтық базасы­ның бар болуы «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябағы жобасын іске асыруға мүмкіндік беретінін атап кеткеніміз жөн. Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңында (1992 жылғы 2 шілде), ерекше термин: «жаңадан тұрғызылған монументальдық өнер туындылары» деген бар, оның мәні, ұлы тұлғалар мен аса маңызды тарихи оқиғаларды мәңгілік есте қалдыру үшін салынған монументальдық өнер туындылары (ескерткіштер, стеллалар, бюстілер) қолданысқа түседі.

– Жобаны жасау мен жүзеге асыру бары­сында қандай үлгілер мен жүзеге асырылған шаралар басшылыққа алынбақ, осы тұрғыдан не айта аласыз?

– Әрине, біз тыңнан түрен салып жатырмыз деп айта алмаймыз. Халық­аралық тәжірибенің көрсететіні, әлемнің озық елдері мемлекеттіктің негіздерін нығайту, азаматтық қоғамды қалыптастыру мақсатында ата-бабаларының әрекеттерін, атақты көшбасшы тұлғалардың, мәдениет қайраткерлерінің, Отан қорғаушыларының  өмірі мен қызметін зерттеу мен естеліктерін сақтауға  ерекше қараған. Міне, сондық­тан жобаны жасау барысында жергілікті және халықаралық осы секілді үлгі тұтарлық саябақтар мен мемориалдық кешендердің тарихымен жан-жақты танысу әрекеттері жасалды.

Мысалы, АҚШ-та атақты ұлттық саяси қайраткерлер мәңгі есте сақталынған. Атап айтқанда, салынуы 1927 жылдан 1941 жылға дейін созылған АҚШ-тың Рашмор тауындағы Ұлттық мемориалында АҚШ-тың төрт президентінің, яғни Джордж Вашингтонның, Томас Джеф­ферсон­ның, Авраам Линкольннің және Теодор Рузвельттің бет мүсіндері жасалған. Бұлар АҚШ-тың ең атақты президенттері деп саналады, өйткені елдің негізінің қалануы, дамуы және өркендеуі дәл осы тұлғалардың есімдерімен тығыз байла­нысты. Ескерткіш­тер Рашмор тауының оңтүстік-шығыс жағында, Блэк-Хиллс Ұлттық қорығында, Оңтүстік Дакотада орналасқан. Осы мемо­риалдың аумағы бес шаршы шақырымнан асады.

Сонымен қатар, АҚШ-та 2004 жылғы 24 мамырда Вашингтонның Ұлттық гале­реясында Екінші дүние жүзі соғысының ардагерлері ұлттық мемориалы ашылды, бұл Екінші дүние жүзі соғысы майданда­рына қатысқан АҚШ әскерінің 16 миллион жауынгерлері мен майданда қаза тапқан 405 мың жауынгерлерінің құрметіне тұрғызылған. Екінші дүние жүзі соғысы мемориалы лавр шоқтарымен безендірілген, 56 колоннамен қоршалған Кемпірқосақ деп аталатын су қоймасы болып табылады. Колонналар соғыс кезінде штаттар мен аумақтардың бірлігін танытады.

Ал Ресейде Бірінші дүние жүзі соғысы кезінде, 1916 жылы Вязьма қаласында Жоғары Калуга көшесінен бастап, Стан­ционное тас жолы бойымен өтетін бульвар салынған. Ол Бірінші дүние жүзі соғысы­ның каһармандарына арналған. Бульвар­дың ортасында қаңылтырдан жасалған және ашық түсті мәрмәрлі биік обелиск (ескерткіш бағана) тұрғызылған.

Келесі бір кешен 1954–1960 жылдары Түркияның Шанақкалесінде Бірінші дүние жүзі соғысы кезінде Галлиполь шайқа­сында қаза тапқан 250 мың түрік жауынгеріне арналған Шейіттер мемо­риалы. Мемориалдың астында мұражай, ал оның жанында түрік жауынгеріне арналған ескерткіш және түрік зираты бар. Зиратта қаза тапқан жауынгерлердің туған қала­лары бойынша ажыратылған мемориалдық тақталар қойылған, әрбір тақтайшаның екі жағында қаза тапқандардың есімдері жазылған.

Сонымен қатар, 2001 жылы Түркияда Фетхие қаласының ортасындағы жағалауда Түркияның Ұлттық қаһармандарына ескерт­кіш орнатылған. Фетхедегі қаһар­мандар ескерткіші: Азаттық соғысында, Шанақкале үшін болған шайқаста, сон­дай-ақ, Кипр мен Кореядағы қақтығыстар кезінде қаза тапқандардың рухына бағыш­талған. Ескерткіш тұғырын қоршаған барельефтер шайқаста қаза тапқан түрік жауынгерлерінің бейнесін көрсетеді.

Ұлыбританияда 1921 жылғы 16 мамыр­да Уэльс ханзадасы Англияның оңтүстік-батысындағы, яғни Эксетерде Бірінші дүние жүзі соғысы жылдарына арналған Әскери мемориалды Девон графтығында тұрғызған. Мемориал пішіні крестке ұқсас. Крестің өзі гранитті үш сатылы тұғырға орнатылған.

Алманияның Танненберг қаласындағы Ұлттық ескерткіш Бірінші дүние жүзі соғысы кезіндегі 1914 жылғы жеңістерге, атап айтқанда Танненберг түбіндегі орта ғасырлар дәуірінде 1410 жылы және Мазур көлдері маңында болған шайқастардың құрметіне солай аталған құрылыс алаңы. Шығыс Пруссияда 1924–1927 жылдары салынып, 1945 жылға дейін болды.

Францияда Шарль де Голль алаңында орналасқан Салтанат шеруі қақпасында (Триумфалдық арка) Революция мен Бірінші империя кезінде Францияға қызмет еткен 660 қолбасшылардың есімдері ойып жазылған.

Міне, осылай тарихтың белгілі кезеңде­рінде әр түрлі мемлекеттер тұтастай ансам­бльдер мен мемориалдық кешендерді салған­дарын көріп отырмыз. Олардың мақсаты кезінде мемлекеттіліктің қалыпта­суына ерекше үлес қосқан атақты қайрат­керлерін, ұлттық каһармандарын мәңгі есте сақтау.

Қазақстан туралы айтатын болсақ, қазақтың әскери, қоғамдық, мемлекеттік, сондай-ақ, мәдениет қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне арналған көптеген ескерткіштер бар. Бірақ олар әдеттегідей,  ортақ тақырыптағы ансамбльдер мен мүсіндік ескерткіштер тобын құра алмаған. Міне, сондықтан да Елбасы ұсынған оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябақты құрудың қажеттілігі туындап отыр.

Жобаны жасау барысында анықтал­ғаны, қазіргі кезде аталған мәселе бойынша кешенді қамтылған іргелі зерттеулер іс жүзінде жоқ деп айтуға болады. Ұлы дала аумағындағы тұлғалардың тарихи үрдіс­терге тигізген әсері мен қосқан үлесінің ғылыми негізделген критерийлері нақты­лан­баған. Сондықтан да Қазақстан тарихындағы ұлы есімдерді, тым әсірелемей, тұтастай ала, жанды образын жасай оты­рып, зерттеу мен танымалдандыру қажет.  Ұлы дала аумағындағы тұлғалардың тарихи үрдістердегі орнын «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағын құру  оқу-ағарту энциклопедиясын жасауға, ұлы ойшылдар, ақындар мен өткенің ұлы билеушілерінің бейнесін жасайтын галереясын қазіргі әдебиетте, театрда, музыкада және көркем суретте жекелеген интернет ресурстарында орналастыруға  ғылыми нұсқаулық бола­тын ұсыныстар  дайындау қажет.

– Жоспарларыңыздың ауқымы зор екен. Ал енді нақтылап айтсаңыз, келесі қадамдарыңыз қандай болмақ?

– Қазақстан Республикасының ғылы­ми-зерттеу институттары, орталықтары мен ЖОО-ның кәсіби мамандары мен ғалым­дарының бірлескен жұмыстары нәтижесін ескере отырып, біздің институтта «Ұлы даланың ұлы есімдері» саябағын құру  оқу-ағарту энциклопедиясының тұжырым­дамасы әзірленді. Ол жалпы ұлттық мүддеге сәйкес келетін критерийлер негізінде қалыптастырылған «Ұлы даланың ұлы есімдері» негіздемесі жүйесінде  дайын­далған.

– Әуезхан Кәдіржанұлы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық саябағын құру  жобасы қандай нәтиже бермек, соған тоқталып өтсеңіз?

– Әрине, жоба барысында күтілетін нәтижелер көп, дегенмен солардың негізгі дегендеріне тоқтала кететін болсақ, бұл ең алдымен – «Ұлы даланың ұлы есімде­ріндегі» тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы ғылыми деректерді және материал­дарды айналымға түсіреді. Сонымен қатар, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энцикло­педиялық саябағы интерактивті картасын жасау арқылы геоақпараттық техноло­гияларды пайдалана отырып, мультиме­диялық қосымшалар арқылы қазақ халқы­ның ұлы тұлғалары­ның өмірі мен қызме­тімен танысу мүм­кіндігіне қол жеткізіледі. Ал халықаралық аренада Қазақстан мен қазақ халқының тарихи-мәдени мұрала­рын танымал етудің тиімді тетіктері әзір­леніп, жүзеге асыру мақсаты да қойылған. Туристік кластерді қалыптастыру, экскур­сиялар және білім беру мақсаттарына арналған басқа да іс-шаралар үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту­шылық энциклопедиялық саябағы мүсіндік ескерткіштерін пайдала­ну жүзеге асы­рылады. Отандық, аймақтық және халық­аралық деңгейде қазақ халқы­ның ұлттық тарихи мұралары насихатта­лады. Қазақ халқының бірегейлігін нығайту бағытын­дағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге де бұл бағдардың қосар үлесі зор болмақ. «Мәңгілік Ел» және «Ұлы дала Елі» идеялары негізінде қазақ халқының құндылық жүйесі нығаяды. Жоба Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра­ларын сақтауды және тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен –

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *