ТАРИХЫМЫЗ ТІРІЛГЕНДЕЙ ТӘНТІ БОЛАСЫЗ

2016 жылы ашылған Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы бүгінгі таңда шежірелі шаһарымыздың тұрғындары мен қонақтары жиі баратын мәдени орындардың біріне айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Алматы қаласының 1000 жылдығына орай ашылған Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің өкілдерін, олардың көркем туындыларын зерттеу және оларды заманауи 3D технологиялармен жабдықталған музей экспозициясы арқылы халыққа, шетел азаматтарына насихаттау, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.

 

Балнұр АХМЕТ

Тылсым тарихпен тілдестіреді

Алатау ауданында орналасқан Муль­ти­ме­диялық дәстүрлі музыка орталығы 2 залдан тұрады. Орталықтың бірінші экспозициялық залында қазақ халқының ән-күй, ақын-жыраулық өнерінің негізін қалап, бүгінгі биікке жеткізген өнер тұлғаларының музыкалық аспаптары орналасқан. Заманауи мәдени орталыққа келушілер Абай Құнанбайұлының, Жам­был Жабаевтың, Махамбет Өтемісұлының, Мұрын жыраудың, Дина Нұрпейісованың, Сүгір Әлиұлының, Ахмет Жұбановтың, Дәнеш Рақышевтің, Бөлтірік Атыханұлы­ның, Алтынбек Қоразбаевтың және басқа да қайталанбас тұлғалардың домбыра­ларын көре алады. Аталған экспозициялық залда тұлғалардың өз қолының табы қалған мұралары қалыптасқан ортасына қарай Оңтүстік Қазақстан, Сыр өңірінің дәстүрлі музыка мектебі, Арқа дәстүрлі музыка мектебі, Жетісу дәстүрлі музыка мектебі, Батыс Қазақстан дәстүрлі музыка мектебі деп төрт мектепке бөлінген. Әрине, бұл мәдени орталықтың төрінен орын алған бұл аспаптар ұлтымыздың тарихынан сыр шертетін құнды қазынамыз екендігі даусыз. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі орталықтың ашылу салтанатында сыйға тартқан домбырасы мен қазақтың дара күйшісі Дина Нұрпейісованың бюсті заманауи орталықтың көркін кіргізіп тұр­ғаны анық. Заман талабына жабдықталған бұл экспозициялақ залдағы жеке тұлға­лардың мемориалдық экспонаттарынан өзге қазақтың ғасырлардан жеткен музы­калық аспаптары орталықтың тарихи құн­дылығын арттырып тұр. Шетелдік турис­тердің қызығушылығын тудыратын нарқо­быз, жетіген, дабыл, шың тәрізді көне кезден келе жатқан аспаптар тылсым тарихтың тұңғиығынан сыр шертіп тұрғандай. Келген қонақтар орталықтың бел ортасында орналасқан 3D голограммадан әйгілі ән-күйлер мен жырларды тыңдап, мультиме­диялық зал арқылы қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін видеоконтент арқылы тамашалау мүмкіндігіне ие.

Орталықтың екінші мультимедиялық залы заманауи технологиялық құралдар арқылы көріністермен көркемделген, әуен­дермен әрленген қазақтың сан ғасырлық тағылымды тарихымен таныстырып, там­сан­дыра түседі. Көрерменнің көз алдында жан бітетін көркем көріністер тарихтың құшағына ендіріп, сан ғасырларға сапар шеккізеді. Айналаңдағы әсем әлем аттың жалында, түйенің қомында жүріп көшпенді ғұмыр кешкен халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, Ұлы даланың өркениетімен таныстырады. Тылсым тарихпен тілдесті­ретін бұл мультимедиялық залдан көрер­меннің кеткісі келмейтіні күмәнсіз. Себебі, залдағы ғажайып көріністер арқылы көрермен көз алдында тарих тірілгендей керемет күй кешеді. Көріністерді әрлеген әуен көңіліңізді теңіздей толқытып, ғасырлар сазын, жылдардың жаңғырығын жан-жүрегіңізге жеткізеді.

mde

Тағылымды тәрбиенің тамыры мәдени мұрамыздан таралады

Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығының жетекшісі Роза Каженова мәдени орталықта заманауи технология­лық құралдар арқылы ұлттық мұрамызды ұлықтаудың, дәстүрімізді дәріптеудің мүмкіндігі мол екенін айтты.

– Мультимедиа – компьютерде дыбыс­ты, ақпаратты, тұрақты және қозғалыстағы бейнелерді біріктіріп көрсету үшін жинақталған компьютерлік технология. Ол ақпаратты кешенді түрде бейнелеуді, мәліметтерді мәтіндік, графикалық, бейне, аудио және мультипликациялық түрде шы­ғаруды жүзеге асырады. Заманауи техноло­гиялық құралдар арқылы ұлттық құнды­лықтарымызды насихаттауда Мультиме­диялық дәстүрлі музыка орталығының орны ерекше.  Келген қонақтар орталықтың бел ортасында орналасқан 3D голограм­мадан әйгілі ән-күйлер мен жырларды тыңдап, мультимедиялық зал арқылы қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрін видеоконтент арқылы тамашалау мүмкін­дігіне ие. Сондай-ақ, келген қонақтар QR-код пен Wі-Fі жүйесі арқылы да мульти­медиялық залдағы тұлғалардың туындыла­рын тыңдай алады. Мультимедиялық техно­логия  ұлттық құндылықтарымыз, рухани қазынамыз – өнеріміз бен мәдениетімізге жастардың ықыласының артуына игі ықпал етеді. Бүгінгі таңда Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығына келушілердің қатары көбейіп келеді. Әсіресе, ұлттық өнерімізді қадірлейтін жастардың көп келетіні бізді ерекше қуантады. Себебі, ерте­ңімізді жалғайтын жас ұрпаққа халқымыз әрқашан да үлкен үміт артады. Ұстаздары­ның ұйымдастыруымен келген мектеп оқушылары кейіннен өздерінің ата-анасын ертіп келіп жатады. Алматыға саяхат жасап келген туристер де Мультимедиялық дәс­түр­лі музыка орталығына келуді дәстүрге айналдырып жатыр. Шетелдіктерге қазақ өнері мен мәдениетін кеңінен насихаттау мақсатында біз бірнеше туристік компа­ниялармен келісім-шарт жасадық. Зама­науи мультимедиялық орталығына келген қонақтардың барлығы ерекше әсер алып қайтады. Көрермендердің қызығушылығын арттырудың жан-жақты жолдарын қарас­тырғанбыз. Мысалы, көрермендер музыка­лық аспаптың тарихымен танысып қана қоймайды, арнайы шақырылған кәсіби музыканттар қонақтарымыздың алдында өнер көрсетіп, музыкалық аспаптардың үн-дыбысын тыңдарман жүрегіне жеткізеді. Бұл ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауға балаларды құлшындыра түседі. Еліміздің төл тарихындағы мерекелерге орай арнайы іс-шаралар өткізіп, дәстүрлі өнерімізді дәріптеу мақсатында белгілі өнерпаздары­мыздың қатысуымен шеберлік сабақтар, кештер, дөңгелек үстелдер, методологиялық семинарлар, музей сағаттары, лекциялар, концерттер мен кездесулер жүйелі түрде ұйым­дастырып, өнерсүйер жастарды қуантып тұрамыз. Тағылымды тәрбиенің тамыры ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазынамыздан таралады. Жас ұрпақты ұлттық тамырына жақындататын мәдени орталықтың рухани маңызын насихаттау, дамыту мұратында аудандық білім басқармаларымен, жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс жасаймыз. Себебі, біз ұлттық мұрамызды ұлықтайтын ұрпақ тәрбиелеуге үлес қосқымыз келеді, – дейді Роза Каженова.

Ұлттық мұрамызды ұлықтау, дәстүрімізді дәріптеу

Бүгінгі таңда Мультимедиялық орта­лықта ұлттық мұрамызды ұлықтау, дәстүрімізді дәріптеу мақсатында көптеген ізгі шаралар атқарылады. Елбасынның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласына орай мәдени орталықта «Ата­мекен» атты тарихи өлкетану үйірмесі құрыл­ды. Үйірменің негізгі мақсаты – мектеп оқушыларын өз туған жерінің тари­хын, мәдениетін, географиялық ерекше­ліктері мен халқымыздың тұрмыс-тіршілі­гін зерттеу арқылы отансүйгіштікке тәр­биелеу. Мектеп оқушылары қазақтың тари­хы, өнері мен мәдениеті туралы танымын тереңдеткен бұл үйірмеге үйір болып, қуана қатысып жүр.

Сондай-ақ, Мультимедиялық орталық ұлттық құндылықтарымыздан рухани нәр беру мақсатында мүмкіндігі шектеулі адамдарға «Жүректен жүрекке» атты сауабы мен шарапаты мол ізгі шара ұйым­дастыруды әдемі дәстүрге айналдырған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *