Тарихты зерделеуді өзімізден бастайық

Тарих тоғысына және бір жылды жыл­жытар тұста тағы бір естен кетпес оқиғаның куәсі болып отырмыз. Дала­мыздың даналығын, тарихымыздың тереңдігін санамызға сіңіретін «Ұлы даланың жеті қыры» атты Елбасы еңбегі қолымызға тиді. Айтулы бағдарламалық мақаланы алдымен өзім оқып, бүкіл ұжым болып талқыладық. «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек» деген  Елба­сы сөзі ата-бабамыздан мұра болып қалған жәдігерлерімізді ұлықтауға жаңа серпіліс жасап, Ұлы елдің жаңа қыр­ла­рын ашуға мол мүмкіндіктер беріп отыр.

Елге деген парыз адами құнды­лықтарға жататын ұлы ұғым. Ұлан-ғайыр атырап, Ертіс пен Еділге дейін, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік атажұрты. Халқымыздың ұлттық кодын «атамекен», «кіндік қаны тамған жер»  деген киелі құндылықтармен  түсі­не­міз, болашақ ұрпаққа да осыны аманат етеміз. «…ежелгі Рим деген қазіргі Ита­лия емес, бірақ италиялықтар өздерінің тарихи тамырымен мақтана алады. Бұл – орынды мақтаныш. Сол сияқты, ежелгі готтар мен бүгінгі немістер де бір халық емес, бірақ олар да Германияның мол тарихи мұрасының бір бөлшегі» деген Елбасы түп шежіресі сонау ежелгі түр­кіден бастау алып, жер бетінен жойыл­май, іргесі сөгілмей, мәдениетін, дала заңын сақтап қалған қазақ елінің асқақ рухын өз мақаласының арқауы еткен.

Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт белдеуінде Елбасының атқа міну мәде­ниетін айрықша айқындап көрсетуі жыл­қының қазақтың жаны мен жүрегі, баба­мыздың пырағы екендігін көрсету болса, алтыннан сауыт киіп, айдарынан жел ескен, тақымына тұлпар басқан ата-баба­ларымыз осынау ұшса құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр өлкені ұрпа­ғына аманат етіп кетті. Ежелгі көшпелі­лердің мәдениеті, өнері ерекше құбылыс.  Өнер – жыраудың жырында, домбы­раның күм­бірінде, қобыздың сарынында, «Аң сти­лін­дегі» қазақ оюларының таңдаулы өрнек­терінде ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде қалдырылған. Осы игіліктің, байлықтың тамыры терең қазақ еліне тән екендігін Елбасы өз мақаласында көрсе­туі ата-бабамыздың тектілігінен хабар береді.

Сол – Ұлы даланың кереметін, әлем­дік брендке айналған Алматының апор­тын, шартарапқа тараған дала қызғал­дағын әлемнің есіне салу, ұмыттырмау, болашаққа көрсету – мақаланың жауһарлы қырларының бірі. Қазақ елінің өткенін жаңғыртып, өшкенін жандандыру жолында Елбасының «Архив–2025» жеті жылдық бағдарламасын ұсынуы  ұлты­мыздың ұлылығын дәріптеуге, көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға тарихи қадам болмақ. Біздер үшін, білім жүйесінің қыз­­мет­керлері үшін бұл еңбектің орны өте маңызды. Біз болашақтың иелерін, ертеңгі ел азаматтарын тәрбиелеп отыр­мыз. Осы бастан оларға тарихымызды таныс­тыру — біздің басты парызымыз. Сондықтан бүлдіршіндерге күнделікті оқу-қызме­тінде осы еңбекті пайдаланатын боламыз.

 

Мәриямгүл СЫДЫҚБЕКОВА,

Жетісу ауданы, №104 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *