Тарихи құжаттың тағылымдық сипаттары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына – бір жыл!

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі,

 тарих ғылымының докторы.

 

2018 жылдың 12 сәуір күні Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарық көргеніне тура бір жыл толады.  Жыл бойы еліміздегі барлық ақпарат құралдарының осы тақырып аясында қаншама жұмыстарды атқарып жатқанын көріп те, оқып та, естіп те жүрміз. Оншақты жылдарға  бағдарланған рухани жаңғыру бағдарламасының  алғашқы жылында-ақ атқарылған істер мен жүзеге асырылған шаралар ұлт санасында рухани сілкіністің болып жатқанын көрсетеді. Санадағы рухани сілкіністің дүмпуі ұлттың өз тарихын тереңірек зерделеуіне, бүгінгі күнгі әр қадамын нық басуына  және болашаққа деген батыл сенімге ие болуына  зор мүмкіндік беріп отыр. Олай болса, ұлттық сананың дамуы үшін осындай мүмкіндік берген маңызды  құжаттың өзі де, өмірге келген күні де тарихи  жағынан маңызы  зор оқиғалар қатарына жатады.

Бір жылға жуық тарихы бар  «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бұл бағдарламалық мазмұнды да маңызды құжаттың қазіргі замандағы Қазақстан тарихында алатын орны мен тарихи рөліне тоқтала кетсек дейміз.

Соңғы ширек ғасыр ішіндегі  еліміздің жүріп өткен жолына  тарихшы көзімен қарайтын болсақ, даму үдерісіне тән жүйелілік, жоспарлылық, үздіксіздік және сабақтастық секілді ғылыми қағидаттардың қатаң сақталып отырғандығын  байқаймыз. Ел дамуының айқын да нақты көрсеткіші болып табылатын әлеуметтік,  экономи­калық және мәдени көрсеткіштердің статистикасына жүгінбей-ақ, тәуелсіздік жылдары Елбасының Жарлықтарымен қабылданған аса маңызды құжаттарға қарап, оларды салыстыру арқылы  «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаланың маңызын білуге болады.

 

 

БІРТҰТАС ҰЛТ БОЛУДЫҢ ЭВОЛЮЦИЯЛЫҚ ДАМУ ҚАДАМДАРЫ

 

Тәуелсіздік жылдары еліміздің дамуына арналған Елбасы қабылдаған маңызды құжаттарды шартты түрде үш топқа бөлуге болады.

 

 

Біріншісі – ұзақ мерзімге арналған стратегиялық даму жоспарлары, екіншісі – орта мерзімге арналған және үшіншісі – қысқа мерзімге арналған даму жоспарлары. Алғашқы топқа жататын құжаттар саны екеу. Олар  1997 жылдың 1 қазанында қабылданған  «Қазақстан–2030» бағдарла­масы  және 2012 жылдың 14 желтоқса­нында қабылданған «Қазақстан–2050» бағдарламасы. Бұл екі бағдарламаның Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рөлі мен маңызын бір сөзбен айтар болсақ, былай деуге болады: қазіргі кезеңдегі Қазақ елінің әлемдік, аймақтық және өз ішіндегі қол жеткізген саяси, әлеуметтік, экономика­лық, мәдени жетістіктерінің бәрі ғылыми және шынайы негізде жоспарланған екі жоспардың алғашқысының жүзеге асып, екіншісінің ойдағыдай орындалып жатуының көрінісі болып саналады.

Ал қысқа мерзімді бағдарламаларға келсек, олардың бәрі бір жылға арналған Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдаулары. 1997–2018 жылдар аралығында Елбасы әр жылға арналған 22 Жолдау жасады. Әр жыл басындағы кезекті Жолдауында Президент елімізде бір жыл ішінде атқарылар міндеттерді Үкіметке жүктеп, жыл соңында қорытындылайды. Әрбір Жолдаудағы міндеттер ұзақ мерзімді даму бағдарламасынан туындайды және сондағы мақсаттар мен міндеттерді  орындауға бағытталғанын көреміз. Ел дамуындағы сабақтастық, жүйелілік және  үздіксіздік қағидаттар осы жерде айқын көрінеді.

Орта мерзімге арналған бағдарламалар қоғамдық өмірдің бір немесе бірнеше саласын қамтитын мемлекеттің бірнеше жылдарға арналған бағдарламалары. Бұл орта мерзімге арналған  бағдарламалар да ұзақ мерзімді даму бағдарламасының мақсатынан туындап, ондағы кейбір міндеттерді  2-3 жылдан оншақты жылдар аралығында жүзеге асыруды көздейді. Олардың қатарына 2004–2011 жылдары жүзеге асырылған – мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы, 2012–2014 жылдар­дағы – «Халық тарих толқынында» бағдар­ла­масы және 2017 жылдан басталып, алдағы оншақты жылға арналған «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы.

Осы  орайда рухани жаңғыруға арнал­ған  маңызды мақаланың негізгі тұжырым­дарына талдаулар жасап, оның тарихи маңызы мен ел тарихындағы алатын орны жөніндегі ойларымызды білдірсек дейміз.

Елбасының «Рухани жаңғыруға» арналған бағдарламалық мақаласының бірінші бөлімінде айтылған әрбір ой тарихи-философиялық тұрғыдан жеке-жеке терең талдауларды қажет етеді. Олардың бірнешеуін ғана келтірейін.

«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамыры­мызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек».

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымыз­да мәңгі қалуға тиіс».

«Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден,  ұлттық сана-сезім­нің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» және т.б.

Теориялық сипаттағы осы бөлімде ұлттық жаңғырудың негізгі тетіктері, жолдары, тәсілдері анықталған. Сондық­тан да мұндағы әрбір терминдер мен атауларды, ойлар мен тұжырымдарды оқи отырып, олардың мәні мен мағынасына терең үңілгенде ғана біз рухани жаңғыруды жүзеге асыруға толық болатынына шынайы көзімізді жеткіземіз. Қазіргі таңда Елбасы айтқан тұжырымдар тарихшылармен қатар, философтардың, әлеуметтанушылардың, саясаттанушылардың, дінтанушылардың, тілшілердің, әдебиетшілердің, яғни барлық әлеуметтік және қоғамдық ғылымдар өкілдерінің терең талқылап отырған басты тақырыптарына айналып отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бірінші бөлімде жиі айтылған  ұлттық сана ұғымы туралы, оның маңызы жөнінде мынадай ой білдіргім келіп отыр. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында әлеуметтік және қоғамтанушы ғалым­дардың бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде: «Біздер дүниежүзілік кеңістікке шығып, одан өз орнымызды іздестіріп жатырмыз. Әлемде жаһандану үдерісі қарқынмен жүруде.  Ерте ме, кеш пе бұл әлемдік үдеріс бізге де келеді. Соның иірімдеріне жұтылып кетпейік, шылауына шалынып қалмайық. Соған дайын бо­лайық» деген сипаттағы мақалалары  жиі жарияланатын. Қазір қарап отырсақ, біздер бүкіл әлемді қамтыған жаһандану үдерісінің бел ортасында жүрміз. Бүгінде  еліміздің рухани өмірінде болып жатқан жақсы мен жаман, дұрыс пен бұрыс бағыттардағы  кейбір әдет-ғұрыптар мен салттардың, соған негізделген іс-әрекеттердің  бәрі осы әлемдік үдерістің тікелей салдары болып табылады.

 

Жаһандану үдерісі осымен аяқталмайды, керісінше күннен-күнге қарқынын үдетіп, кең ауқымда күшейе де, тереңдей де түседі. Ол қоғамдық өмірдің барлық жағын қамтиды, бәріне әсерін тигізеді. Қазақ этносы ұлт ретінде осы әлемдік үдерістің қай сапында болады, алдында ма, артында ма, әлде  мүлде көшінде қалып қоя ма деген сауалға жауапты Елбасының  рухани жаңғыруға арналған мақаласынан табуға болады.

 

Егер де біздің  қанымызға сіңіп, тамыры­мызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттер алдағы ғасырларда өшпесе,  ұлттық тарихымызды, салт-дәстүрімізді, тіліміз бен әдебиетімізді, дәстүрлі дінімізді, яғни ұлттық рухымызды  алдағы ғасыр­ларда бойымызда сақтай алсақ, онда ол біздің ұлттық санамыздың мықты, қуатты екенін көрсетеді. Мұндай халықты ешбір дауыл да, дүлей де жеңе алмақ емес. «Рухани жаңғырудың» бірінші бөліміндегі ойлар мен тұжырымдар осыған меңзейді.

 

ҰЛТТЫҚ КОД  – ҰЛТ АБЫРОЙЫ

 

Ерекше айта кететін жәйт, осы бөлімде ұлттық код мәселесіне егжей-тегжейлі жауап беріледі. Ғылыми тұрғыда келгенде код ұғымының ауқымы кең. Ұлттық код дегеніміз – халықтың ішкі этникалық өзегі. Кез-келген халықтың дәстүрі, салты, әдет-ғұрпы оның ұлттық болмысының сыртқы жақтарын ғана көрсетеді. Ал осылармен тікелей байланысты және осыларды тудыратын ұлттық ар-ұят пен намыс, ұлттық тіл мен дін, ұлттық сана, міне, осылар ұлттық болмыстың ішкі жақтарын немесе қақ ортасын, яғни өзегін көрсетеді. Ұлттық код деп осылардың жиынтығын түсіну керек.

Заман ағымына қарай, ғылыми-техника жаңалықтарына байланысты ұлттық дәстүрлеріміз, салтымыз бейімделіп өзгеруі де мүмкін. Ең бастысы, ұлттық код өзінің мәнін жоғалтпауы қажет. Сондықтан Елбасы айтқандай, ұлттық сананың жаңғыруы дегеніміз – қазақ деген ұлт өзінің қандай дәстүрі болса да заманға орай жаңғырып отыруы керек. Ұлттық код сақталса, бұзылмаса, біз барлық заман­дарда ұлт ретінде жаңа заманға лайықталып бой түзейміз, дамимыз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы практикалық бес тапсырманы жүзеге асыру барысында қоғамтанушы ғалымдар орасан зор жұмыстарды атқарды. Солардың алғашқысы – Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстары. Бірнеше айға созылған талқылаулардан кейін латын әліпбиінің ең тиімді нұсқасы анықталды деуге болады. Оны енгізу мерзімі Елбасы құзырында.

Екінші тапсырма –  «Жаңа гуманитар­лық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша да алғашқы шаралар – 100 оқулық іріктеліп, оларды қазақ тіліне аудару жұмысы қарқынды түрде жасалынып жатыр. «Туған жер» бағдарламасы  мен  «Қазақстанның қасиет­ті рухани құндылықтары»  немесе «Қазақ­станның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы бойынша да орталықтар мен өңірлерде тарихшыларымыз жергілікті биліктің қолдауларымен белсенді жұмыс­тар атқарып жатыр. «Туған жер» бағдарла­масы толығымен жүзеге асқанда еліміздің  әрбір жас азаматы  ел тарихын ғана емес, сонымен бірге өз ауылының, ауданының тарихын өлкетанулық оқулық арқылы білуге мүмкіндік алады. Ал ұлттық тарих ұлттық сананың ең маңызды құрамдас бөлігі болғандықтан,  тарих арқылы сананы, ал сол арқылы рухани жаңғыруды жүзеге асыра аламыз.

Келесі маңызды бағдарлама – Қазақ­стан­ның киелі тарихи ескерткіштерінің белдеуі. Біздің жерде бүкіл әлемге танымал болған ескерткіштердің бірі – Ботай мәдениеті бар. Одан кейінгі Шығыс Қазақстандағы Берел ескерткіштері, патшалардың обалары саналатын – Бес Шатыр ескерткішін сөз етсек болады. Сайрам, Сауран, Тараз, Сығанақ секілді Оңтүстік Қазақстандағы ерте ортағасыр­лық қалалар да тарихи маңызды ескерт­кіштерге жатады. Бұлардың барлығы – халқымыздың әр түрлі тарихи кезеңдегі жасаған туындысы. Елбасы осының барлығын жаңғыртып, бүгінгі қоғамға дәріптеудің ұлт санасында, ұлттық болмысты қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынына мән берген. Қазіргі кезеңде тарихшыларымыз осындай абыройлы міндетті орындау үстінде.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні –  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласы дәл өз уақытында өмірге келген, бүгінгі қоғамның көкейкесті мәселелерін көтерген және  рухани жаңғыруға бағытталған аса маңызды  тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *