Тарихи тағдырластық және шығармашылық ортақ мүдде

«Өздерінің идея мүддесіне нық берік біздің жазушыларымыз ұлы Отанмен тұтас, адамзат қоғамының прогресіне еңбек етеді. Бар шыны – жанымен – құл болған халықтар азаттығы үшін алысып келеді, алыспақшы да. Бұрын да, бүгін де, ертең де халықтар теңдігі мен әлем бейбітшілігі үшін алысады».

 Мұхтар ӘУЕЗОВ.

(1958 жылы Азия – Африка жазушылары конференциясының  пленарлық мәжілісінде сөйлеген сөзінен).

 Азия құрлығындағы халықтар, мем­лекеттер тағдыры қазақ ақын-жазушы­ларының шығармаларының тақырып арқауында үздіксіз жалғасып келеді. Қазақ әдебиеті көрнекті қаламгерлерінің Азия халықтары туралы поэзиялық, прозалық шығармалары ұлттық сөз өнерінің халық­аралық тақырыптағы кең ауқымды әлеуетін танытады.

Бұл орайда, ұлттық поэзиямыз­дың классигі Мағжан Жұмабаевтың «Күн­шығыс», «Түркістан», «Орал тауы», «Орал», «От», «Пайғамбар», «Алыс­тағы бауырыма», «Жер жүзіне» атты өлеңдерін әуелі ауызға аламыз. Азияның кең-байтақ география­лық кеңістігі – Ұлы Даланы мыңжыл­дықтар бойы мекендеп келе жатқан сақ, ғұн, түркі мемлекеттерінің ата-бабалық дәстүрлерін ақын отан­шылдық-қаһарман­дық рух сарынымен толғайды. Азияның, Еуропаның барлық халықтарына елдік, ерлік қуатымен танылған ата-бабалық киелі наным-сенімдермен, қаһармандық-жауынгер рухпен дамыған айбынды мемле­кеттері болған ұрпақтардың өткен тарихы ұлағатымен оқырмандар жан жүйесін серпілтеді, рухани ояну­ға, жігерленуге үндейді. Мағжанның аталған өлеңдеріндегі көркем мағыналы бейнелі өрілімдер қазақ дүниетанымындағы көркем ойлау эстети­ка­сының шынайы болмысын даралай   айқындайды. Мысалы: «Өзім – Күнмін, өзім – от, сөзім, қысық көзімде – от, өзіме-өзім табы­нам», «Мен – оттанмын, от – менен, жалынмын мен, жанамын, оттан туған баламын», «Жүрегім де, жаным да – от, иманым да, арым да – от», «Талай таудан ұшқанмын, Альпіге барғам Алтай­дан, Балқанға барғам Қытай­дан» («От»).

Лирикалық қаһарман жаһан халқын адамгершілік, имандылық нұрымен мәң­гілік бақытты тұрмысқа жеткізу жолындағы күрескер – Күн ұлы. Мағжанның «Пайғам­бар» өлеңіндегі Күн ұлы – Азия халық­тарының романтикалық көркем жинақтал­ған бейнесі. Азия халық­тарын отарлауды, қырып-жоюды ғасырлар бойы үздіксіз жүргізген басқыншы отаршыл мемлекеттер тарихи шындық бояуларымен әшкерелене жырланған: «Күнбатысты қараңғылық қаптаған», «Білген емес иман деген не нәрсе, «қарын» деген сөзді ғана жаттаған», «Аллаға емес, әзәзілге табынған», «Інжілді өртеп, табанға сап Құранды, әділдікті күткен ессіз қарыннан», «Қап-қара түн. Шегір көзді жындар жүр», т.б.

Лирикалық қаһарман Күн ұлы – Азия ұрпағы бүкіл әлемді адам­гершілік-иман­дылық, берекелі тұрмыс салтанат құратын бақытты, жарқын болашаққа жеткізуші:

Ерте күнде отты Күннен Гун туған,

Отты Гунмен от боп ойнап мен

 туғам.

Жүзімді де, қысық қара көзімді

Туа сала жалынменен мен жуғам.

…Күншығыстан таң келеді –

мен келем,

Көк күңіред: мен де көктей

 күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық

 қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!

Мағжан поэзиясындағы Азия – Күншығыс – әлем елдеріне қаһар­мандық-жауынгерлік жорықтар жасаған, сол арқы­лы адамзатқа ортақ өркениет жетістіктерін таратқан қасиетті құрлық. Ақын ақыл-ой алыптары ойшыл ғұламаларының, ақын­дарының, дана патшаларының, қаһарман қолбасшы­ларының әлем елдерін өркендет­кен ұлы дәстүрін қайта жаңғырта жалғас­тыруды серпінді оймен жырлаған: «Қысық көзді Күншығыс, бұл тұрысың қай тұрыс? Серпіл енді, алыбым!», «Гүл қылайық қаласын, ұл қылайық баласын, мейірім есігін ашалық», «Мұндарларды адасқан, айырылып естен шатасқан, Күншығыстың жолына салайық, шетсің демейік, аямайық, көмейік Күншығыстың нұрына…», т.б.

Ақын жырындағы Күнбатыс – өзге халықтарға өктемдік жасаумен танылған, өз ішінде рухани азып-тозу жағдайына ұшыраған озбыр, отаршыл елдердің болмысы: «Күнбатысты шаң басқан, шаң емес, қара қан басқан, тарсыл-күрсіл, қанды атыс», «Дария еді ол өкірген, шапшып көкке лепірген, жемірілді кемері», «Өлгелі жатқан құрт ауру, жан-жаққа сүзіп көз салу – қолынан енді келері», т.б. Лири­калық қаһарман – Азия – Күншығыстың енді бүкіл адамзатты өркендететін гума­нистік-ағартушылық ықпал қуатының қайта жаңғыратынын өршіл оптимизммен мәлімдейді.

Көрнекті ақынымыз Сәкен Сейфул­лин­нің «Азия» атты өлеңі – өткен мың­жылдықтар белестеріндегі жалпыадамзатқа ортақ адамгершілік-имандылық асыл қасиеттерді аздырушы-тоздырушы отаршыл озбыр елдерді айыптау туындысы. Ақын тұрмыстық-әлеуметтік қарым-қатынастар мәдениетінің жатжерлік зиянды ықпалдың әсерінен азып-тозуын айыптап, әшкерелеп жырлаған: «Зина, сату, арамдыққа шіріген жан-тәніңді, мерез болып іріген. Орап көркем перделермен жасырдың, сұмды­ғыңды дүниеден асырдың», «Балаларың бірін-бірі шабысты, сұм жыландар ысылдасты, шағысты. Өлтірісіп қарын­дасын, қандасын, күліп-ойнап іле артынан табысты», т.б. Лирикалық қаһарман – Азия құрлығы халықтарына ортақ жаңа ұрпақ. Азия құрлығының ақыл-ой алыптары қалыптастырған жаратылыстану, техни­калық, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар жаңалықтарының әлем өркениетін дамыт­қаны, қаһармандық – жауынгерлік жорықтардың нәтижесіндегі мемлекет­тердің (Ғұн, Алтын Орда империяларының) әлем халықтарының өсіп-өркендеуіне ағартушылық-гуманистік, өркениеттік даму ықпал-көмегі болғандығын тарихи шындық дерегі аясында толғаған:

«Хақылық жолды – дін», – деп атап ашты олар,

Бар әлемге жарықтарын шашты олар.

Адамзатты құтқаруға пәледен,

Мехнат шекті, төкті талай  жасты олар.

…Талай сені адамдыққа шақырдым,

Көбін саған мен жұмсадым ақылдың.

Көнбеген соң туысқандық сөзіме,

Талай саған қылыш алып ақырдым.

Мен жібергем, қару-сайман жарақпен,

Гун, мадияр, бұлғар, мавр, араб пен

Түрік, татар, моңғолымды көргенсін,

Олар сені ұшықтаған садақпен.

Сәкен Сейфуллин «Түркияның жайы» (1924) атты мақаласында алты ғасыр бойы Азия, Еуропа құрлықтарын қарауына алып басқарған көпғасырлық тарихы тоқталып, еуропалық алпауыт мемлекеттердің (Англия, Франция, Италия, Грекия, т.б.) бөлшектеуіне ұшырай бастаған Түркияның қайта серпіліп, ұлттық-азаттық соғыстар­мен қайтадан Тәуелсіз мемлекет болғанын қуана құттықтаған-ды: «Кешегі мәңгілік ұйқыға айналды деген, қартайып, қуарып, семіп құруға айналды деген, азып-тозып бітуге айналды деген Түркия … лезде серпіліп оянып, қайта жасарып, қайратта­нып ілгері аттап жаңа жолға түсті. …Еуропа капиталынан ұлтты қорғау ұраны лезде күллі Түркияға жайылды. Халықтың ұлт намысы қайта қозып, күннен-күнге өршіп, қалың өрттей ұлт қозғалысы түрік халқын билеп әкетті. Лезде топ-топ болып ұлт әскері жасала бастады. Бұл ұранның туын көтерген Мұстафа-Камиль деген паша Түркияның Арзум, Сивас деген қалала­рында жиылыс жасады. Сұлтан-халифаға бағынбай, «Жоғарғы ұлт мәжілісі» деген кеңесті үкімет жасады. Бұл жиылыстарды һәм жаңа жасалған үкіметті әуелгі уақытта Еуропа мемлекеттері елемесе, біраздан соң Измида деген жерде Мұстафа-Камиль пашаның жасаған ұлт әскері ең бірінші рет Англия мен Грек әскерлерін жеңгеннен кейін бұған Еуропа мемлекеттері ауыздарын ашып қарай қалды. …Түркияның жаңа үкіметі тарихи іс істеді. Қорықпай-ақ ілгері аттады. …Әрине, жол қиын, жүк ауыр, жол бойы, әр асуда, әр түрлі ит үре бермек!.. Ал керуен жүре бермек».

Азия құрлығының әдеби-тарихи бейне­сінің сомдалуында көрнекті ақынымыз Ілияс Жансүгіровтің «Гималай» («Жиһан­гер жайлаған Шығыс») (1929) атты өлеңі айрықша орын алады. Гималай – планета­мыздағы ең биік таулардың бірі. Бұл – көпғасырлық өркениет тарихы бар Үндіс­танның отаршылдық бұғауынан босанып, Тәуелсіз мемлекет болып жариялануы негізінде туындаған өлең. Өлеңнің поэти­калық-философиялық мағынасы аясында ақын Гималай тауының пейзаждық-кейіптеулік суреттелуі («Гималай – көктің кіндігі. Гималай – жердің түндігі. Мұз туырлық, қар үзік, түрілмеген бір күні») арқылы Азия құрлығы халықтарына ортақ тарихи болмыс шындығын көркем жинақтаумен бейнелеген. Алтын күн нұрына бөленген, шетсіз-шексіз аспан кеңістігімен тұтасқан Гималай – Азия құрлығының тарихи тағдыр оқиғалары табиғат құбылыстарымен («Ақшалап басын қар көміп, аспанның төсін арда еміп, анасындай алтын Күн сел жіберіп бір жуып, жел жіберіп бір желпіп, ауық-ауық құшақтап, әлсін-әлсін нұр сеуіп, есейген асқар Гималай», «Буырқанып, бұрсанып, бұлттанып, құрсанып, бірде жылы нұрланып, бірде ашулы томсарып, бірде торғын жұмсарып көк үйірілген анадай…», «Ырғалып, тулап, тербеліп, тербетсе асқар күңіреніп, жазықта аттай жарысып, иықта жіптей күрмеліп, тауды бұзып, тасты айдап, сылдыр-сылдыр сөз сөйлеп, өзендер салған неге айқай?», т.б.) баламалана суреттелген. Шоғыр-шумақтардың әрқай­сы­сының соңындағы оқырманға қойылған сұраулар да отаршылдық бұғауы құр­сауындағы Азия құрлығы халықтарының тауқыметті тағдырларын поэтикалық мағына астарлары меңзеулермен сезіндір­еді: «Сол Күннен нұр ала алмай, басы мұнар, бауыр тар …Гималай асқар неге олай?», «Сол анадан сүт алмай, көзі соқыр, көңілі тас, Гималай асқар неге олай?», «Сол судан сыр ала алмай, қабағы құз, мұрны мұз, Гималай асқар неге олай?».

Өлеңнің бірінші бөлімінің соңындағы бейнелі өрілімдермен («Бұлт тамшылап, қамшылап бұрқақтатып Күн шығад. …Асқар әлде тұңшығад, басқан оны қай Құдай? Түсті ме екен найзағай? Жатыр ма екен жау жайлап? Гималай асқар неге олай?») қойылған сұрақтар арқылы бүкіл Азия құрлығының отаршылдық бұғауында болған өткен ғасырлар қасіретін оқыр­манның түсінуіне, сезінуіне бағдар берілген.

Өлеңнің «Жауап» атты екінші бөлігінде отарлық бұғаудағы Азия құрлығы тағдырын айқын елестететін бейнелі мағыналы тармақтармен («Ол құлаған құландай», «Жүрегі жара, көзі көл», «Қабағы жабық, қаны арық», «Жаны жара, тәні ауру», «Заманы дозақ, қанды азап») Азия халықтарының қасіретті тағдырын көз алдымызға әкеледі. Ілияс ақынның осы «Гималай» толғау-жыры арқылы ХХ-ХХІ ғасыр белестеріндегі Азия құрлығы халықтарының мемлекеттік Тәуелсіздік, ұлттық Бостандық алатындығы тарихи-философиялық, психологиялық болжалды шешіммен өрнектелген:

Гималайда қуат бар,

Қозғалды оны құрауға.

Гималайда ұлы от бар,

Таянып тұр тұтауға.

Гималайда улы оқ бар.

…Болса болар, болғандай…

Көксеп Күн мен көк орай,

Дейтіндерге «Неге олай?»

Айтар сонда Гималай!

Азия жазушыларының тұңғыш конфе­ренциясы ең алғаш Үндістан астанасы Делиде (1956), одан кейін Ташкентте (1958), Мысыр астанасы Каирде, Ливан астанасы Бейрутта, қайтадан Үндістан астанасы Делиде жалғасып, бесінші кон­ференциясы Қазақстан астанасы Алматыда өткен-ді.

Суреткер жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Ғабит Мүсірепов 1973 жылы 4 қыркүйекте Алматыда өткізілген Азия – Африка жазушыларының конфе­рен­циясына арналған мақаласында («Со­циалистік Қазақстан», 4 сентябрь, 1973 жыл) әлем жазушыларына ортақ шығарма­шылық өзекті мұрат-міндеттерін атап көрсеткен еді: «Конференцияның ең басты тақырыбы не? Бүгінгі таңда жазушы мойнында өз кітаптарының кейіпкерлері үшін ғана емес, сонымен бірге дүниеде өзімен қатар ғұмыр кешіп жүрген көптеген адамдар үшін зор жауапкершілік жатыр. Бұл туралы біз соңғы ондаған жылдар бойында қаламдас достарымызбен Таш­кентте, Каирде, Бейрутта, Делиде сұхбат­тас­қан едік. Асыл ақиқат қайталанғаннан қоңыр тартпайды, оның үстіне уақыт және өзекті мәселелерді, терең талқылауы тиіс жаңа міндеттерді алдымызға қояды. Солардың бәрінің шешімін табу керек. Біз атаған асыл ақиқаттардың бірі – келелі кеңес жүргізбек үшін бір-біріңді жақсы білуің қажет. …Алматы конференциясында бейбітшілік, халықтар арасындағы өзара ықылас, түсінушілік туралы, терісінің түсіне, дініне, олар өмір сүріп отырған қоғамның әлеуметтік құрылымына қарамастан ешбір бүкпесіз сыр шертісеміз деген сенімдемін, ниеттемін».

Демек, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған Азия қаламгерлерінің әлемдік форумы әдеби байланыстардың, шығарма­шылық ықпалдастықтың жаңа жетістіктерін жүзеге асыратыны ақиқат. Мыңжылдықтар бойы ортақ тағдырлы Азия құрлығы халық­тарының әдеби-тарихи бейнеленуі жаңа туындылармен жалғаса береді.

 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымының докторы, профессор,   Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close