ТАРИХИ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ЖҮЙЕЛІ ЖОЛЫ

Елбасы  Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және  «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында біртұтас ұлттық күш ретінде жұмылу жолындағы қазақстандықтардың санасын рухани жаңғырту жолдарымен бөліседі.

«Ұлы даланың жеті қырында» ғылыми фактілерге сүйене отырып, Ұлы даладағы тарихи оқиғалардың маңызын терең түсіну көзделеді.  Мақалада аталған жеті қыр қазақ­стандықтардың тарихи санасының жаңғыруы­ның кепілі. Аталған мәселе­лерді терең түйсіну арқылы өткенімізге көз жүгіртіп, болашағымызға бағдар жасауға мүмкіндік аламыз. Мақалада көтерілген келелі мәселелерді жүзеге асыру мақсатында бірнеше жобалар қолға алынуы тиіс екендігі атап айтылды.

Осындай үлкен жобалардың бірі – «Ұлы Даланың Ұлы есімдері» атты оқу-ағартушылық энциклопедиялық-саябақ құру, яғни  атақты тарихи тұл­ға­­лардың, ұлы ойшылдардың, ақын­дар мен билеушілердің, өнер, театр және көркемөнер саласы май­талман­дарының бейнесін көрсететін галерея­ны қолға алу.

Халық өз ұлтының белгілі тұлға­ларымен мақтанады. Ұлы Дала есім­дері әлемге танымал мұндай тұлға­ларға кенде емес. Олар­дың қатарын – Әл-Фараби, Яссауи, Күлтегін, Бейба­рыс, Тәуке, Абылай, Кенесары, Абай деп жалғастыра аламыз.

Елбасы ұсынысымен ашық аспан астында құрылады деп жоспарланған «Ұлы даланың Ұлы есімдері» атты оқу-ағар­тушылық энциклопедиялық-саябақта өткен тарихы­мызды ұрпақ сана­сында жаңғыртып, келешек жастарды патриоттық сезімге тәр­биелеу   мақсатында тарихи танымал тұлғалардың мүсіндік ескерткіш­тері қойылады.

Әлем тәжірибесіне жүгінсек, біраз мемлекеттерде «100 Ұлы есім» атты жобалар бар. Мысалы, көршілес Ресей мемлекетінде «РФ Ұлы есімдері» атты сайтта жалпы­ұлттық жоба жариялан­ған. Арменияның Ұлттық мұрағаты армян халқына есімі терең таныс «100 есім» жобасын әлемге паш етті. Бұдан шығатын қорытынды – әлем тарихын­да ұлтына қызмет еткен, елдің бола­ша­­ғының жарқын болуы үшін бар өмірін сарп еткен ұлы тұлғалар есімін халық жадында мәңгі қалдыру тәжірибесі бар екендігінде.

Елбасы қойған міндеттерге орай, Ұлы дала тұлғаларын халыққа таныс­тыру, олардың ел үшін еткен ерен еңбектерін насихаттау ісі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университе­тінде де қолға алынған. Оның бір ғана дәлелі ретінде, «Өнегелі өмір» серия­сымен жүйелі түрде баспадан жарық көріп, қалың көпшілікке салтанатты түрде таныстыру рәсімі өткізілетін танымал тұлғаларға арналған еңбектер топтамасын айтуға болады.

Қорыта айтқанда, Елбасы тара­пынан ұсынылып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала­сында айтылған ой-тұжырымдар біздің бай тарихымызды жете тануды, тарихи сананы жаңғырту қажет­тігін қадап айтып, оны жүзеге асырудың нақты жолдарын көрсетеді. Жас ұрпақты жаңа жетістіктерге жетелейді.

 

С.ҮДЕРБАЕВА,

М.ДАУЫТБЕКОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценттері.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *