ТАРИХИ МӘНІ МЕН ПАТРИОТТЫҚ ТАҒЫЛЫМЫ ЖОҒАРЫ МЕРЕКЕ

Қазақ елінің басты құндылығы саналатын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні аталып өтеді. Осыдан 8 жыл бұрын бір топ қазақстандық парламентшілер 1 желтоқсанды жалпы мемлекеттік ауқымдағы мереке күні етіп жариялау туралы бастама көтерді. Осылайша Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мемлекеттік мерекесі енгізілді.

Бұл бекер емес, себебі 1991 жылдың дәл осы күні Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сай­ланды. 1 желтоқсан ел тарихындағы халықтың басшысын таңдаған тарихи күн. Сол уақыттан қазақ тарихының жаңа даму кезеңі басталды.

1991  жылдың 1 желтоқсаны – біздің халқымыздың  тарихында алғаш рет өткен жалпыға ортақ Қазақстан Президентін сайлау күні. Бұл оқиғаның тарихи мәні мен патриоттық құндылығы өте жоғары. Биыл 1 желтоқсан күні қазақстан­дық­тар ҚР Тұңғыш Президенті күнін жетінші рет атап өтеді. 2011 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты­ның пленарлық отырысында «Қа­зақ­стан Республикасының мереке­лер туралы» ҚР заңына толық­ты­ру­лар енгізу туралы» Заң қабыл­данды.

Мемлекетіміздегі ең жоғарғы лауазым – президенттік қызмет – елдің, халықтың үміті мен сенімін, бабалар аманатын арқалаған ең жауапты әрі  ең қиын міндет. Бұл қызметті Отаны мен халқын шын сүйетін, ұлттық тілі, тарихы, мәде­ниетін  құрметтейтін, елі үшін отқа түсетін нағыз азамат, патриот қана атқара алады. Ұлы ғұлама ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Жара­тылы­сында ел билеуге кім бейім болса, билік соның үлесіне тимек».

Республикамыздың Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туған мемлекетіміздің  тәуелсіздігін  баян­ды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдас­тықта абыройының өсуіне барынша адал қызмет етіп келеді.  «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қарапайым қазақ отбасында туып-өсіп, тәрбиеленіп, ата өсиетін, ана ғибратын өмірлік азық еткен Елбасының ғажайып парасаты мен пайымы, ұлтжан­дылығы жас ұрпақ үшін өнеге.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаев өркениетті елдерге тән қадамдар жасауда азаматтық, саясаткерлік, қайраткерлік және перзенттік парызын адал орындап,  әлемдік беделге ие болды. Оның Тәуелсіздікті нығайтудағы, мемлекет мәртебесін халықаралық деңгейге көтерудегі еңбегі орасан зор. Уақыт өткен сайын еліміздің эконо­микалық әлеуеті жоғарылап, халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді.  Өзінің ұлт мүддесіне деген адалдығын елдің бірлігін, тұрақтылықты нығайт­қан баянды істерімен, экономиканы өрлетуімен, әлеуметтің әл-ауқатын жақсартумен дәлелдеді. Тәуелсіздіктің жиырма жеті жылында мемлекетіміз ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да ерен табыстарға қол жеткізді. Қазақ­стан халқының тұрмысы жақсарды, әл-ауқаты артты, егемен еліміздің халықаралық беделі өсті.

Бүгінгі таңда дамудың даңғыл жолына түскен қазақстандықтар барлық жақсылықты, әр саладағы сәтті қадамдарды Елбасы есімімен тікелей байланыстырады. Қырық жыл бойы жерімізді зақымдаған Семей полигонын жабу, 130-дан астам этнос өкілін біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясын құру, Батыс пен Шығысты өркениетті қарым-қаты­насқа жақындастыру, Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі – Астана қаласын салу, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төраға болу, осы ұйымның Астана Саммитін өткізіп, Астана Декларациясын қабылдау, 2011-2012 жылдары Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына басшылық ету Елбасымыздың сындарлы саясаты екенін баршамыз мойындаймыз. Соның нәтижесінде, Қазақстанның әлемдік дәрежедегі имиджі мен беделі асқақтай түсті. Қазақстан дамушы ел ретінде алдына қойған мақсат-мүдделерін абыроймен орындау үстінде. Біз Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналдық. Алыс және жақын көрші елдермен тең дәрежелі қарым-қатынастар жасап, әлемдік қауымдастықта лайықты орын алдық.

Нұрсұлтан Әбішұлы тарих үшін өте қысқа уақытта көптеген дамушы елдерге үлгі болған дамудың жаңа үлгісі – «Қазақстан жолының» негізін салып, саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыртуды табысты жүргізді. Елбасы  Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған қазақстандық даму жолы мен моделі әлем қайраткерлері тарапынан зор қызығушылық туғызды. Еліміз ешкімге ұқсамай­тын экономикалық даму жолын бастады. Даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы көшбастаушы мемлекеттердің қатарына қосыл­ды.

Бүгінде Қазақстанның Тәуел­сіздік алғанына – 27 жыл. Бүкіл­дүниежүзілік тарих тұрғысынан қарасақ, бұл – қас-қағым ғана сәт. Алайда, жас тәуелсіз мемлекет үшін бұл – жасампаздық кезеңі. Осы үш онжылдыққа жетпейтін уақытта Қазақстан өзінің мемлекеттік дамуының алғашқы нәтижелерін айғақтады. Бұл – серпінді дамып отырған мемлекеттің және Елба­сымыз – Нұрсұлтан Назарбаевтың осы уақытта қол жеткізген табыс­тары.

Бүгіндері халықаралық сарап­шылар ғана емес, сонымен бірге әлемнің іргелі мемлекеттерінің басшылары да Қазақстандағы реформалардың ойдағыдай бол­ғанын мойындайды. Қазақстанның көшбасшылығы жақсы таңдап алынған саяси-экономикалық үлгіге: күшті президенттік билікке және соған қоса шапшаң да қуатты экономикалық реформаларға негізделгенін, сондай-ақ, жаһанның осындай шағын ғана аумағында этникалық және діни ынтымақтың орнығуы елеулі бір дәрежеде Қазақстан жолын нұсқап бергенін атап көрсетеді.

Қорыта айтқанда, біздің бойы­мызды туған Отанымыз үшін, ел үшін, жер үшін, тәуелсіздік жыл­дары біздің еліміз қол жеткізген ерен жетістіктер үшін мақтаныш сезімі кернейді. Біз әрқашан Ұлт көшбасшысы, Елбасымен біргеміз!

 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы  Қазақ  Ұлттық   университеті

Қазақстан   тарихы   кафедрасының  оқытушысы.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *