Тапсырма тамызға дейін тәмам болады

Бақытжан Сағынтаев Алматы қаласына әкім болып тағайындалған алғашқы күні-ақ: «Менің басты мақсатым – Алматыны әр тұрғыны берекелі өмір сүретін, қауіпсіз де қолайлы, заманға сай мегаполиске айналдыру. Біз оған тек бірге, тізе қосып еңбек ету арқылы жете аламыз. Сондықтан сіздердің талап-тілектеріңізді біліп, уақытылы жауап беру мен үшін өте маңызды», – деп, бірден Facebook, Twіtter, Іnstagram желілерінде тіркелгенін мәлімдеген болатын.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бақытжан Сағынтаев  қала аудандарының әлеу­меттік-экономикалық жағдайларымен танысуды жалғастыруда. Аз күннің ішінде-ақ бірнеше ауданның тыныс-тіршілігімен танысып үлгерді. Аудан әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Орындалуын да көпке созбауды міндеттеген болатын.

Мәселен, Наурызбай ауданында болған сапарында «Шұғыла» шағынауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенін аралап, тұрғындармен көзбе-көз жүздесіп, тілдес­кен болатын. Сонда тұрғындар аулаларын абаттандыру, балалар ойнайтын алаң керектігі туралы тілектерін білдірген болатын. Балаларға арналып қондырылған бұрынғы ойын құрылғыларының сапасыздығына шағым айтқан-ды. Сондай-ақ, «Таусамалы», «Ақжар», «Құрамыс» шағынау­дандарының тұрғындары ауызсу азабын тартып отырғанын жеткізген болатын.

Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғайға осы мәселелерді дереу қолға алуды тапсырып, олардың орындалу барысын күнделікті тексеруді және жұмыс жүріп жатқан учаскелерде үнемі болуды міндеттеді.

Бүгінгі күні қала әкімінің тапсырмасы қалай орындалуда? Бұл сауалға жауап алу үшін біз аудан әкімінің орынбасары Асылхан Орынбековке хабарласқан едік.

«Шұғыла» шағынауданында бой көтерген 40 тұрғын үйдің былтыр, яғни 2018 жылы 14-і пайдалануға берілген болатын. Енді сол үйдің аулаларын абаттандыру жұмыс­та­рын қаладағы «Универсал Б» ЖШС қолға алып, жұмысты бастап та кетті. Алматы қалалық Жайлы қалалық орта бас­қармасы бұл мақсатта тиісті қаражат бөлуде. Және де мер­дігер компания тарапынан жұмыскерлер саны арттырылуда. Бұрынғы сапасыз ойын алаңдарындағы құрыл­ғылар жаңар­тылады. Жалпы, «Шұғыла» шағынауданын абаттан­дыру жұмыстары осы жылдың 1 тамызында аяқта­лады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, осы шағынау­данды орталық газ жүйесіне қосу жұмысын қолға алған «Профит» ЖШС өкілдері де межеге 1 тамызда жетуді көздеп отыр.

Иә, ауданда ауызсу тақырыбы өткір тұрғаны жасырын емес. Кеше ғана аудан әкімі Санжар Әділұлы тұрғындармен кездесіп, таяу арада қолға алынатын жоспарларымен бөлісті, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал ауызсу мәселесі қиындау «Ақжар» шағынауданы тұрғындарына су тасып тұрған 8 тех­ника саны бүгінде 12-ге жеткізілді. Су тасымалдайтын арнайы көліктердің кестесі жасалып, олар халыққа бір күнде 100 текше метр су жеткізіп отыр, – деді Асылхан Өмірзақұлы.

Осы орайда айта кетейік, алдағы уақытта Наурызбай ауданында екі ірі су тоғанының құрылысы басталады. Бүгінде бұл ауқымды құрылыстың жобалау-сметалық құжаттары дайын. Демек, наурызбайлықтардың да ауызсу мәселесі түбегейлі шешілетін күндері жақындап келеді.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *