«Тап боларсың бір күні албастыға»

 

Журфакта оқып жүргенімізде (осыдан 28 жыл бұрын) «Қазіргі қазақ тілі» пәнінен Ержан Бектұрғанов деген кісі сабақ берді. Өз саласын әбден жақсы білетін, тіл теориясын терең меңгерген маман еді. Лекцияны тоқтаусыз, еш кідіріссіз оқитын. Автомат емеспіз ғой, үлгермей қалып, «ағай, алдыңғы сөйлеміңізді қайта айтып жіберіңізші, жаза алмай қалдық» десек те, естімеген адам сияқты елең қылмастан әрі қарай жалғап кете беретін. Сондай мінезі қызық кісі еді. Сосын үлгеру үшін ағайдың лекциясында сөздерді қысқартып, тез-тез жазатын болдық. Асығыс жазылғасын, кейін талай сөзді өзіміз түсінбей, миымыз ашып отыратын.

Ол кісі бірде сабақ барысында бір халық өлеңінен мысал келтірді:

– Айналайын, қарағым, хал жақсы ма?

Сала берме көзіңді әр жақсыға.

Сала берсең көзіңді әр жақсыға,

Бәрі жақсы көрінер алғашқыда.

 

…Деп шумақты аяқтай бергенде, арт жақта отырған Серік Әбдуәлиев  атты әскердің командиріндей саңқ етіп:

– Тап боларсың бір күні албастыға! – деп бесінші жол етіп іліп әкеткені! Бәріміз ду күлдік. Қарасақ, ағайымыз да иығы селкілдеп, бір рахат күлкіге батыпты. Ақыры көзәйнегін шешіп, күле-күле суланған жанарын қол орамалымен сүртті де:

– Қане, қайсың жаңағыны айтқан? Кім айтты? – деп сұрады.

«Мына кісі қайсымыздың айтқанымызды біліп алып, ұрсайын деп тұрғаннан сау ма?» дегендей, басын көтермей, бұғыңқырай отырған Серік ағайымыздың үнінен аса ашу табы жоқтығын байқады ма, «мен айттым» деп орнынан тұрды.

– Өзің ақынсың-ау деймін, ә? Жарайсың! – деді де, Ержан ағай сабағын әрі қарай жалғап кеткен.

 

С.ӘБДІҒАППАРҰЛЫ.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *