Танымдық ойындар ғана құтқарады

Балалар үшін гаджеттер несімен пайдалы, несімен қауіпті? Бар болғаны кейбір мектептерде оқушыларға өзімен телефон алып жүруге тыйым салынған. Ал негізінен қалыптасқан дағды бойынша балаларға сабаққа қалта телефонымен баруды ата-аналар шешеді. Демек, мынадай диллема туады. Сатып алу керек пе, жоқ па? Кейбіреулер біз кезінде онсыз да оқыдық десе, енді біреулер онсыз өмірді елестете алмайды.

 Алайда, уақытты ешкім өзгерте алмайды. Қазіргі оқушыны да телефонсыз елестете алмайсыз. Бірінші кезекте оқушыға телефон өз қауіпсіздігі үшін керек. Ата-ана оған хабарласып қайда жүргенін, үйге қай уақытта келгенін қадағалау қажет. Жарайды, телефонсыз болмайды екен. Басқа қандай жол бар. Ол үшін ата-аналар жиналысын шақырып, оқу кезінде смартфон­дарды жинап алып, сабақ біткен соң оны қайтарып беру керек. Бұл – тығырықтан шығудың бір жолы.

Ендігі жердегі мәселе, бірінші сыныпқа барған балаға телефон керек пе? Ата-аналар тағы да байланысты алға тартады. Телефон әпермеген күнде ол үзілісте басқа­лардың телефонына қызығады. Ата-ана баласының мұндай бейшара халге түскенін қаламайды екен. Жарайды делік. Дегенмен де, бірінші сыныпқа телефон сатып әперу ертерек. Ол оны жоғалтып, не сындырып алады. Дейтұрғанмен де, сіз балаңызға оны не үшін алып беріп жатқаныңызды түсіндіруіңіз керек. Оны арнайы қалтада сақтаған жөн. Оқу кезінде пайдаланбау қажет. Шешесінің, әкесінің, жақын туыстарының ғана қоңырауына жауап беруі керек. Интернеттің қосылмауын қадағалаңыз.

Бұл ретте жоғары сынып оқушыларымен жұмыс жүргізу күрделі. Олардың бәрінде интернет қосулы. Мәселен, балалар жыныс­тық қатынас жөнінде 5–7 жасында-ақ біледі. Бұл жөнінде олар ата-анасынан емес, сыныптас­тарынан, достарынан естиді. Содан кейін олар көбіне таңқалу сәтін бастан кешеді. Не себепті деп ойлайсыз? Себебі, ата-аналар олармен бұл тақырыпта әңгіме жүргізбейді, жоқ жерден ұят қысады.

Мәселен, сіздің бес жасар ба­лаңыз теледидардан төсек қатына­сын көріп отыр делік. Сіз не істейсіз? Аспаңыз, саспаңыз. Балаға бәрібір қызық. Ол сұрамай қоймайды. Сіз жолын тауып түсіндіруге тыры­сыңыз, ал егер сіз оны бөлмеден қуып, дүрсе қоя беріп, көзін жабатын болсаңыз, бұл тақырып оны керісінше қызықтыра түседі.

Егер  баланың бұл тақырыпқа қызығушылығы күшейе беретін болса, бірден психологқа жүгініңіз. Тіпті болмаған күнде бір үйірмеге кіргізіңіз. Сонда баланың көңілі басқа нәрсеге бұрылады. Жалпы, балада бұл мәселедегі түйсік 8 жастан байқалады, әсіресе, ұл балаларда. Егер осы жаста баламен сіз бұл тақырыпта ашық әңгіме жүргізе алатын болсаңыз, көп мәселенің алдын алған болар едіңіз.

Әрине, бала үшін күні бойы телефонмен, басқа да гаджеттермен айналысу зиян екені түсінікті. Сондықтан оның нормасы да қатаң сақталуы керек. Мамандардың айтуынша, бес жасқа дейін баланың миы әлі даму үстіндегі кезінде мультфильмдер көру, планшетпен ойнау шамамен күніне бір жарым сағатқа қауіпсіз болып саналады. Ол кіші болған сайын уақыты аз болуы керек. Ал енді он бір жасқа дейін күніне үш сағат айналысуға болады. Ал он бір жастан кейін нақты талап жоқ. Бірақ уақыт жағынан белгілі бір өлшем болуы керек.

Аз айттың не, көп айттың не? Сіз бәрібір қазіргі қарыштап дамыған технологияның ғажайып мүмкін­дігінен қашып құтыла алмайсыз. Сіздің қолыңыздан қалта телефоны түспейді. Физика, биология, химия соншалықты сүйкімсіз пән емес қой. Ал смартфондағы, гаджеттердегі осы пәндерге арналған қызықты сәттерді білуден бала неге шет қалуы тиіс. Сондықтан бұл ретте баланы қорқынышты, басқа да жағымсыз көріністерден, тығырық­тардан құтқарудың бір-ақ жолы бар. Баланың робот техника үйірмесіне, ұшақ, кемелердің моделін құрастыру, т.б. жинау жағына көбірек көңіл бөлу керек. Сіз сонда ғана балаларыңызға компьютерлік ойындар ұнайтынын біртіндеп түсіне бастайсыз. Ол үшін сізді тек қана интеллектуалдық, яғни танымдық ойындар ғана құтқарады. Қалай болғанда да гаджет, смартфон табиғи жағдай­ларды айырбастай алмайды. Сондықтан электронсыз дүниеге көбірек бет бұрғанды ойлаған жөн.

 

Қ.ИМАН.   

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *