ТАНЫМАЛ ТЕННИСШІЛЕР ТОҒЫСТЫ

«Эйс» теннис орталығында жүлде қоры 50 мың долларды құрайтын теннистен ATP Almaty Challenger сериясының ірі халықаралық турнирі басталды.  Жиырмадан астам елден келген 100-ге жуық теннисшілер, олардың қатарында әлем рейтингісінің ТОП-жүздігіне кіретін спортшылар өз бақтарын сынап, маңызды ұпайлар үшін жарыс жолына шықты.

Жарыстың ашылу салтанатында Алматы қаласы Денешынықтыру және спорт басқармасы спорттағы жоғары жетістіктер бөлімінің басшысы Әлия Смакова, Қазақстан теннис федерация­сының вице-президенті Диас Досқараев, «Эйс» орталығының директоры Андрей Квасов сөз сөйлеп, спортшыларды құттықтады.

– Біз осы турнир ATP Challenger лицензиясын алғанына қуанып отыр­мыз. Бұл жарыс Қазақстан, әсіресе Алматы теннисінің дамуына үлкен үлес қосады. Себебі, осы қалада ең көп теннис орталықтары бар. Олардын барлығы әлемдік деңгейдегі турнирлерді қабылдай алады. Бұл жаңадан ашылған «Эйс» орталығында тенниспен айналы­суға барлық жағдайлар жасалған. Бүгінгі таңда осы спортпен айналысып жүрген балалардың саны артуда, ол бізді қуантады, – деді Диас Досқараев.

Оның айтуынша, теннисшілер үшін жарыстың жүлде қоры емес, рейтингтік ұпайлары маңызды. Себебі, сол арқылы олар деңгейі жоғары жарыстарға жолдама алады.

Айта кетер жәйт, Almaty Challenger турниріне ұлттық құрама атынан Александр Бублик, Александр Недове­сов, Тимур Хабибуллин, Сағадат Аяп және Денис Евсеев шығады. Олар бүгін осы жарыс аясында «Эйс» теннис орталығында жаттығатын балаларға шеберлік сабақ өткізді.

– Біз осындай шеберлік сабақтарын Астана мен Алматы қалаларында бірне­ше рет өткіздік. Біздің кезімізде осын­дай шаралар болмаған еді. Ол кезде белгілі спортшылар шет елдерде жүре­тін. ATP Almaty Challenger жары­сында не боларын уақыт көрсетеді. Мен ешқашан болжам айтпаймын. Әр ойынға 100 пайыз дайындықпен келемін. Ең бастысы, сабырлық сақтап, ойын тура­лы ойлау. Сонда барлығы да болады. Бұл жарыс өз жерімде болып жатқаны қуанышты жәйт. Себебі, керемет атмос­фера мен жақсы қолдауды сезінесің, – дейді теннистен Қазақстан ұлттық құрама командасының мүшесі Денис Евсеев.

Теннис додасы қазанның 6-ы күні аяқталады. Финалдық кездесулер 5-і мен 6-ы күндері жұптық және жекелей разряд бойынша өтеді. Әр күн сайын ойындар сағат 10.00-де басталады.

 

Айдана  ӘДІЛБЕКОВА,

Алматы қаласы ДШжС басқармасы  баспасөз қызметінің жетекшісі.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *