ТАЛТҮСТЕ АТЫЛҒАН ОҚ бiр полицейдi өлтiрiп, екiншiсiн ауыр жарақаттады

Айнабай МӘДИ

Сенбi күнгi таңғы сағат тоғыздың кезiнде Түрксiб ауданы аумағында патрульдiк полиция қызметкерлерiне шабуыл жасалды.

Күмiс түстес «Хюндай» автокөлiгiн мiнген үш жас жiгiт «полицейлерге шабуыл жасады» деген күдiкпен iздестiрiлуде. Бұл жөнiнде бiзге Алматы қалалық Iшкi iстер депарментiнiң баспасөз қызметi хабарлады.

Оқиға былайша орын алыпты. Полицейлер Е.Бекмаханов көшесiнде, жол жиегiнде тұрған күдiктi автокөлiктi көрiп, дереу сол жаққа беттеген. Алайда, аталған автокөлiкке жетiп, жүргiзушi мен ондағы жолаушылардың жеке басын куәландыратын құжатын сұраған полицейге қарсы атыс қаруынан оқ атылған.

– Патрульдiң бiрi, полиция аға лейтенанты Ержан Қайрақбаев басынан алған ауыр жарақат салдарынан қылмыс болған жерде жантәсiлiм еттi. Ал, оның әрiптесi, полиция лейтенанты Ерназ Қожахметов ауыр жарақатпен қалалық ауруханаға жеткiзiлдi, – деп хабарлады Алматы қалалық Iшкi iстер департаментiнiң баспасөз қызметiнiң жетекшiсi Салтанат Әзiрбек. – Алғашында оның жүрек соғысы тоқтағандай болған. Алла жар болып, тiрi қалды.

Қазiр қаламызда «Құрсау» жоспары жолға қойылып, тәртiп сақшылары тегеурiндi қимылмен қарақшылардың iзiн кесуде. Қырағы құқық қорғаушылар алған бағытынан қайтар емес. Қоғамдық тәртiп сақшылары өз серiктестерiн қапыда атып кеткен бандалық топты таппай тынбақ емес. Сөйтiп, қаны қарайғандарды мүмкiндiгiнше тiрiдей ұстау амалдары жүргiзiлмек, тiптi, болмаса, жайратып салуға тура келедi. Әйтпесе, аяқасты құтылып кеткен жауыздар талайды омақастыруы мүмкiн.

Адам қанын суша шашып, қарақшылық қылмысқа баратындар арасында алматылықтар жоққа тән. Бұл жолы да қылмысқа барғандардың алматылықтар емес екенi анық.

P.S. Бет қатталып жатқанда, Райымбек даңғылы мен Иассауи көшесiнiң қиылысына жақын тұста қым- қиғаш атыс болып, төңiректi құқық қорғау органдарының қызметкерлерi қоршауға алды. Әбiгерге түскен «Ақкент» тұрғын үй кешенiнде тұратын жұрт абыр-сабыр күйге түстi. Бiз жолыққан куәгердiң айтуынша, бұл аумақта сенбi күнi полицейлерге шабуыл жасаған қарақшылар жасырынған. Ендi, қарақшыларды құрықтау операциясы басталып кетiптi. Редакцияға қоңырау шалған әрiптесiмiз де үйiнен шыға алмай тұрғанын телефонмен жеткiздi.

Полицейлер маңайды түгел қоршады. Осы кезде арнаулы мақсаттағы жауынгерлiк жасақ та келiп жеттi. Түс қайта, атыс саябырсыды. Бесiн кезiнде атыс бiржолата тоқтады деген хабар алдық. Соған қарағанда, тәртiп сақшыларына тасадан оқ атып, шаһардың шырқын бұзғандар бұғауланса керек.

«Ақкенттегi» үйлердiң бiрiнiң 4-қабатындағы 1 бөлмелi пәтердi қалқа тұтқан қарақшы шабуыл кезiнде пәтерде жарылыс жасап, 3 – 5-қабаттағы бiрнеше терезе сынды. Ақыры, Алматы IIД қызмет- керлерi мен «Сұңқар» арнаулы жасағының сайыпқырандары қылмыскерлердi ауыздықтады. Барлық қылмыскер жойылып, оқиға болған жерден атыс қару- жарақтары табылды.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *