Таласа-тармаса шашу терген балдырғандар неткен сүйкімді

Кеше Алмалы ауданына қарасты М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназия ұстаздары мен шәкірттері «Әз-Наурыз, еліме нұр жауғыз!» деген ақжарма тілекпен Наурыз мейрамын тойлатты.

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Бұл жолы мерекені өткізу жауап­кер­шілігін алған бастауыш сынып мұғалімдері өздерімен бірге қазақы қамзолдарын, оюлы тақияларын киген ұл-қыздарын сахнаға шығарып, тамаша өнер көрсетті. Бастауыш сынып ұстаздары Жер-ана, Күн-ана, Су-ана болып киініп, Көктемді шақырып, айналаға жылу шашса, кішкентай достары, нақтырақ айт­қанда 2 «а» сыныбының сүйкімді де өнерлі оқушылары «Ақбұлақ», «Жүгіріп шықтым белеске», «Шақы­рады көктем», «Құтты болсын, Нау­рыз!» әндерін шырқап, күй тартып, мың бұрала «Қамажай» мен «Қара жорғаға» биледі.

Аталмыш білім шаңырағында «Румия» би үйірмесі (жетекшісі Р.Бай­жүнісова) мен «Балауса» домбыра оркестрі (жетекшісі Н.Атагелдиева) бар. Оған қатысқысы келетін бала­қайлар саны да аз емес көрінеді.

– Біз үйірмелерге бірінші кезекте әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасының өнерлі бала­ла­рын тартамыз. Тіпті, икемі жоқ деген баланың да ынталанып, ашы­лып, мек­теп сахна­сында ән салып, би билеге­ніне күш салып, олардың сөйтіп ата-анасын қуантқанын қалаймыз, – дейді М.Дулатов атындағы №136 мектеп-гимназия директоры, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атын­дағы төсбелгінің иегері Анас Батыр­баев.

Айтпақшы, айта кеткеніміз артық болмас, 12 жасында Қазақ-Британ техникалық университетінің студенті атанған Абзал Мырзаш осы М.Дула­тов атындағы №136 мектеп-гимназия түлегі.

Кез-келген іс-шара – ұжымдық жұмыс, оның бәрі ауызбіршілікпен жаса­латыны сөзсіз. «Әз-Наурыз, еліме нұр жауғыз!» деп үлкен-кішіге бірдей мере­келік көңіл-күй сыйлаған мектепішілік мейрамды ұйымдас­тырған – бастауыш пән бірлестігінің жетекшісі Н.Нұр­сейі­това. Ал оған қолдау көрсеткен дирек­тордың тәрбие ісі жөніндегі орынба­сарлары  Г.Садырқұлова, М.Жаужүрек, бас­тауыш сыныптар жөніндегі оқу ісінің меңгерушісі Қ.Ақжігітова, бастауыш сынып мұғалімдері (оның ішінде сынып жетекшілері Н.Бижанова, Н.Мейрам­бекова, С.Жантелеева) және музыкамен әрлеуші А.Орал­бекова. Осы жандар ұйымдастырған мерекенің еңбек  ардагері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Райхан Сыз­дықова және ардагер ұстаз, ҚР Білім беру  ісінің үздігі Күлпаш Маликова­мен қатар отырып, біз де куәсі болдық.

Той соңында №136 мектеп-гимна­зияның, жалпы Алматы шаһарының, елдің жетістіктеріне әрдайым тілеулес болып жүретін Райхан Тәңірбер­генқызы ақ батасын берді.

Наурыз-тойда шашылған шашу-кәмпитті біз де балалармен таласа жерден теріп алып жаттық. Бұл да тойдың бір сәні ғой. Наурызкөжеден тойып іштік. Елімізде тоқшылық, молшылық болсын! Қазақтың тойы бітпесін!

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *