Талап үдесінен шықпаған дүкен, дәмханалар жабылады

Нұржамал ӘЛІШЕВА

Шағын және орта бизнес өкілдерінің санитарлық талаптарды қай деңгейде орындап жатқанын бақылау, тексеру мақсатында құрылған Бостандық аудандық мобильді тобы кезекті рейдіне шыққан болатын.

Өкінішке орай, түсіндіру жұмыстары күн құрғатпай жүргізіліп жатса да, карантин талаптарын ерен санағысы келмейтін кәсіпкерлер аз емес. Ал қауіпті індет жұқтырғандардың күн санап артуына бірден-бір себеп те осындай кісі аяғы көп жүретін нысандардағы олқылықтар дейді мамандар.

Тосыннан кіріп келген тексеруші топты күтпеген «Degirmen» дәмханасы қызметкерлерінің алғашқыда абдырап қалғаны рас. Ал санитарлық талаптар сақталған деп айту қиын. Даяшылар бетперде тағып, арнайы қолғап киіп жүрсе де, мұнда бірқатар кемшілік анықталды. Дене қызуын өлшейтін тепловизор бар, бірақ қолда емес, үстел үстінде жатыр, онымен дәмханаға келіп жатқан адамдардың қызуын өлшеп кіргізіп жатқан ешкім жоқ.

Рейдтік топтың нысанасына іліккен келесі нысан – күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар сататын «1000 мелочей» дүкені. Аумағы шағын, соның өзінде санитарлық талап-ережелер сақталмаған. Мәселен, тұтынушыларға арналған антисептік атымен жоқ, тепловизор да көзімізге түспеді. Қызметкерлердің күнделікті дене қызуын өлшегендігі туралы мәліметтер тіркеліп отыруы тиіс журнал мүлдем ашылмаған. Дүкен әкімшісі: «Олардың керегі қанша, бастысы бетпердеміз бар ғой», – деп жайбарақат тұра берді. Сондықтан тексеру тобының өкілдері бұл дүкенге қатысты да хаттама толтырды.

Келесі дүкеннің аумағы бұдан үлкен. Азық-түлік дүкенінің күзетшілері тексеру тобын көре салысымен тұтынушыларға дауыстап ара қашықтық сақтау туралы ескертіп, тәртіпке шақыра бастады. Мұнда да келушілердің өзара қашықтығы белгіленген алгоритмге сай емес. Санитар мамандар осы туралы ескерткенде, дүкен қызметкері бар кінәні тұрғындардың өздеріне жаба салды.

– Көптеген нысанда санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталынуын бақылайтын жауапты маман тағайындалмайды. Карантин кезінде мұндай жауапты қызметкер арнайы бөлінуі керек және сол кісі өзге қызметкерлердің санитарлық талаптарды қаншалықты орындап жатқанын қатаң қадағалауы тиіс. Сонда ешқандай мәселе туындамас еді, – дейді  Бостандық аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім басшысы Салтанат Ахметова.

Мамандардың айтуынша, ірі сауда орындарында карантиндік талаптар қатаң сақталады да, ал осындай шағын дүкендерде көбіне немқұрайлы қарайтын көрінеді.

Бүгінге дейін Бостандық ауданында 350-ден астам шағын және орта бизнес нысанына тексеру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде оның жартысына жуығында санитарлық талаптардың орындалмай отырғандығы анықталып, есіктеріне құлып салынған.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Оқи отырыңыз!

Close