ТАЛАНТЫМЕН ТАМСАНДЫРҒАН ТОРҒЫН

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемле­кеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық артисі, «Пара­сат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Торғын Тасыбекованың мерей­тойына арналған «Сахнада — 60 жыл» атты салта­натты шара өтті. Мерейтой иесінің өнегелі өміріне арналған дерек­ті фильм көрсе­тілуден бастау алған ізгі шара «Абай – Әйгерім» спектаклінен қойылған үзінді­мен жалғасын тапты. Абай бейнесін Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай сомдаса, Әйгерімнің келбетін мерейтой иесі Торғын Тасыбе­кова кескіндеді. Салтанатты шарада театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Асхат Маемиров мерейтой иесін құттықтап, оған Қазақстан Респуб­ли­касының Мәдениет және спорт ми­нистрі Арыстанбек Мұхамедиұлының жылы лебіздерге толы құттықтау хатын табыстады.

«Құрметті Торғын Жылқышы­қызы! Сіз Ұлттық мәдениетіміз бен рухания­тымыздың дамуына сүбелі үлес қосып, саф өнердің ауыр жүгін абыроймен арқа­лап,  театр саласына бүкіл қажырлы еңбе­гіңізді арнап келесіз. Мұхтар Әуезов атын­дағы Қа­зақ мемлекеттік академия­лық драма театрында «Абай» (М.Әуезов) траге­диясында Мағыш, «Сенек қорыған ит» (Лопе де Вега) спектаклінде Марселла және тағы басқа рөлдерімен сәтті тұсау­кесер жасап, жүзден аса сан тағдырлы әйелдер бейнесін сомда­дыңыз. Сондай-ақ, театрда ұлттық, әлемдік классика мен заманауи дра­матургияның әр түрлі қойы­лым­дарында жоғары деңгейде өнер көрсет­кен талант иесі екендігіңіз баршаға аян. Сіз әнші Майраның прототипі Сәбира рөлін орындаған «Ән қана­тында» фильмі қазақ кино өнерінің алтын қорына енді. Актриса ретінде нәзік лиризм, шынайы сахналық ойын, әуезді дауыс, әншілік әсем үн өзіңіз кескіндеген бей­нелерді бір­ден ерекшелендіреді. Актерлік шеберлі­гі­ңізді шыңдап, қара шаңырақ­тағы арты­ңыз­дан ілесіп келе жатқан жас­тарға шы­найы өнер мен жауапкер­шіліктің жүгін көрсетіп, жол нұсқап жүргеніңіз – мәде­ниет пен өнерге деген жанашыр­лы­ғыңыз­ды, ал радио мен телевидение, кино өне­ріне де атса­лысқаныңыз – ізденімпаз­дығы­ңызды аңғартса керек. Бүгінгі кемел­ді жасы­ңызбен құттықтай отырып, отба­сы­ңызға амандық, деніңізге саулық, шы­ғар­машылығыңызға толағай табыс тілей­мін!» делінген министрдің құттықтау хатында.

Сондай-ақ, әсем әнмен әрленген кеште Алматы қаласы әкімінің орын­ба­сары Арман Қырықбаев мерейтой иесіне шаһар басшысы Бауыржан Байбектің құттықтау хатын тапсырды.

Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын Шөмішбай Сариев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, драматург Иран-Ғайып арнау өлеңдерін оқып, кешті жауһар жырмен көркемдеді.

Талантты актрисаның шығарма­шы­­лы­ғындағы шоқтығы биік рөлде­рінің бірі – ұлы режиссер Әзербайжан Мәмбетов сахналаған, Шыңғыс Айт­матовтың «Ана–Жер–Ана» қойылы­мындағы Әлиман бейнесі еді. Шығар­машылық кеште көрер­мен қауым атал­ған қойылымнан үзінді тамаша­лады. Әлиман рөлінде Қазақстан­ның халық артисі Торғын Тасыбекова мен Толға­найдың рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Асқа­рова көрермендердің жан-дүниесін тебірен­тіп, жүрегін ерекше елжіретті.

 

Ә.КЕРЕЕВ.

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *