…Таланттың соры мінезден болады екен

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

– Қарап отырсам, бізге қарағанда әлдеқайда талантты тұлғалар қазір ұмытылып бара жатыр. Құдды ондай адамдар өмір сүрмегендей дүние міз бақпайды, іздеушісі-сұраушысы жоқ сол асылдар есіме түскенде, жанымды қоярға жер таппай кетемін. Мысалы, Фарида Шәріпова мен Ыдырыс Ноғайбаевты алайық. Екеуінің ойнамаған рөлі, алмаған атағы жоқ, еңбекқорлығының арқасында бір талант армандайтын даңқтың бәрін иеленді, дақпырты алысқа тарады, үлгілі отбасы болды. Мәскеу де, Қазақстан да екеуін жақсы көрді. Енді міне, кешегі жарқылдаған өмірден жарты сүйем белгі жоқ, пұлсыз жаратып, құнсыз алатын ажал келіп қанжығасына бөктеріп әкеткелі екеуінің есімі көмескі тартты. Қатар келген екеуінің 80, 85 жылдық мерейтойларын театр шама-шарқынша атап өтті. «Әттең» дейсің. Қарапайым адамдарда талантты адамдардың тағдырын түсінуге, қабылдауға үйренетін мәдениет қалыптасуы керек. Жүзді, мыңды жарып шыққан табиғи таланттар шоғыры бізде соншама көп те емес қой, әрқайсысының әділ бағасын беріп, олар туралы жиі-жиі айтып, дәріптеп отырсақ, сонда ғана олар шоқтана түседі, ұрпақ та оларды ұмытпайды.

…Бетің бар, жүзің бар демей, тіліп тұрып айтатын тік мінезі болмағанда Нұр­мұхан ағам КСРО халық әртістігін де, КСРО мемлекеттік сыйлығын да қатарының алды болып алып кететіндердің біреуі еді. Осындайда еске түседі, Нұрмұхан ағаның шаштараздық өнері бар еді. Сәбит Мұқанов шашын тек қана Нұрмұханға алдыратын. Ол заманда атақты Орталық Комитет береді, ол үшін театрдан мінездеме сұралады. Ал театрдың Нұрмұханға келгенде мінездемені мінсіз етіп жазып бермесі белгілі. Кейде ойлаймын, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс, Мәскеудің өзіне тікелей сөзі өтетін Сәбең Нұрмұханның намысын жыртып, неге көмектеспеді екен?» деп. Сөйткен Нұрмұхан аға сол мінездің кесірінен театрдан үш рет шығып, үш рет қайта келді. Әзекең екеуі сонша тартысты, нәтижесі не болды: бойындағы таланты бұрқ-сарқ етіп қайнап тұрған шағында Нұрмұханның тауы шағылды, қазақ өнері зардап шекті. Айналып келгенде, таланттың соры мінезден болады екен.

 

(«Егемен Қазақстан, 6.07.2018.).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *