ТАЛАНТТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ

Шәкәрім Құдайбердіұлы хақында

Шәкәрім  ақынның  азаматтық болмы­сы туралы жазғанда, оның өскен ортасы мен қалыптасу жолында  өз туыстары мен олардың ел игілігіне атқарған еңбегінің орасан болғаны барлығымызға аян. Ақын өз саналы ғұмырын адамдық борыш пен азаматтық болмысты тең ұстап, саналы ғұмы­рын нағыз  мұсылманға тән иман жолында кешкені мәлім. Ал осындай дәре­жеге қалай жетті деген сауал мені ойлан­дырып, осы үшін біраз еңбектерді оқып танысуыма түрткі болды.

Иә, ақын қазақтың сайын даласы мен қарт Шыңғыстың баурайында өсті. Балалық шағы барынша мейірім мен  туыстарының жан-жақты жылылығына бөленді. Ұрпағы мен оның болашағы үшін балаларды оқыттырған сергек, сезімтал, қырағы Құнанбай атасы мен көкірегі ояу Абай ағасы ауыл балаларына ішкі Ресей мен Қазаннан мұғалімдер алдыртып оқытып қана қоймай, балаларды түрлі музыкалық аспаптар: мандолина, скрипка, гармоньда ойнап жаттығуына ықпал еткен екен. Ол – балалардың әлемге, сұлулық пен нәзік лирикаға, әлемдік өзгерістерге көңіл көзі ашық болсын деген ниеттен туса керек. Кезінде қазақ  даласын армансыз аралап зерттеген неміс ғалымы В.Радлов қазақ­тар­дың қарасөзге өте шебер, бейнелі сөйлей­тініне, әрбір қазақ бір ауыз өлеңді жылдам шығарып айта білгеніне таңқалған екен. Ал шығыстың жарық жұлдызы Ш.Уәлиханов «қазақтың баласы кең далада ат жалын құшып мініп, түнде көкжиекте құс жолын бақылап өскен, сондықтан да қазақтың әрбір баласының санасы сара, көңіл көкжиегі кең әрі асау болады» деп баға берген. Шәкәрім  ақынның болмысынан да осы сайын даланың салған  сара жолын аңғарамыз. Осы қасиеттің баршасы ақынға ата қанымен, тектілік жолымен берілген деп ойлаймын. Шәкәрім ақынның тектілі­гіне оның  арғы атасы Өскенбай, атасы Құнанбай қажының ел аузындағы бағасы, Абай ақынның дана сөздері, осы заманға жеткен ұлы Ахат Шәкәрімұлыныңың естелік қолжазба әңгімелері дәлел.

Бірде Біржан сал Абайға келіп, ән айтып, әңгімелесіп, қонақ болып қайтады. Қонағына сыйлыққа тайтұяқ, ат-шапан беріп, шығарып салып тұрған Абай Біржан­ға разы болып, бір жасап қалғанын айтады. Сонда Біржан мәселенің сол әнді ұғатын тыңдаушысының болуын да, тыңдау­шысы болмаса сөз де, ән де кімге керек, біреу түсінбейтін болса, оған айту­дың қажеті болмайтындығын сөз етеді. Бұл ой біраз нәрсенің жәй-жапсарын терең зерделеп барып, осы мақаланы жазуыма септігін тигізді. Кезінде ғалым-академик Зейнолла Қабдолов жоғары бағалап, қазақ философиясын ұлттық рельске салған, «Қазақ Елі – мәңгілік» идеясын ұсынған дарабоз ғалым аға Ғарифолла Есім осы  дана­лар тарихын зерттей келіп, Абайды хакім, Шәкәрімді данышпан деп атаған. Аузы дуалы болды. Халық қабылдады. Осы ойдың дәлелі – ақындар арасындағы  рухани байланыс пен жүрек үндестігі. Шәкәрім Абай ақылының мәнін терең білді, Абаймен сұхбаттас болды. Сұхбат аса өрісті, арналы тақырыптарда көрініс тауып жатты. Хакім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» десе, данышпан Шәкә­рім: «Адамдық борыш ар үшін, Барша адамзат қамы үшін, Серт бергем еңбек етем деп, Алдағы атар таң үшін», – деді. Бұл – хакімдік, данышпандық ойлау жүйесінің мәдениеті, соның көрінісі. Бүкіл барлықты Жаратушы және Басқарушы – Алла Тағала туралы айтылған ойда анықтық, терең сұхбаттастық бар. Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» десе, Шәкәрім «Бір Алла бергеніңе сансыз шүкір» деген. Осы келтірілген екі мысалда айтылған ойда: «Өлшеусіз құдірет иесіне құрмет пен адамзат тағдырына деген жауапкершілік» бар. Жаратушыға ғана тән сананы Абай: өлшеусіз ұлы ақыл деп атап, қара сөздерінде адамзат үшін кемел байлыққа айналған ой айтса, Шәкәрім жыры мен сөзі сол оймен үндес шығып отырды. «Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады» деген ой айтты. Не нәрсені ақылға сынат деу – Шәкәрімнің өмірлік ұстанымы. Ақыл мен әлемді Жаратушымен табиғи тепе-теңдікте ұстанғанда ғана адам баласы толық адам болатынын тереңдей аша түседі. Бұл Шәкәрім поэзиясының өрісін байқатады. Өзі соншалықты терең түсінген ақыл категориясын Шәкәрім хакім Абайға телиді. «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді…» деп Абай ойымен сұхбатқа түседі. Шәкәрім «Үш анықта» Ақиқат деген не деген сұрақ қояды. Оған өзі «адам ақиқатты ақыл-ес көзімен көріп, қабылдауы керек. Ақиқат – әрбір адамның жанында болады не ол өзін­дік өмір сүреді», – деп қорытынды жасай­ды. Жанның ең негізгі қажет ететіні – ұждан. Адамның нысап, әділет, мейірім – үшеуін қосып,  ғылымға көңіл қойғанда, дербестікке қол жететінін айтады. Абай туралы: сол кісіден тағылым алып, әр түрлі кітаптарын оқып, насихатын тыңдап, аз ғана ғылымның сәулесін сездім. Ибраһим мырзаның тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Алай болмағанда діншіл хаким, философ кісі еді, – дейді. Шәкәрім ақын өзінің  шығармаларында да Абайға ерекше орын берген. «Жастарға» деген өлеңінде Абай аты бес рет аталады. Осы өлеңінде Шәкәрімнің «Бір білімді данышпан жол табалық» немесе «Жалына­лық, Абайға, жүр, баралық!» деуі көп нәр­сені аңғартып тұр. Шәкәрім хакім Абайдың «сыңарсыздығын» ерекше сезінген данышпан: «Кім жалғыз бұл жалғанда – есті жалғыз, Мұңдасар болмаған соң бір сыңары. Жалтақтап жалғыз Абай өткен жоқ па, Қазақтан табылды ма соның пары?».

Абайдың сыңары жоқ. Адам мен Жаратушы арасындағы байланыс сынды күрделі ойды Абай мен Шәкәрім жақсы түсіндіріп қана қоймай, терең зерделеуге жетелейді. Бұл Абай мен Шәкәрімнің ара­сындағы байланыс, сабақтастық, үндестік адамзат қоғамына үлгі етіп көрсететіндей ұлт мәдениетіндегі ерекше құбылыс. Бүгінгі Елбасы көтеріп отырған Рухани жаңғы­руымыз осы даналарымыз айтқан оймен өзектес келіп отыр деп ойлаймын.

Біз М.Әуезовтің «Абай жолы» рома­нынан Құнабайды зорлықшыл, жуан жұдырық деп танып келдік. Мұны сол  бір кезеңдегі соқыр саясаттың жазушыға жасал­ған  қиянаты деп бағалағанымыз дұрыс болар. Шәкәрімнің атасы Құнан­бай­ды ел арасында халық  мырза деп жоға­ры бағалаған екен. Ел арасында бүгінге жеткен  өткір сөздерді, мақал-нақылдарды үлкен ақыл иесі, көңіл көкжиегі кең, көреген тұлға болғандығын танытады. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деп адамгершілік болмыстың бағалануын тереңнен ойлап, оны заңғар биік парасат өресіне көтере білген адам ғана осындай ой-тұжырым жасаса керек. Заңғар биіктен  ағатын арынды өзеннің өзі бұлақтан бастау алмай ма! Және тарих түбіне шын жақсы болған адамды тастамайтын болса, сол тарих тастамайтын жақсы Құнанбайды Ахат аға жазып қалдырды. Ахат ақсақал: «Құнан­байды жамандаған елді көргенім жоқ. Бірақ Абайды, Шәкәрімді тәрбиелеуші Құнанбай жаман Құнанбай да болмас. Қазақтың келешек қамын ойлап, келешек­ті болжап, сол қараңғы кезде, орыс мәде­ниетіне бой ұрып, балаларын орысша оқуға берген, дін оқуы болса да, қазақ бала­сының жайын ойлап, жағдай туғызған, үй салып, мешіт салдырып, балаларды оқыт­тырған сергек, сезімтал Құнанбайды басқа надан, тоғышар, зорлықшыл, парақор, өз басын ғана ойлайтын өзімшіл, топас би, жуандармен бірге деу дұрыс болмас. Оған асыл жаралған Құнанбай халқының санасында өртене де қоймас! Романдағы Құнанбайдың  зорлықшыл, жуандықтарын алып тастап, үлкен абыройлы, нақты адамшылықты жоғары қойған беріктік, ұшқыр ойлылық  қасиеттерін қалдырсаңыз, Құнанбайдың өзі шыға келеді!», – дейді. Осы тұста жазушы  оқырманына жақсы Құнанбайды өзің іздеп тауып ал деп отыр­ған жоқ па еген ойға берілесің. Өз дәуірінің  рахымы мен қоғамының алғысына бөлен­ген Құнанбай мырзаның ел ішіндегі адамгершілік, қайырымдылық әрекеттері бүгінгі қоғам иелері біздерге, жас жеткін­шектерге, басшыларға үлкен тәрбие берерлік дүние.

Таланттың қайнар көзі тектілікте, дейді халқымыз. Адам баласының ұрпағына бүкіл жақсы-жаманды қасиет атаулының қай-қайсы да арғы ата-тегінің қанымен келетіні хақ. Қазақ соған қарап тектілікті айқындайды. Шәкәрім ақынның тектілігіне оның  атасы Құнанбай қажыдан, әкесі Құдай­берді тәрбиесі және Абайдың тәлімінен бастау алғаны  даусыз деп ойлаймын. Биыл Шәкәрім Құдайберді­ұлының туғанына 160 жыл толады. Осы тұста ақынға деген бір ауыз пікір айту – әрбір тіл маманының борышы. Ақын өз заманының озық тұлғасы ғана емес, бүгінгі қоғамды тәрбиеге шақыратын заңғар ақын. Адамдық пен тіршілік мәнін жете зерделеп, қайтсе адаспай жол табуды үйретуші үлкен ақыл ой иесі. Замандасы туралы жазушы Сабыржан Ғаббасов ағамыз  кезінде «Айқап» журналында: «Өлгеніне бірнеше жыл болған Құнанбай мырза мен Абай марқұмды жұрттың жадына қадірлі ақсақал Шаһкәрім Құдайберді баласы да түсіреді. Бұл адамның жазған кітаптарын алып қарай бастағанда, бұл кітап жазушы ақсақалдың үлкен әкесі марқұм қажы Құнанбай болғанда, ағасы Абай қандай болған деп ойға алынады. Бұл күнде мил­летіне қаламымен қызмет қылып жатқан құрметті, аса қадірлі Шаһкәрім күміс ер-тоқым, күміс белдік, жуан бос құрсаққа мас болып, қажы деген сөзге төбесі көкке жеткендей болып жүрген қажыларымызға үлкен-ақ үлгі боларлық… Шаһкәрім сияқты ақсақалдарымыздың ғұмырына берекет беріп, оқыған жастарымызға Шаһкәрімдей болуға нәсіп етсін», – жазған еді. Бұл данышпан Шәкәрімге көзі тірісінде берілген баға. Өз ортасынында үлкен парасат пен тәртіпті, халық игілігі үшін – мелиорация, агрономия, инженерия, қолөнер, құрылыс, дизайн  сынды сол замандағы қазақ түсінбейтін өнер түрлері арқылы еңбек еткен ақын жасампаздығына еріксіз тәнті боласың. «Әр заманның өз сұрқылтайы бар» демекші, сол бір аласа­пыран кезеңнің  орашолақ, залым  сұрқыл­тайларының қолынан ажал құшса да, халық ұмытпақ емес. Адам санадан ұмыт­тырам десе де, заман санасынан ұмытыл­майтын, ел есінде жақсы қасиетімен қалған данышпан Шәкәрім Құдайбердіұлы ата­мыздың есімі ұмытылмас деп ойлаймын.

 

Айжан ЕЛШІБЕКОВА,

Ш.Құдайбердіұлы атындағы

№190 мектептің қазақ тілі мен

 әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *