Талайды талантымен тамсандырған еді

2763М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлзипа Сыздықованың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты жиынға ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, «Парасат», «Отан» орден­дерінің иегері Сәбит Оразбаев, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сый­лықтың иегері Асанәлі Әшімов, Қазақ­станның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері Нүкетай Мышбаева, Қазақ­станның халық әртісі Роза Әшірбекова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Жанғалиева және ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Торғын Тасыбекова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева қатысты. Қоғам қайраткерлері сахна төрінде талантты актриса жайлы жылы лебіздерін білдіріп, естелік­терімен ой бөлісті. Кеш барысында көрермен назарына «Шоқ пен Шер» көркем фильмінен бейне­материал ұсынылды.

Талантымен талайларды тамсандырған Гүлзипа Сыздықова 1914 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында аса дәулетті отбасында дүниеге келген. Дегармонмен ән салатын, өнерге бейімі бар талантты қыз 1933 жылдың 13 ақпанында М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының жанындағы екі жылдық студияға түседі. Студияны жақсы аяқтаған соң, театрдың актерлік тобына қабылданған Гүлзипа Сыздықова халық арасынан шыққан хас таланттар Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыровтармен бірге сахнаға шыға жүріп, тәжірибе жинақтайды. Жас актриса алғашында М.Әуезовтің «Түнгі сарын», Гогольдің «Ревизор», Н.Погодиннің «Ақсүйектер», тағы да басқа спектакльдердегі эпизодтық рөлдерімен көзге түседі. 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігіне қатысқан өнерлі жас асқақтаған қазақ өнерінің кеңістігін танып, шабыттанып қайтады. Г.Сыздықова театр сахнасында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Күнікей, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесіндегі» Меңсұлу, «Кім менің әкем?» мелодрамасындағы Думанның анасы, Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаевтың «Шаншарларындағы» әнші Сайра, А.Қаһардың «Жібек Сюзанесінде» Фатима, Ә.Тәжібаев пьесалары бойынша қойылған «Жалғыз ағаш орман емес» және «Той боларда» спектакльдеріндегі Ұмсынай мен Халима, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-анасында» Жер-ана, «Аңсаған менің әнімсіңінде» Жаңыл, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Биғаным, Қ.Мұқаштың «Парторгында» колхозшы Ұлжан, М.Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыландысындағы» Аналық, С.Ахмадтың «Келіндер көтерілісінде» Формон бибі образдарын сомдаған. Гүлзипа Сыздықова бірнеше көркем фильмге түскен. Оның режиссер К.Қасымбектің Монте-Карлодағы ХКФ-да «Күміс нимфа» жүлдесін алған «Шоқ пен Шер» көркем фильмінде, Л.Сонның «Қосымша сұрақтар», Р.Есқараевтың «Өзеннен өту», Е.Шынарбаевтың «Қаралы сұлу», тағы да басқа көркем фильмдердегі үлкенді-кішілі рөлдері табиғилығымен, ұлттық бояуымен ерекшеленеді. Г.Сыздықоваға ұлттық театр мен кино өнеріне сіңірген еңбегі үшін 1966 жылы «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген әртісі» құрметті атағы берілді.

– Ол кісі жайсаң жан еді. Бойынан қазақтың кеңпейілділігі, дархандығы есіп тұратын. Сахнада өзін еркін ұстайтын. Академияда оқымаса да, халық акдемиясын, халықтың ортасынан шыққан халық университетін бітірген кісілер еді. Барлығымызға Гүлзипа апамның талантын берсін, ең бастысы, адамгершілігін берсін, – деді әйгілі актер, Қазақ­станның Халық әртісі Асанәлі Әшімов.

Балнұр АХМЕТ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *